Атырау, 18 сәуір 10:06
 ашықВ Атырау +28
$ 448.89
€ 477.93
₽ 4.76

ҚР Бас санитарлық дәрігері: «Егер Атырауда күкіртсутек бойынша аспап жоқ десе, саусағымды кесіп берейін»

4 370 просмотра

Биыл аса қауіпті вирустың үш түрі болжануда: H1N1 және H3N2 (Гонконг) типті екі вирус пен В - Брисбен (аустралиялық) типті вирусы. Бұл туралы қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлардағы коммуникациялар туралы журналистерге арналған семинарда ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек БЕКШИН айтты. Семинарды америкалық ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (CDC) ұйымдастырды.

Еліміздің бас санитарлық дәрігерімен әңгімемізде анықталғандай, Қазақстандағы тұмауға қарсы жаппай вакцинация науқаны облыстық бюджеттер есебінен жүргізіледі екен, себебі, Үкімет қаулысымен бекітілген Міндетті екпелердің ұлттық күнтізбесіне енгізілмеген.

- Жергілікті бюджеттер тек төрт инфекциялық ауруға қарсы вакцина сатып алады – сібір жарасы, оба, А гепатиті мен тұмау, - деді Бекшин.

Оның айтуынша, биыл вакцинациялауға биыл 1,2 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа вакцинаның 1,5 млн дозасы сатып алынды. Сәйкесінше, тегін вакцинамен бар-жоғы 1,5 млн адам немесе еліміздің әрбір 12-ші тұрғыны қамтамасыз етіледі. Алайда Бекшиннің сөзінше, мәселе санда емес, әдісте.

- Біз бұл вакциналарды өте тиімді пайдаланамыз, бірінші кезекте тәуекел тобындағы адамдарды қамтамасыз етеміз (медициналық қызметкерлер, 5 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, т.б. – С.Т.) және бұл дұрыс әдіс деп санаймын. Өзге елдердегі екпелердің 40 %-ның тиімділігі біздегі 10%-дан да төмен. Кім бірінші болып ауру жұқтырады? Әрине, тәуекел тобы. Ал егер ол топ егілген болса, қорғана алады, сәйкесінше, ауру меңдемейді, өлімге соқтырмайды.

Дегенмен, екпе алмайтын топ та бар – оқушылар мен мұғалімдер, оларды да жабық бөлмеде ұзақ отыратындықтан және тығыз орналасқандықтан тәуекел тобына жатқызуға болады. Егер басқа елдерді мысалға алсақ, семинарға қатысушының бірінің айтуынша, Англияда барлық мектеп оқушылары ел бюджеті есебінен егіледі. Жапонияда 70-80 жылдары барлық оқушыларға екпе салған, ол тұмау мен басқа да жұқпалы инфекциялармен аурудың көрсеткішін едәуір төмендетті. АҚШ-та халықтың 50 пайызы вакцинацияланады.

Бекшиннің сөзінше, жыл сайын тұмау ең қауіпті және болжанған үш штамм бойынша вакцинацияланады.

-Сондықтан вакциянаға тек үш штамм салынады (2 А және 1 В тип), ал келесі жылдан бастап ресейліктер төртвалентті вакцина шығармақ, ол А - H3N2 екі типі мен маусымдық А - H3N2-ден және В-ның екі типінен қорғайтын болады. Бұл 100 пайыз қорғаныш деген сөз.

...Әдетте адамдар екпе алдым, бірақ тұмаумен ауырдым деп ойлайды. Ол тұмаумен, дәлірек айтқанда қарсы егілген штамм түрлеріммен ауырмайды, ол белгілері ұқсас басқа вирусты инфекциялармен ауырады. Тек дәрігер ғана тұмау немесе жедел респираторлы ауру екенін айырып айта алады. Ал көзбен ғана айырып айтатын терапевтерді Қазақстанда да, Құрама Штаттарды да саусақпен санап аласың. Қазір тек лабораториялық зерттеулерге сенеді. Мен ауыз қуысына қарап-ақ тұмау мен жедел респираторлық вирусты инфекцияны айырып айтатын дәрігерлерді көргенмін.

- Атырауда қала шеңберінде де, Теңіз сияқты кен орындарында да күкіртсутектің шығарындысы жиі орын алады. Алайда улануды анықтайтын қарапайым химиялық-токсикологиялық зертхана жоқ, ал қаланың ішінде мұнай өңдеу зауыты мен жақын маңда екі ірі кен орны бар. Осы жазда ауадағы күкіртсутектің мөлшерін анықтайтын құралдың жоқ екені де анықталды...

- Өтірік. Күкіртсутек анықталуы соншалықты қиын зат емес. Біздің зертханаларымыз ГАНК деп аталатын құралмен жабдықталған, бұл 2-3 минутта атмосфералық ауада күкіртсутекті анықтайтын экспресс-құрал. Сондықтын сіздегі ақпарат шындыққа жанаспайды.

- Мен дәрігер-токсикологпен сөйлескенмін...

- Сіз Комитет төрағасымен сөйлесіп отырсыз, мен сізге бұл біз үшін мәселе еместігін және барлық облыстық зертханаларымыз құралдармен, ал кейбіреулері екі-үш құралмен жабдықталғанын ресми түрде хабарлаймын.

- Ол құралдар Атыраудың қай жерінде?

- Атырау қаласындағы облыстық санэпидсараптама орталығында бар. Егер ол жерде сол құрал болмаса, саусағымды кесіп берейін.

- Жарайды, анықтайын.

- (Күледі). Мен сізге ресми түрде атмосфералық ауадағы күкіртсутектің мқлшерін анықтау еш қиын емес екенін айтып отырмын.

- Ал қандағы күкіртсутекті?

- Санитарлық дәрігерлер мен экологтар қоршаған орта нысандары: ауамен, жермен, сумен жұмыс жасайды. Клиникалық зертханалар денсаулық сақтау басқармасының иелігінде, қоғамдық денсаулықты қорғау ұйымдарына қатысы жоқ.

- Жазда бізде қатты шығарындылар орын алған еді, АМӨЗ жөндеу жұмыстары барысында мұнай құятын ыдыстарын желдетіп алды, бұл үшін оған айыппұл да салынбады, себебі, экология департаментінің шығарындылар орын алғанын дәлелдейтін құралы болмаған.

- Жалған. Қазгидрометтің зертханасы бар, олар тәулік бойы бақылау жүргізеді. Күкіртсутек тез анықталатын зат, ол тек Атырауда емес, кез келген кәріз құдығында бар...

Бір нәрсені анықтау қалды. Егер ҚР Бас санитарлық дәрігерінің айтқанындай Атырау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама Орталығында экспресс-құралдар болса, жазда олар қайда кеткен?

Сәуле ТАСБОЛАТОВА, «АЖ» меншікті тілшісі, Астана қ. 

Суретті түсірген автор

4 қараша 2017, 16:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.