Атырау, 29 наурыз 18:47
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Мал өліміне қатысты екі түрлі болжам

7 547 просмотра


Атырау облысы Исатай ауданында мамырдан бері жылқы, ал шілдеден бері сиырдың қырылу жағдайлары орын алды. Жылқыға сақау (мыт) диагнозы қойылды. Ал өлген сиырлардан алынған биоматериал үш ай бұрын Ұлттық ветеринариялық орталыққа жіберілгенімен қорытындысы әлі шықпады. Сол себепті тұрғындар әртүрлі пікір айтуда.  

ЕСЕПТЕ ТҰРҒАНЫМЕН БАЗАДА ЖОҚ

Тұщықұдық, Жанбай, Забурын ауылдық округтеріне қарасты Айбас, Мыңтөбе, Үштаған құмында мал өлімі көптеп орын алған. 262  жылқы, 224 сиыр өлген.

- Өтемақы қайда? Ауру малды кім емдейді? – деп сұрайды жергілікті шаруалар.  

«Айбас» қыстағын мекендеген ағайынды ҚАЛЕШЕВТЕР өмір бойы мал ұстағанымен мұндай қиын жағдайға бірінші рет қалып отыр. Бекежан ҚАЛЕШЕВТЫҢ 70-ке жуық жылқысы, 50 шақты құлыны, 20 сиыры өлген. Ал оның ағасы Бабажанның (суретте) он жылқысы, 23 сиыры, барлық құлыны өлді.   


Бабажан Қалешев

- Сиыр алғаш қырыла бастағанда мамандар келіп, сараптама жүргіземіз деп малдың кейбір мүшелерін алып кетті. Содан бері тым-тырыс. Енді қайтпекпіз? - дейді Бабажан. Мен 30 жылдан бері мал бағамын. Енді Тұщықұдыққа қайта оралуды ойлап отырмын.

Ал Сәбит ҚУАНЫШҚАЛИЕВ (суретте) әйелі екеуі екі бөлек, жалпы сомасы 6 млн теңге несие алып, 300 мың теңгеден 20 жылқы сатып алған.  


Сәбит Қуанышқалиев

- Несиемді уақытында төлеймін деп ойлағаныммен мал өлімі бүкіл жоспарымның күлталқанын шығарды. Мен кезінде жергілікті мамандарды қатыстырып, өлген малға акт жасатып алдым. Енді несиемді уақытылы өтемегесін бізді сотқа беріп жатыр. Ал сотта акт ескерілмеуі мүмкін, себебі жылқы әкімдікте санақта болғанымен базға кірмей қалған. Бұған тағы біз кінәлі болып қалып жатырмыз: жылқыны таңбалау керектігі туралы хабарлама газетке шықты дейді. Ал қырда отырған біз ол туралы қайдан естиік? – деп мұңын шағады Сәбит.

ТҮРЛІ БОЛЖАМДАР АЙТЫЛУДА

Жылқылардың танауынан қан кетіп, көзі шығып, ішкі ағзалары жарамсызданса, ал сиырлар дірілдеп, қалшылдап, жер сүзе құлап өлген. 40 жылдық мал дәрігерлік тәжірбиесі бар жанбайлық Теміртас ИГІЛІКОВ өз ойын былай білдірді:

- 1979-1980-1981 жылдары «Үштаған» құмында №4 ферма жылқыларының арасында дәл осындай ауру белгісі орын алды. Сол кезде шөптен және судан уланды деген диагноз қойылды. Сол жылдары зымыран сынақтары өткізіліп, түрлі бөлшектер құлады. Соның зардабы болар деп пайымдадық. Ал көрші Ресей полигондарынан ұшырылып, Қазақстан аумағына ракеталар құлап жатқанд жылқылар сақау ауруынан өлді деп ойламаймын. Біріншіден, бұл ауру үлкен жастағы малдарда кездеседі, екіншіден, мұндай жаппай қырылу болмайды. Бұл жылы да көп жыл бұрын пайда болған белгілер қайталанып отыр. Ол кезде қалған малды басқа жаққа көшіп сақтап қалған болатынбыз.

«АЖ» сауалына облыстық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Мақсот МҰҚАНОВ жауап берді:

- Біз ірі қараның сынамасын күтіп отырмыз. Ал жылқыда сақау ауруы анықталып отыр. Оған қосымша улану белгілері бойынша зерттеу жалғасуда. Ауырған малдарға симптоматикалық емдеу шаралары жүргізілді: кальций борглюканаты, физерітінді, 1 % мыс купарюсі. «Ветеринария саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бекіту туралы» ҚР Ауыл шаруашылығы Министрінің 2014 жылғы 30 қазандағы бұйрығына сәйкес, жылқы малының сақау ауруы профилактикасы, диагностикасы және жойылуы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жануарлардың аса қауіпті ауруларының тізбесіне енгізілмеген. Сол себептен сақаудан өлгендерге өтемақы төленбейді, бірақ акт жасақталады.

- Көптеген шаруалар мал өлімінің басты себебі шөп пен судың радициялық улануынан болды деп ойлайды?

- Радиациялық, экологиялық зардаптардан улану болса, дерт білінген жерде түйе, қой, басқа да жануарлар неге ауырмайды? Жылқылардың жағдайы белгілі, ал ірі қараның сараптама қорытындысын әлі күтіп отырмыз.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

30 қазан 2017, 12:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.