Атырау, 20 сәуір 05:06
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Спорт жаңалықтары

Сурет
3 592 просмотра

ТАЕКВОНДО

Лондонда паратаеквондодан өткен әлем чемпионатында атыраулық паралимпиадашы, Еуропа чемпионы Нұрлан Домбаев 75 келіге дейінгі салмақта алтын медальға қол жеткізді.

***

ВОЛЕЙБОЛ

«Атырау» командасы өз алаңында волейболдан Қазақтан Кубогын жеңіп алды.

«ТНК «Казхром» командасымен өткен финалдық матч керемет өтті. Қонақтар бірінші партияда 25:18 есебімен алға шықты, алаң иелері екінші партияды қарымта қайтарды – 25:21, 2 ұпаймен үшінші партияда «Казхром» ерекшеленсе – 27:25, «Атырау» кейін партия бойынша есепті теңестірді – 25:20. Осыдан соң алаң иелері шешуші бесінші партияда жеңіске жетті. Бүгінде Сергей Трикоз жаттықтыратын «Атырау» Қазақстан Кубогын төртінші мәрте жеңіп алып отыр (2000, 2009, 2010, 2017). Енді Қазақстанның Суперкубогы үшін ел чемпионы өскемендік «Алтай» командасымен сынға түседі.

***

КАРАТЕ

Алматыда кекушинкай кан карате-додан ел чемпионаты өтті. Таңат Нұрымов бастаған облыс құрамасы сәтті өнер көрсетті: алтын - Карина Досымова, Аружан Әбдрахманова, күміс - Андрей Котов, Димаш Әбдіғали, қола -Ахмеджан Мақсотов және Глеб Повстянко. Аслан Шәймерденов тамешевари (қолмен сындырылған ағаш тақтайлардың саны) бойынша екінші болды. Ең қысқа жекпе-жек үшін Кирсан Құлмағамбетов арнайы сыйлыққа ие болды. 


МИНИ-ФУТБОЛ

Ардагерлер арасындағы мини-футбол лигасы чемпионатының қорытындысымен «Болат-Ветеран» командасы жеңімпаз болып танылса, екінші және үшінші орындарға «Залина» мен «КеденТрансСервис» жайғасты.

***

ЖЕКПЕ-ЖЕК

Бакуде ардагерлер арасында грэпплингтен өткен әлем чемпионатында атыраулық спортшы Тыныс Бисалиев 100 келіге дейінгі салмақта алтын медаль ұтып алды.

***

ШАХМАТ

«Ренессанс» қонақүйінде Атырау қаласы әкімінің сыйлығына арналған шахматтан ашық біріншілік өтті. 

Жарысқа Батыс Қазақстанның барлық облыстарынан 104 шахматшы қатысты. Жарыстар «Рапид» санаты бойынша жеті турдан тұрды - әр қатысушының партиясына 25 минуттан беріледі. Абсолютті санатта халықаралық шебер, БЖСМ-1 жаттықтырушысы Жәнібек Амановқа тең келер ешкім болмады, екінші орында – республикалық турнирлердің жүлдегері Данияр Жұбаев, үшінші орында – жастар арасындағы облыс чемпионы Нұрбек Хайрошев. Ардагерлер санатында Еркінқаладан қатысқан зейнеткер Ағаша Бөкенбай озып шықса, әйелдер арасында – Жұлдыз Елеусін, жастар арасында – Нұрәділ Жамбыл, балалар арасындаАят Абдуллаев пен Зухра Сәрсенбаева, студенттер арасында – Айбек Мақсот жүлдегер атанды. Турнирдің жүлде қоры 370 мың теңгені құрады. Облыстық шахмат федерациясының вице-президенті Сабырдан Гайсиннің айтуынша, осындай жарыстарды өткізу өңірдегі зияткерлік ойындардың дамуына септігін тигізеді. Ойыншылар тағы бір турнирдің бастамасына ризалықтарын білдіріп, оның дәстүрлі өтіп тұруын қалайтындарын жеткізді.

***

БОКС

Бейбарыс селосында 2004-05, 06-07 жылы туған жастар арасында Махамбет ауданының бокстан алғашқы жаттықтырушысы Алфарит Жұмалиевті еске алуға арналған бокстан аудандық турнир өтті. 

Өз жас ерекшеліктері мен салмақ дәрежелерінде жеңімпаз болғандар: Сұлтан Жолдас, Ақниет Шакия, Қорған Энгельс, Айбат Талғат, Серік Беріков, Мейрамбек Төлемісов, Абылайхан Құттыгерей, Санжар Сатжанов, Альберт Гуртовой, Аймұрат Жолдасов, Бекет Жолдыбаев, Жанарыс Мақсот, Андрей Алимов, Александр Гуртовой, Бекзат Асқаров, Ақтілеу Ибатуллин, Диас Жұмагелдин және Мейіржан Ибатуллин.

***

ДЗЮДО

Қызылордада Болатбек Сүлейменовты еске алуға арналған жастар арасындағы халықаралық турнир өтті. Турнирде мықты спортшылар өнер көрсеткендіктен оның рейтингі жоғары. Былтыр Атырау құрамасы турнирден бірде-бір жүлдесіз оралған-ды – биыл нәтиже жаман емес. Бақыт Әбдусамат (55 келіге дейін) пен Жанұзақ Ермағамбет (100 келіден жоғары) қола жүлдегер атанды. Олардың жаттықтырушылары А. Сағынғанов пен Р. Құлбаев. 

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ



26 қазан 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.