Атырау, 18 сәуір 13:11
 ашықВ Атырау +21
$ 448.89
€ 477.93
₽ 4.76

"Жұмыс жүріп жатқандай..., бірақ балық жоқ"

Сурет
3 714 просмотра


Халықаралық экспедиция ғалымдары Жайық өзеніндегі бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашатын жерлерін зерттеудің нәтижесінде жағымсыз қорытындыға келді: олардың аумағы 82 пайызға кеміген. Неге олай болды, соңы неге әкеледі деген сұрақтарға Балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты (КазНИИРХ) Атырау филиалының аға ғылыми қызметкері Елена БОКОВА жауап берді.  

- Бекіре тұқымдас балықтар уылдырық шашу үшін ерекше жағдайлар қажет. Уылдырық шашатын жерлердегі топырақ құрамында ірітүйіршікті құм, қиыршық тас, бақалшық болуы керек және бұл жердегі судың ағысы жылдам болғаны дұрыс. 1971 жылы арнайы су жобасының шеңберінде Жайық өзеніндегі бекіре тұқымдастардың уылдырық шашатын жерлері зерттеліп, төлқұжатталды. Дәл сол жылдары шоқыр, бекіре, шип, қортпаның табиғи өсіп-өнуінің мейлінше жоғары көрсеткіштері тіркелді. Сол кезде шабақтардың өнеркәсіптік қайтарымы орташа есеппен 7,5 мың тоннаға жетті. Биыл ғылыми мақсатта жас шоқырдың бар-жоғы 57 данасын ұстай алдық.

Бекіре тұқымдастар қорының біртіндеп азаюы 1990 жылдан басталды. Сол жылдары 1 930 тоннаға дейін балық ауланған болса, 2000 жылы бұл көрсеткіш 326 тоннаға дейін, 2008 жылы – 180 тоннаға дейін азайды. Ары қарай тіпті бірнеше данаға дейін кеміп кетті. Сонымен қатар уылдырық шашу үшін Жайық өзеніне кіретін бекіре тұқымдастар популяциясының саны да азайды. Қазіргі кезде уылдырық шашу жерлеріне бекіре тұқымдастардың ішінен тек шоқыр ғана өтетінін мойындауымызға тура келді.

- Бұл жағдайды немен байланыстырасыз?

- Былтыр біз Жайықтағы уылдырық шашатын жерлерге экспедицияға шықтық. Оған Алматы қаласындағы «Балық шаруашылығы институты» ЖШС-нің, Атырау және Батыс Қазақстан филиалдарының, Бүкілресейлік балық шаруашылығы және мұхиттану ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары (Мәскеу қ.) қатысты. 10 күн бойы біз Атыраудан Оралға дейінгі Жайық өзеніндегі уылдырық шашатын жерлерді зерттеп, жағымсыз қорытындығы келдік. Қалған әлеуетті уылдырық шашатын жерлердің ауданы 197 гектарды құрады, ал 2004 жылы біз жалпы ауданы 960 га болатын 68 орынның бар екенін есептеген едік. 1971 жылғы бірінші төлқұжаттау кезінде біздегі уылдырық шашуға жарамды жерлер 1 700 га жерді алып жатқан. Яғни, аумақтың 82 пайызы жойылған деген сөз. Зерттелген аумақта біз сапалы субстрат сақтап қалған бар-жоғы 6 уылдырық шашатын орын анықтадық. Олардың төртеуі Батыс Қазақстан облысының аумағында болса, екеуі Атырау болысының аумағында орналасқан.


- Бұл уылдырық шашатын жерлерге не болған? Олар неге жойылып кетті?

- Біріншіден, бұл жерлердегі топырақтың құрамы өзгерген. Бақалшық пен қиыршық тастың орнын саз араласқан тығыздалған сұр құм басқан, ол уылдырық шашуға жарамсыз. Жағадағы уылдырық шашатын орындардың бетін шөп пен бұталар, су қайтқанда қалған тырбиған ағаштар басып кеткен. Субстраттың өзгеруінің негізгі себебі соңғы кездері орын алған Жайық суының азаюына да байланысты. Уылдырық шашу орындары су келетін кезеңде сумен қажетті деңгейде толмайды. Сонымен қатар, жылдамдығы аз болғандықтан өзен Орал тауларынан бұл араға табиғи малта тастарды шайып әкеле алмайды. Бұрынғысы құм астында қалған. Нәтижесінде өзен жағасында үлкен аумақтағы жағажайлар көбейген, ал бұрын ол жерлерде бекіре тұқымдастар уылдырық шашатын еді.

- Егер өзендегі су деңгейі көтерілді десек, уылдырық шашатын орындар қалыпқа келе ме?

- Айта алмаймын. Топырақтың құрамы өзгерді, көп жерлерде уылдырық шашу үшін жарамсыз екенін көріп отырмыз. Бұл жерлер жылдамдығы жақсы сумен толса да, балық бұл жерге уылдырығын шаша алмайды. Бекіре тұқымдастар уылдырық шашты дегеннің өзінде жарамсыз топырақтың кесірінен уылдырықтар әрі қарай дами алмайды.

Бүгінде Жайық-Каспий бассейнінде бекіре тұқымдастардың табиғи түрде уылдырық шашуы тоқтағанын мойындау оңай емес. Қорларымыз жыл сайын 7 млн-нан астам шабақтарды өзенге жіберетін бекіре зауыттары мен аз ғана шоқырдың табиғи уылдырық шашуы есебінен толығып отыр.


- Орын алған жағдайға қалай әсер етуге болады?

- Табиғи өсіп-өнудің бұзылған жағдайын қайта қалпына келтірген жөн. Біріншіден, сақталып қалған 6 уылдырық шашатын орындарда мелиорация жүргізуді ұсынамыз. Ол жерлерді қалдықтар мен шөптерден тазартып, жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізу керек. Атырау облысы аумағындағы уылдырық шашатын екі орынға аса мән берген абзал. Бұрын біздің тарапымыздан өндірушілерді уылдырық шашатын орындарға жеткізу ұсынысы берілген еді, алайда бұл шығыны көп шаруа әрі тасымалдау олардың жағдайына қалай әсер ететіні де түсініксіз.

Сондықтан қазіргі бар жерлерде жайлы жағдай жасалуы керек. Мәселен, біз су тасқынынан суға толатын жағалардағы уылдырық шашатын орындарға көктемгі уылдырықтау кезінде уақытша тасты субстратты жасанды төсемі бар уылдырық шашатын алаңдар орнатуды ұсынамыз. Олар мұз еріген бойда орнатылып, су тасқынынан соң алынып тасталуы керек. Және бекіре тұқымдастарды миграция бойында және уылдырықтау жерлерінде қорғауды қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар, өндірушілерді уылдырықтау орындарына өткізу де маңызды. Бүгінгі таңда балық аулау кезінде кәсіпшілердің ауларына ілінген барлық бекіре тұқымдастар тұқымдық балықтар тобын қалыптастыру мақсатында бекіре зауыттарына жіберіледі. Егер, мәселен, уылдырық шашу орнына төрт аналық және сегіз аталық балық өтсе, біз тәуір нәтиежеге қол жеткізуіміз мүмкін. Шоқырдың дернәсілдері мен шабақтары уылдырық шашу орындарынан өзеннің төменгі аймағына түсіп, әрі қарай қоректеніп, салмақ жинайды. Туған жылы шоқырдың шабағы өзен сағасындағы кеңістікке түссе, әрі қарай жыныс мүшелері жетілгенше Каспий теңізінде жүреді.

- Қазақстанда 7 жылдан бері өнеркәсіптік мақсатта бекіре тұқымдастарды аулауға мораторий жарияланған. Биылдан бастап ғылыми мақсатта да аулауға тыйым салынды. Жыл сайын біздің зауыттар суға миллиондаған шабақтарды жібереді. Бұл жұмыстардан нәтиже бар ма? Шабақтардың таңдыры не болады, табиғи ортада олар тұқым бере ала ма?

- Бұл аса маңызды сұрақтар. Өкінішке орай, өте қажет болғанмен, бізде мұндай зерттеулер жүргізілген жоқ. Жүргізілген жұмыстардың қайтарымы бар-жоғын білу керек қой. Сұрақтардың көпшілігіне генетикалық зерттеулер жауап берер еді. Олар бірнеше жылдан бері Иран, Әзірбайжан мен Ресейде жүргізілуде. Институтымыздың бас кеңсесінде биыл гидробионттар генетикасы зертханасы ашылды, оның мамандары жақын болашақта Жайық-Каспий бассейніндегі бекіре тұқымдастардың генетикалық мониторингін қолдана отырып жасанды өсіп-өнудің тиімділігі туралы сұрақтарға жауап беретін болады.

Сонымен бірге, соңғы үш жылда ҚР БҒМ ғылым комитетінің қаржылық қолдауының арқасында Жайық-Атырау бекіре зауытында толықтырушы-аналық топты қалыптастыруға іріктелетін Жайық бекіре тұқымдастарын генотиптеу бойынша жұмыстар жүргізілді. Қол жеткен алғашқы нәтижелерге сәйкес өміршең шабақтарды алу үшін әлеуетті тұқым беруші жұптарды будандастыру технологиясын өзгерту қажет. Мұндай өзгерістер жасанды өсіп-өндіруге қатысатын бекіре тұқымдастардың генетикалық сараптамасын талап етеді. Болашақта Каспий маңы елдерінде бекіре тұқымдастардың санын қалыпқа келтіру үшін әрқайсысының қосқан үлесін бағалау үшін генетикалық мониторингтің бірыңғай әдістемесін қабылдау жоспарланған.


- Қазіргі жағдайда бекіре тұқымдастардың табиғи өсіп-өнуін бақылауға арналған ғылыми әдістер бар ма?

- Әрине, ондай әдістер бар. Қазір күзетпен қамтамасыз ете отырып шоқырдың өзен бойымен жоғарыға өтуін жоспарлап отырмыз. Уылдырық шашатын жерге дейінгі әрбір 10-20 шақырым сайын гидрофондар орнату жоспарланған. Ол - суда балықты ұстап, сипаттамасын беретін құрылғы. Осылайша, біз балықтың жылжуын бақылай отырып, уылдырық шашатын жерге жеткен-жетпегенін біле аламыз. Ал әзіргі жағдай мынадай - мораторий күшінде, браконьерлікпен күрес жүруде, зауыттардан шабақтар жіберілуде, бірақ балық жоқ.

Тамара СУХОМЛИНОВА 

Суретті түсірген автор және Е. Бокованың мұрағатынан

23 қазан 2017, 16:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.