Атырау, 23 сәуір 23:36
 ашықВ Атырау +22
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Күзгі санақ

2 787 просмотра


Малдың қырылуына ракетаның ұшырылуы әсер етуі мүмкін бе? Көкөністер қайда сақталады? Және шаруалар ет өнімдерін өткізе алмай неге қиналады? «АЖ»-ның осы сауалдарына брифинг барысында облыстық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Серік СӘРСЕКЕНОВ жауап берді.

Биылғы жылдың 9 айында Атырау облысында ауылшаруашылық өнімінің жалпы көлемі 46 млрд теңгені құраған. Оның ішінде мал шаруашылығы үлесі - 25 млрд, өсімдік шаруашылығының үлесі - 21 млрд теңге.

Жалпы, биылғы егіс алқабы 8 477 гектар (2016 жылы – 7 604 га) жерге егілген. Қазіргі уақытта егілген өнімнің 98 пайызы жиналып тұр. Бұл:  21 мың тонна картоп, 23 мың тонна көкөніс,  29 мың тонна бақша дақылдары.   

Өңірде 170 мың бас мүйізді ірі қара, 612 мың бас қой мен ешкі, 73  мың бас жылқы, 32 мың түйе мен 500 бас шошқа бар. Сиыр сүтінен алынған өнім 49 мың тонна болса, жалпы малдан алынған ет 32 мың тоннаны құраған.

Серік Сәрсекенов «АЖ»-ның келесі сауалдарына жауап берді:

- Малдың қырылуына ракета ұшырылуының әсері болуы мүмкін бе?

- Егер, экологиялық жағдайға қатысты болса, ғалымдар сол кезде айтатын еді. Әзірге ондай ақпарат бізде тіркелмеді. Өткен жылы Құрманғазы ауданында мүйізді ірі қара малында аурулары шыққан еді, бірақ зерттеу жұмыстары кезінде ғалымдар оны нодулярлық дерматиті (нодулярный дерматит) деп тапты. Енді мүйізді ірі қара малының ауруы биыл Исатай ауданында тіркелді. Қорытындысы әзірге белгісіз.

- Облыс әкімі есеп беру жиынында шетелдік компаниялар жергілікті өнімдерді жеткізуге қатысты келісімшартқа отырмайды. Себебі, біздің шаруашылықтарда өнгімлі сқатау үшін жағдайдың жасалмағанын айтқан болатын. Қазір көкөністер қалай сақталады?  

- Біз, әрине, қоймадағы өнімдерді жыл бойына сақтай алмаймыз, бірақ маусымдық уақытқа сақтау шаралары алынып жатыр. «Ардагер» ықшам ауданында 10 200 тонналық қойма бар. «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы оны сенімгерлік басқару үшін «АгроХолдинг-Ц» ЖШС-іне берген болатын. Қазіргі уақытта біз жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.  

- «Құлан» несиелендіру бағдарламасы қалай жүзеге асырылып жатыр?

- Жылқы басының 113 пайызға өскенін жоғарыда айтып кеттім. Демек, өңірде жылқы бағуға бетбұрыс бар. Биылғы жылға «Құлан» бағдарламасына бөлінген қаражат толық игерілді. Негізі, былтырғы жыл аяғына дейін «Құлан», «Алтын асық», «Сыбаға» бағдарламаларына немесе басқа да лизингке алынған несиелердің үстемақысын мемлекет өзіне субсидиялап келген болатын. Ал, биылғы 1 қаңтардан бастап тек дәнді дақыл, бензин сияқты қысқа мерзімге берілетін несиелер ғана субсидияланады.

- Сырттан келетін ет өнімдерінің көптігінен, ауылдан келетін шаруагерлер еттерін өткізе алмауда. Бұл жағдай қалай реттеліп жатыр?

- Кедендік одаққа мүше мемлекет болғандықтан, сырттан келетін тауарларға шекарада бұрынғыдай кедергілер жоқ. Дегенмен, нарықтық қатынасқа сәйкес, әрине тұтынушы сапалы өнімді сатып алуға ұмтылатыны рас.

- Сонда біздегі өнімдердің сапасы төмен дегіңіз келе ме?

- Жоқ, бұл бағытта жұмыстар әлі де атқарылып жатыр. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына» - 352 млн, «Аграрлық несиелеу корпорациясы» арқылы 234,8 млн теңгені бөлдік. Басқа да жұмыстар атқарылуда.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА 

Суретті түсірген автор

17 қазан 2017, 10:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.