Атырау, 20 сәуір 20:56
 ашықВ Атырау +20
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Омурбек Бабанов сайлаудағы жеңілісіне қатысты мәлімдеме жасады

2 613 просмотра


Қырғыз Республикасының президенттігіне үміткер Омурбек Бабанов (суретте) сайлаудағы жеңілісіне қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Бабановты қырғызстандықтардың 33,74 пайызы қолдаған.  "Cайлаушыларымыздың назарын аударғым келетіні - біз Қырғызстанда сайлауға қатысып, өз бағдарламамызды таныстырып, халқымызға елімізді дамытудың нұсқаларын ұсынуға болатынын көрсете алдық, - дейді Омурбек Бабанов. - Кімнің дұрыс болғанын, кімнің бұрыс болғанын уақыт көрсетеді. Біз жеңіске жеттік. Біздің жеңісіміз - ол біздің халқымыздың санасын өзгерте алуымызда. Адамдар өз пікірін айта алатындай оларға сенімділік бердік, өзіндікі дұрыс екендігін заңды түрде дәлелдеуге болатынын көрсеттік". 

Сондай-ақ, Омурбек Бабанов билікті басып алу туралы жоспары жоқ екенін және өзінің жақтастарынан арандату мазмұнындағы сөздерге еріп кетпеуін сұрады. "Сайлаушыларымнан мұндай арандатуларға еріп кетпеуін сұрағым келеді. 

"16 қазанда сағат 12.00-де алаңда жиналамыз" делінген арандату мәніндегі хабарлама алдым. Бұған еріп кетпеуді сұраймын. Мен ешқашан билікті басып алған емеспін, қазір де, болашақта да билікті басып алатын ойым жоқ. Біз өз жақтастарымыздың құқықтарын тек заңды түрде қорғайтын боламыз. Біз әлі жеңіске жетеміз деп сенемін. Осы сайлау мені және менің командамды біріктіріп, одан да мықты етті", - деді Бабанов. 

Ал "жеңілісіңізді мойындайсыз ба?" деген сұраққа ол былай деп жауап берді: "Сайлау өтті. Қорытындысы шықты. Сіздер "мойындайсыз ба?" деп сұрап жатсыздар. Негізі заңды түрде алып қарағанда мойындау деген сөз жоқ. Сайлаудан өткендер болады, барлығынан көп дауыс жинаған үміткер болады. Сәйкесінше сол адам сайлауда жеңіске жетеді". 

Сондай-ақ, Бабанов Назарбаевпен өткен кездесуге қатысты пікір білдірді. "Ол кездесуде біз тек бір мәселе жайында сөйлестік: шекарадағы тосқауылдарды алып тастау. Қалған айтылғандардың барлығы өсек-аяң. Оны қалай жеткізді, не деп айтып жатты - ол сұрақтардың барлығын сол адамдарға қойыңыздар. Нұрсұлтан Әбішұлы тағы да кездескісі келетінін айтса, мен онда тағы да баруға дайынмын. Ресей, Өзбекстан президенттерімен кездесуге дайынмын, себебі бұл менің елім үшін керек", - деді Омурбек Бабанов. 

Еске сала кетейік, социал-демократиялық партияның атынан шыққан Сооронбай Жээнбеков Қырғызстандағы президент сайлауында 54,75 пайыз дауыс жинап, жеңіске жеткен болатын. Ал Қырғыз Республикасының экс-премьер-министрі Омурбек Бабанов 33,8 пайыз дауыс жинап, екінші орын алды. Үшінші орында "Бутун Қырғызстан" партиясының басшысы Адахан Мадумаров - 6,47 пайыз дауыс жинаған.

Дереккөз: Tengrinews.kz

16 қазан 2017, 14:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.