Атырау, 19 сәуір 08:51
 ашықВ Атырау +30
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Балалар екпесі

5 547 просмотра


2017 жылдан бастап Атырау облысында 956 баланың ата-анасы вакцина ектіруден бас тартты. Мыңдаған ересек адамдарды жалпы қабылданған ережелерге қарсы шығуға не мәжбүр етті? Бұл сұраққа педиатрлар да, ата-аналардың өздері де жауап беруге тырысты.

БІЛІМСІЗДІК СИНДРОМЫ

Егер вакциналау болмаса, жалғыз қызы Әселдің жағдайы анағұрлым жақсы болар еді, бәлкім, мүгедек болмас еді, – дейді сеніммен Марал (сәби мен анасының есімі оның өтініші бойынша өзгертілді). Сәби мозаикалық Даун синдромымен дүниеге келген, бірақ интеллект сақталған. Классикалық түрінен айырмашылығы, бұл осы сырқаттың аз ғана белгілері бар ең жеңіл түрі. Жаңа туған мұндай сәбилер өз құрдастарынан сәл қалыс дамиды. Бірақ осыдан 10 жыл бұрын сәби дүниеге келген кезде ата-анасына осы сырқат бойынша ақпараттар ағымы қолжетімді болмап еді.

- Мен неврологиялық сырқаттары бар балаларға екпе егу олардың жағдайын одан сайын қиындатып жіберетінін білген жоқпын. Біздің дәрігерлер, керісінше, екпе егу керек деп болмай, мұндай диагнозы бар сәби басқа да сырқаттар жұқтырып алуы мүмкін деп қорқытты, - деп әңгімелейді Марал.

Анасы сәбиінің жағдайын жақсарту үшін бар күшін салады. Қызы 10 жаста, қарапайым мектептің көмекші сыныбында оқиды, дамыту орталықтарына барып, жүзумен, бимен айналысады. 2014 жылы Атырауға танымал реабилитолог Божена БЕЙНАР-СЛАВОВ командасымен бірге «Атырау. Кішкентай ел» қоғамдық ұйымының шақыртуымен келген сапарында Марал арнайы диета туралы хабардар болған. Ол Әселге едәуір көмектесіпті. Содан соң несие алып, Грекияға қызын емдетуге екі рет алып барған. Ол жерден толықтай диагностикалық тексеруден өтіп, талдау қорытындысы бойынша адам миы үшін улы компоненттерді анықтаған.

- Шетелдік мамандар неліктен Әселге вакцина ектіруге келіскенімді таң қала сұрады. Бүгінде ағзаны екпе салдарынан тазартуға бар күшімізді жұмсап жатырмыз. Уытсыздандыру процесі басталғаннан кейін қызымның жағдайы анағұрлым қалыпқа түсе бастады. Бұрын өте қыңыр, ашуланшақ еді, қорқыныштары көп болатын, биіктіктен, баспалдақтан, жалғыздықтан қорқатын. Бір нәрсемен айналысуға көндіру қиынғы түсетін. Ал бүгінде ықыласпен билейді, мектепке барады, жалғыз қалудан қорықпайды, - дейді Марал.

СӘТСІЗ ШЫҚҚАН ЕКПЕ

Әйгерім ИМАШТЫҢ ұлы Иманәлі дені сау болып туған, белгілі бір уақытқа дейін оның жағдайы ата-анасы мен дәрігерлерді алаңдатпаған. Сәби еңбектеп, ойыншықтарына жабысып, былдырлап, өз жасына сәйкес дамыған. Рас, 5 айында алған АКДС екпесін ауыр қабылдаған: екпе салған жер ісіп, тас болып қатып қалған, бала қатты қызулап, қыңырланып кеткен. Дәрігерлер бәрі де өтеді, бұл жай вакцинаны әсері деп тыныштандырыпты. Бірақ әрі қарай жағдайы нашарлап, Иманәлі жиі ауыра беретін болған. Кешікпей қатты қызулап, құрысып ауырған соң ауруханаға жатқызылған. Ол жерде жеті айлық сәби комаға түсіп кетеді. Дәрігерлер «мидың нейроинфекциясы» деген диагноз қойған.

Содан бері қарай отбасында азапты күндер басталды. Қояншық ұстамасы күніне 60 рет ұстайтын баладан аурухана басын ала қашқан. Дәрі-дәрмек көмектеспеді. Әйгерім арнайы глютенсіз диета туралы білгеннен кейін ғана Иманәлінің жағдайы жақсара бастаған. Ресейлік эпидемиологтар егер олар баланың жағдайын бір деңгейде ұстап тұрғылары келсе, онда оған препараттар беруді жалғастыру керектігін ата-аналарға ескерткен. Бірақ егер олар жағдайы жақсарсын десе, үнемі диета ұстаудан және баламен үздіксіз айналысудан бас тарту керек. Олар екінші жолды таңдады. АҚШ-қа, Глен ДОМАННЫҢ клиникасына, содан кейін Грекияға барады. Талдау нәтижелері ауыр металл тұздарының асып кеткенін көрсеткен. Шетелдік мамандардың пікірінше, олар ұлының ағзасына вакцинамен бірге түскен, бұл оның ауруының дамуына түрткі болған. Қазір бала уытсыздандыру процесінен өтуде, анасы оған үнемі массаж жасайды, емдік дене шынықтырумен айналысады. Баласы 5 жаста, бірақ оның дамуы сол қырсық шалған екпе салынған деңгейде қалған. Ол тіпті еңбектемейді және «мама» деген сөзді ғана анық айта алады.

Енді Әйгерім медиктердің қолқалағанына, мамандардың үйлеріне дейін келгеніне қарамастан, өзінің кіші балаларына түрлі екпе салудан бас тартқан. Олардың жағдайына бұл еш әсер етпеген. Иманәлінің үш жастағы інісі балабақшаға барады, оны баланың есепте жоқ екендігі туралы тубдиспансердің анықтамасының негізінде қабылдаған.

- Бізде вакциналау конвейерге қойылған, баланың жақында грипп болғаны маңызды емес. Дүйсенбі күні дәреті сұйық болып, тіпті мұрнынан су аға бастады. Бастысы – температурасы жоқ, демек екпе салуға болады. Баланың бәрін бірдей вакциналауға болмайды деп ойлаймын. Бұдан бұрын анализ алып, баланың иммунитетін тексеріп, сауатты иммунологтың кеңесін алу керек. Екпені баланың жағдайы жақсарып кеткенше кейінге қалдыруға болады, - дейді сеніммен Әйгерім. 

ДӘРІГЕРДІҢ ПІКІРІ

Біздің педиатрлардың баланың иммундауға қатысты пікірлері басқаша. №4 емхананың жоғарғы санатты педиатр-фтизиатры Айгүл МЕҢДІГЕРЕЕВАНЫҢ пікірінше, екпелер баланың ағзасына теріс әсер етпейді және неврологиялық сырқаттардың дамуына еш қатысы жоқ. Алайда соңғы кездері балаларына екпе салудан бас тартып жатқан ата-аналардың көбейіп жатқанын жасырмады.

Перзентханада дүниеге келгеніне екінші күн болған сәбиге туберкулезге қарсы БЦЖ, содан кейін вирустық гепатитке қарсы екпе салады. Осы кезеңде иммундау өте маңызды деп есептейді Айгүл Меңдігереева. Өйткені, қазір туберкулездің мультирезистентті түрі кең таралуда. Егер бұрын екпе егілмеген балаларға сырқаттың жеңіл түрі қауіп төндірсе, енді олардың алдында анағұрлым ауыр түрлері тұр. Өткен жылы, мәселен, екпе егілмеген екі баланы резервтік гепатотоксикалық препараттармен емдеуге тура келген. Сондай-ақ, өткен жылы ол өзінің 35 жылдық тәжірибесінде қызылша ауруына қатысты оқиғамен бетпе-бет келген. Бір отбасынан екпе егілмеген екі бала мен олардың әкелері ауырған. Олар емделді, бірақ сырқат ауыр өткен.

- Тек менің учаскемде жыл сайын 80 шақты сәби дүниеге келеді. Діни сенім тұрғысынан болмаса да балаларын иммундаудан бас тартатын ата-аналар бар. Білімді, көзі ашық адамдар балаларын неврологиялық сырқаттармен ауыруы мүмкін деп қауіптенеді, - дейді Айгүл Меңдігереева. Невропатологта есепте тұрған және ем алып жатқан сәбиге екпеге қатысты медициналық қарсылық беріледі. Бұл дұрыс, деп есептейді дәрігер. Алдымен емделіп алу керек. Екпені неврологтың кеңесінен кейін ғана тағайындауға болады. Ал егер сәби тұмаулатқан болса, сауыққаннан кейін бір айдан соң ғана вакцина егіп, «мантуды» екі айдан кейін ғана салуға болады.

Ұлттық екпе күнтізбесі бойынша сәбиін вакциналау, оны кейін салдыру немесе одан мүлдем бас тарту – ата-ананың таңдауы. Баланы екпе егілмеген деп, балабақшаға немесе мектепке қабылдамауға ешкімнің құқығы жоқ.

- Баланы балалар мекемесіне қабылдау кезіндегі қажетті құжаттардың бірі – 63-форма. Екпе егілмеген баланы балабақшаға жібермеген жақсы. Өйткені басқа балалар да ауырып қалуы мүмкін. Тек оларда сырқат анағұрлым жеңіл түрде өтеді. Бірақ екпе егілмеген баланы балалар мекемесіне қабылдауға тыйым салатын заң жоқ, - деп атап өтті Айгүл Меңдігереева. 

Зульфия ИСКАЛИЕВА

16 қазан 2017, 13:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.