Атырау, 25 сәуір 16:45
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Қырғызстанда президент сайлауы басталды

2 468 просмотра


Қырғызстанда бүгін өтіп жатқан президент сайлауында 3 миллион 25 мың 768 азамат дауыс бермек.

1991 жылы Совет Одағы ыдырағаннан кейін пайда болған бұл тәуелсіз республикада 2017 жылғы қазанның 15-і күні өтіп жатқан сайлау тыныш аяқталса, жоғарғы биліктің бейбіт түрде ауысуы іске аспақ.

Алайда сайлау науқаны кезінде бәсекелестер бірін-бірі "әкімшілік ресурстарды" пайдаланды, лас тәсілдерге жүгінді деп айыптаған. Постсоветтік кеңістіктегі "демократия аралы" атанған елде сайлаулар қатты бәсекемен өтіп, кейде тіпті толқуларға ұласып жатады.

Сайлау науқаны кезінде биліктен кетіп бара жатқан президент Алмазбек Атамбаев «Еркіндікті сүйетін адамдармен мақтанамын. Өткен 12 жылда олар диктаторлық режимдерге қарсы екі ұлттық революция жасап, Қырғызстанда биліктің халық қолында екенін көрсетті" деген.

Бүгінгі президент сайлауына жиыны 10 кандидат қатысып жатыр. Олар конституциялық мерзімі бітіп, президенттік қызметтен кетіп бара жатқан Алмазбек Атамбаевтың орнына таласады.

Әуелде президент сайлауына қатысу ниетін білдірген 59 адамнан арыз түскен. Бірақ Қырғызстан орталық сайлау комиссиясы соңында 13 кандидатты ресми тіркеп, сайлау бюллетеніне енгізді. Сайлау бюллетініндегі бір ерекшелік сайлаушы "бәріне қарсымын" деген пунктті де белгілей алады.

Қазір Қырғызстандағы президент сайлауына іс жүзінде 10 кандидат түсіп жатыр. Ресми тіркелген 13 кандидаттың үшеуі бюллетеньдер басылып, сайлау учаскелеріне таратылғаннан кейін кандидатураларын сайлау додасынан алып тастады. Олар: «Ата-Журт» партиясының тең төрағасы Камчыбек Ташиев (ол Сооронбай Жээнбековті қолдайтынын айтып, сайлаушыларын дауыстарын соған беруге шақырды). Мұнан соң «Онугуу-Прогресс» партиясының лидері Бакыт Торобаев сайлаушыларын Омурбек Бабановқа дауыс беруге шақырып, өз кандидатурасын алып тастады. Қоғам қайраткері Азимбек Бекназаров та сайлауға үш күн қалғанда өзінің кандидатурасын қайтарып алатыны жөнінде арыз берген.

Сарапшылар негізгі бәсеке Омурбек Бабанов, Темир Сариев және Сооронбай Жээнбековтің арасында болады деп болжаған. Үшеуі де Атамбаев тұсында премьер-министр болып қызмет атқарған.

Қырғызстанда азаматтарға дауыс беруіне жағдай жасау мақсатында елде 2375 сайлау учаскелері құрылған. Одан бөлек, шетелдерде жүрген 18 мыңнан астам қырғыз азаматтары үшін Ресейдің алты қаласында, Германияның үш қаласында, Қазақстанда, Түркияда, Біріккен Араб Әмірліктерінде (бұл елдердің екі қалаларында) сайлау учаскелері ашылған.

Қырғызстандағы президент сайлауын 58 елден келген 700-ден астам өкіл бақылайды. Ал сайлау барысы жайында жергілікті ақпарат құралдарынан өзге, 35 елден келген БАҚ өкілдері хабар таратады.

Дереккөз: Азаттық

15 қазан 2017, 11:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.