Атырау, 23 сәуір 11:30
 бұлттыВ Атырау +26
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Жанармай бекетінде

2 712 просмотра
"АЖ" мұрағатынан алынды.

Мұнайлы астананың бензин нарығы екі аптадан бері құбылып тұр. Оның жағымсыз салдарын өткен жексенбі күні өз басымнан өткердім.

«Гелиос» бекетінде отынды талонсыз құймады, жолдың ар жағындағы «Меркурийде» ұзын-сонар кезек тізіліпті. «Синойлда» кезек аздау екен, сол жерге барып жанармай құйдыртып алдым. Бұған 30 минут уақытым кетті. Алайда дүйсенбі күні, фейсбуктегі көптеген посттарға сүйенсек, жоғары октанды отынмен қамту жағдайы қиындап кеткен. Оған қоса баға да өсіпті.

- Кеше кешкісін Әлиев бойындағы «Нұрдан», Құрманғазыдағы «Блокнефтьтен» 95-ші бензин құйдыра алмадым. «Арнада» тек талонмен береді екен... Орташа алғанда бәрінің бағаларын 3-4 теңгеге көтеріп жіберген, - деді өз парақшасында пайдаланушы Ерлан.

- Барлық жерде бензин бар: 95, 93 маркалы, дизель отыны. Біз үнемі мониторинг жүргіземіз, тапшылық жоқ, - дейді табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Нұрлан ТАУБАЕВ. – Ал бағаның өсуі туралы сіздің сұрағыңызға келер болсақ, мемлекет тек АИ-80 отынының ғана бағасын реттеп отырады. Біз ведомоство ретінде, сөз байласу, алақол бәсекелестік фактісіне қатысты күдік туындаған жағдайда ғана араласа аламыз.

«Нұр» жанармай бекеті желісінің қожайыны Нұртай САҚЫПОВ бензинге қатысты іркіліс уақытша құбылыс және бұл ахуал қазанның үшінші ондығында қалпына келеді деп есептейді:

- Тапшылық жоқ, АМӨЗ-дің бір айға тоқтауы салдарынан біздің жергілікті бензинге қатысты азғана іркілістер орын алып отыр. Бекеттердің барлығы, әрине, зауыт жөндеу жұмыстарына тұрар алдында қор жинап алды. Бірақ сұранысты толық қанағаттандыра алмады: біреулері 20 күнге, біреулер одан аз күнге қор жинады. Сондықтан зауыт іске қосылар алдында іркілістер басталып отыр. Бірақ айтарлықтай проблема жоқ. Басқа жеткізушілерде қалай екенін білмеймін, мен өзім талонға сатқан жоқпын. Үнемі еркін саттықта болды. Біздің бекеттерде ресейлік 92 мен 95 маркалы отындарға шектеу болды, бірақ бұл компаниямыздың өз саясаты – бізде жеткізілім көптен болған жоқ. Сондықтан сатуды күніне 3000 литрге дейін шектедік. Әдетте бұл норма кешке қарай бітеді. Сондықтан бізде жоғарыоктанды бензин жоқ сияқты көрінеді. Бірер күнде жеткізілім болады деп күтіп отырмыз, сол кезде шектеу мүлдем алып тасталады.

- Сіздер де бағаны көтердіңіздер. ҚазМұнайГаз-ден кейін ғой?

- Иә, күні кешеге дейін атыраулық 92 отынының бір литрін 144 теңгеге ұстап тұрдық. ҚМГ-де кеше 150 теңге болды да, біз де бағаны 147-ге дейін көтердік.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

6 қазан 2017, 15:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.