Атырау, 25 сәуір 20:38
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Қартайғанда қарайтының болмаса...

Сурет Бейнежазба
4 362 просмотра


Қарттар күні мерекесі қарсаңында мен Атыраудағы қарттар үйіне бардым. 150 орынға арналған қарттар үйінде қазір 98 адам тұрып жатыр. Ғимаратқа екі жыл бұрын күрделі жөндеу жүргізілген. Ішінде тағдыры ұқсас адамдардың өмірі қайнап жатыр. Онда біреулері теннис ойнап уақыт өткізсе, екіншісі шахмат ойнап, әжелер іс тігіп ермек етеді. Кітапхана ішінде де бос орын жоқ.

Мекеме басшысы Қилымқас КҮЗЕМБАЕВА:

- Мұнда концерттік шаралар жиі өткізіліп, түрлі мекеменің қызметкерлері, студенттер, оқушылар, тіпті балабақша тәрбиеленушілері де жиі қонаққа келіп тұрады. Қарттарды қалада өтетін шараларға таситын арнайы екі автокөлігіміз бар.

Кіре берісте «АЖ» оқырмандарына бұрыннан жақсы таныс Мади ОМАРОВПЕН кездесіп қалдым. Тағдыр оны сын тезіне алса да, ол болаттай берік бола білді. Оның таңы тренажердағы жаттығудан басталады. Сондықтан болар, 76 жастағы қария өз жасынан әлдеқайда жас көрінеді.  



- Кей кезде мен балық аулауға Жайыққа шығып тұрамын. Бос жатпай үйіміздің даладағы жұмыстарына да көмектесемін. Мұнда тұрып жатқаныма 14 жылдан асты. Мен негізі алматылықпын, отбасым болған. Іссапармен Ақтау қаласына кетіп қалған кезімде әйелім мен екі қызым газға уланып қайтыс болды. Ұзақ уақыт күйзелісте жүргенімде 1976 жылы досым Атырауға шақырды. Содан бері осында тұрамын. Әр жерде аспаз болып қызмет атқардым. Ал 2003 жылы танысым осы жерге әкеліп тапсырды, - дейді М. Омаров.  

Тұрғындар бөлмелерін өз еріктерімен қалаулары бойынша безендіре алады. Мысалы мен кірген ерлі-зайыпты СЛАВОВТАРДЫҢ бөлмесі гүлге оранып тұр. Бұлар туралы да «АЖ» бірнеше рет жазған болатын.



- Гүлдерді өте жақсы көремін. Олар маған жақсы көңіл-күй сыйлайды, - дейді 40 жыл білім беру саласында қызмет еткен Людмила СЛАВОВА. Николай СЛАВОВ – соғыс ардагері, олардың туыстары болмағандықтан өз баспаналарын үкіметке тапсырып, екеуі де осында көшіп келген.  

Тігін шеберханасы бөлмесінде 75 жастағы Светлана ЧИГРИНА өзінің кезекті көйлегін тігуде. Бөлмені безендіріп тұрған әр түрлі салфеткалар, тоқымалар осы кісінің қолынан шыққан дүниелер.

- 30 жыл Құлсарыда тігінші болдым. Тұрмыс құрмадым. Ата-анам о дүниелік болып кеткеннен кейін апа-сіңлілеріме масыл болмайын деп өз аяғыммен осында келдім. Оған тұрғаныма да 22 жыл болды, - дейді әжей. – Уақытымның көп бөлігі осы машинканың қасында өтеді. Арасында сіңлілерім келіп тұрады.



Шығып бара жатқанымда жөн сұрасқан қарияның айтқаны есімде сақталып қалды:

- Бұл жерде бізге үкімет барлық жағдай жасап отыр ғой. Бірақ өз отауыңда отбасыңмен бірге өмір сүргенге не жетсін!



Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Сурет және видеоны түсірген автор

4 қазан 2017, 15:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.