Атырау, 24 сәуір 08:07
 ашықВ Атырау +27
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Шығарындылар бар, ал зиян жоқ па?

3 806 просмотра


Біз ТШО, НКОК, АМӨЗ-дің зиянды шығарындылары туралы қаншама рет жазып та, айтып та жүрміз. Бірақ олардың салдарын анықтайтын кез келген жоқ па? Мәселен, теңіз жағалауында қамыс өртеніп жатқанда аспан көгінің түтінге оранғанын көрдіңіз бе? Бұл атмосфераның азот қосылыстарымен ластанғанын білдіреді. Бұл құбылыс «түлкі құйрық» деп аталады. Ұшқыштар – таңғы сағаттарда Атырау үстінде осындай «құйрықтардың» ізі қалатынын айтады.

Ауадағы азотты, күкіртті қосылыстар мен күкірсутектің ылғалмен өзара әрекеттесіп, күн сәулесінің әсерімен қышқылға айналатыны белгілі. Әсіресе, көктемдегі қышқылды жауын-шашын зиянды.  Бұл кезде суыққа маталған күкірт атомдары мен басқа да зиянды заттар босап шығады.

29 қыркүйекте өткен брифинге табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан АРЫСТАН Индер мен Махамбет аудандарында Жайық бойындағы тоғайлар «ауырған» кезде, ағаштарды арнайы шақырылған ғалымдардың зерттегенін мәлімдеді. Олар ағаштардың ұшар басы өзен суларының ұзақ уақыт тайыздануы салдарынан жалаңаштанып қалған, өйткені тамырлары тіршілік нәрін таба алмаған; қазір өзен суы қалпына келді, енді проблема жоқ, деген тұжырымға келді.

Брифингтан кейін мен Қ.Арыстанға жақындап барып, бұл қышқылды жаңбырдың әсері болуы мүмкін бе деп сұрадым. Ол бұл жорамалды үзілді-кесілді жоққа шығарды.

Осы мәселе бойынша Қ.Арыстанның атына редакция жолдаған жазбаша сауалға алматылық «ҚазЭкоЖоба» институтының директоры Тілеуқан БАЙЗАҚОВ жауап берді.

- Қышқыл жауынның өсімдіктерге және соның ішінде, тоғайлы орманға әсерін зерттеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Әдеби мәліметтер бойынша келесілерді хабарлауға болады – қышқылды жауын әсерін тек өсімдіктердің өсіп-өнуі кезеңінде – көктем-жазда байқауға болады. Бұл әсер көбінесе локалды сипатқа ие. Өсімдіктер көктемгі маусымда жас жапырақтар жая бастаған кезде көбірек зардап шегеді. Негізінен ағаштардың ұшар басы бүлінеді, жапырақтары күйіп қалады. Қатты әсер еткен кезде жапырақтар түсіп қалады, болмашы әсер еткенде жапырақтарға химиялық күйіктің ұсақ дақтары толып кетеді. Ол кейінірек қалпына келуі мүмкін. Қышқылды жауын-шашынның тікелей әсері жапырақ бетінің бұзылуына, транспирация (жапырақ бетінен булану) және хлорофиллдің бұзылуы (қоңыр жапырақ) есебінен фотосинтез процестеріне әкеліп соғады. Зақымдалған жапырақтар арқылы ылғал күштірек буланып, өсімдіктер ыстыққа шыдай алмайды.

Яғни, Байзақов аудандардағы тоғай жапырақтарының түсу себебі ретінде қышқылды жауынның әсер етуі мүмкін екендігін теріске шығармады.

Өзеннен су алу кезіндегі және ол тазартылғаннан кейінгі Жайық суының қышқылдығы туралы біздің сауалымызға, «Атырау Су арнасы» ЖШС директоры Андрей ТАШЛЫКОВ судағы қышқылдық қалыпты деп, қысқа да нұсқа жауап берді.

Топырақ қышқылдығының құбырға әсер ету деңгейін анықтау мүмкін емес, өйткені, кәсіпорын құбырлары пластиктен жасалған. 

Қышқыл жауындардың тарихи ескерткіштерге ықтимал әсері туралы біздің сауалымызға облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасы бастығының орынбасары Азамат ЖОЛАЕВТЫҢ та жауабы шамамен осындай болды:

– Басқармада тарихи және мәдени ескерткіштерге қышқылды жауынның тигізетін зияны туралы ақпарат жоқ. Өйткені бұл бағытта арнайы ғылыми зерттеулер жүргізілмеген.

«Қазгидромет» РМК облыстық филиалының директоры Салауат ТӨЛЕНОВТІҢ жауабы таң қалдырды:

- 2014 жылғы ережеге сәйкес, филиал көрсететін бүкіл қызметтер ҚР Энергетика министрлігінің бұйрығымен бекітілген баға көрсеткішіне сәйкес, ақылы негізде жүзеге асырылады.

Филиал директорының орынбасары Алтынбек ӘМІРОВКЕ қоңырау шалып, оған «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңының 6-бабының мазмұнын еске салдым: - Төтенше жағдайлар, қылмыстық ахуал... және экология туралы келесі ақпаратқа қол жеткізу шектелуге жатпайды.

- Жауын қышқылдығы туралы ақпарат үшін мен өз қалтамнан төлейін, - деп ұсыныс жасадым Әміровке.

- Босқа төлейсіз, жауынның рН деңгейі ешқашан 5,6-дан төмен болған емес, яғни, қышқылдық қалыпты, - деп жауап берді ол.

Содан кейін ауаның күкірт пен азот оксидтерімен бүліну көлемі туралы сауалға облыстық экология департаментінің басшысы Қабижан ҚАПАНОВТЫҢ жауабы келді. Хатта эколог қышқылды жауынның облыс экологиясына зияны туралы ақпарат жоқ екенін хабарлаған.

Есесіне ол «Теңізшевройл» ЖШС 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы 38 мың тонна көлемде шығарынды тасталғанын, енді 2018 жыл бойына ауаға үш есе көбірек шығарынды тастауды жоспарлап отырғаны туралы анықтама ұсыныпты. «НКОК» ЖШС жарты жыл ішінде 41 мың тоннаға атмосфераны ластаған, 2018 жылға шығарындылар жоспары жоқ. «АМӨЗ» ЖШС жарты жыл ішінде ауаға 3 мың тонна ластаушы зат, ал 2018 жыл бойына 23 мың тоннаға шығарынды тастауды жоспарлаған.

Теория бойынша жерге түскен қышқыл ерте ме, кеш пе су қоймаларына шайылып, қосмекенділер мен шабақтардың қырылуына себеп болады. Біз су тоғандарының қышқылдық ахуалы туралы сауалмен Қазақ балық шаруашылығы ҒЗИ филиалының директоры Әбілхайыр МҰХСАНОВҚА сауалмен жүгінген едік, бірақ жауап келмеді. Институт филиалының қабылдау бөлмесіндегілер су қоймаларының қышқылдығына мониторинг жасауға жауапты қызметкердің ауырып қалғанын және сауалға жауаптың болмайтынын айтты.

Редакция сауалы күшінде қалады. Осы күзде және келер көктемде аталмыш ластанулардың әсеріне зерттеу жүргізілсін. Өзгеше жауын-шашындар туралы дәлелдері (фото, бейнежазба) бар қала тұрғындарына оларды маған muratiks-azh@mail.ru электронды поштама жолдауларыңызды өтінемін. 

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

4 қазан 2017, 15:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.