Атырау, 29 наурыз 16:34
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Қытай қазағы: айтыс және басқа да жайттар туралы

9 573 просмотра


Атырауда өткен халықаралық айтыста Қытайдың Алтай аймағының Шіңгіл қаласының қазағы Жамиға ДӘУЛЕТОВА І орын иегері (гран-примен шатастырмаңыз) атанған болатын. Айтыстан соң талантты ақынмен сұхбаттасудың сәті түсті.   

- Жамиға, Ринат Зайытовпен болған айтысыңызды қалай бағалайсыз?

- Айтыс  тамаша болды. Мен мұнда Қытайдағы қазақтардың өкілі болып келдім. Әрине, біздің елдердің саясаты, көптеген дүниелеріміз ұқсамайды. Ринат осы жағынан менің аяғымды тұсап, осы жағынан басым түсті. Кеше Еркебұланмен айтысқанда да Қытай мен Қазақстанның арақатынасы сөз болды, сол турасында айтылды. Қазылар алқасының мүшесі болып отырған Бауыржан ХАЛИОЛЛА ағамыздың өзі де айтыскер ақын. Ол мен «Қазақстанды жамандады» дейді. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Ринат менің өзге елде тұратындығымды қару қылып отыр. Осы жерде менің тілім байланады. Көп нәрсе айта алмаймын, халық өзі де түсініп отыр. Осы елдің жеткен жетістіктері мен артықшылықтарына, айтыс кезінде өзіміздің ішіміздегіні ақтарамыз. Бауыржан ағаның айтқан сыны мен берген бағасына мен ренжімеймін. Ол тек қана бір адам, көптің батасы мен бағасын алу мен үшін үлкен қуаныш, мәртебе. Айтыс жақсы, қызған айтыс болды. Осындай тамаша айтыс өткізіп отырған Атырау және бүкіл Қазақстан халқына алғыс айтқым келеді. Халықтың қайда барса да жаттығы жоқ, мейлі мен қайда барайын, қазақтың ұрпағымын, қазақтың ұл-қызымыз.  

- Сіз қандай ақынсыз?

- Мен ұстасып айтатын ақынмын. Мен айтыстағы сөздеріме ешкімнің алдында ақталмаймын және айтылған сындарға ренжімеймін.

- Болашақта Қазақстанға көшер ме едіңіз?

- Бұл турасында ештеңе айта алмаймын. Барлығы болашақтың еншісінде. Ақындар да айтып, сөз етіп жатыр. Қайда жүрсем де, қазақ халқының тілеулесіміз. Әр қазақ менің жалғызым. Ел үшін марқайып, қуанып жүреміз.

- Қытайда қазақ ақындарына қысым көрсетіледі дейді. Бұл қаншалықты рас?

- Ешкім біздің желкемізден келіп төніп тұрған жоқ. Біздер билікті сынамаймыз, билік бізге сонда тұруға, қазақтың салт-дәстүрін ұстанып, айтысты дамытуға мүмкіндік беріп отыр.

- Қазіргі заманғы айтыста «шоу-айтыс» пайда болды. Бұған көзқарасыңыз қалай?

- Енді мен шоу-айтысқа нақты баға бере алмаймын. Десек те, осы шоу-айтыс шыққалы жастар айтысқа келетін болды, көретін болды. Шоу-айтыстан соң жастардың санасында айтысқа деген қызығушылық пайда болған секілді. Енді олар айтыстың екі ақынның құр айқайы еместігін, халықтың салт-дәстүрі екенін білді. Яғни, менің шоу айтысқа көзқарасым жаман емес. Халық өзі бағасын береді.

- Қытайдағы айтыс пен Қазақстандағы айтыстың айырмашылығы бар ма?

- Қытайда айтыс жылына бір рет өтеді. Осы айтыстың арқасында салт-дәстүрімізді сақтап қалдық. Әрине екі елдегі айтыстың айырмашылығы бар. Соның бір мысалы бүгінгі айтыс. Ринат Қытайға тиісіп, жамандап жатыр. Ал мен онда жамандық көргенім жоқ. Сол елде еңбек етіп, осы екі елдің достығының арқасында Атырау жеріне келіп, осында өтіп жатқан айтысқа қатысып отырмыз.

Ринат Қазақстанда билікті сынай аламыз деп айтып отыр ғой. Ал Қытайда ондай жоқ. Онда екі ақынға 20 минут береді.  Осы уақыт ішінде біздер елге жеткізетін, халыққа айтатынымызды айтып үлгеруіміз керек. Сонымен қатар, біздің ақындардың қазақы сөздерінің қаймағы қалың, байырғы тілді қолдануы жақсы сақталған. Ал Қазақстандағы айтыста белгілі бір еркіндік бар, екі сағат айтысса да, рұқсат. Бірақ, мен қазақтың кез келген айтысын қуана қараймын.

- Сіздің ойыңызша нағыз айтыскер ақын қандай болу керек?

- Мен нағыз айтыскер осындай болуы керек деп бәріне ақыл айта алмаймын. Айтыс деген ең алдымен - сөз барымтасы. Ақындар ұстасып айтысуы керек. Екіншіден, ақындардың тілі көркем болуы керек. Үшіншіден, ақын болған адам - жұрттың жүрегіндегі, халықтың көңіліндегі ойларды таба біліп, айта білуі керек. Шешен, сөз тапқыр, барлық саладан хабары бар «әмбебап» болуы керек. Ең бастысы - сауатты азамат болуы керек.

Фархат ӘБІЛОВ

Суретті түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

3 қазан 2017, 18:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.