Атырау, 28 наурыз 14:11
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Ақындар ақиқатты әзілмен жеткізді

Сурет Бейнежазба
9 094 просмотра


28-29 қыркүйек күндері Атырауда Қазақстан, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия елінен келген ақындардың қатысуымен тұңғыш рет халықаралық ақындар айтысы өтті. Қазылар алқасының төрағасы Қазақстанның халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың иегері Асанәлі ӘШІМОВ болды.

Айтысқа Атыраудың атынан республикалық, облыстық айтыстардың жеңімпаздары Шалқарбай ІЗБАСАРОВ, Жәнібек САДЫРОВ, Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ, Ғалымбек МҰСТАФА, Ануар САДЫҚОВ қатысқан болатын.

Сахнада атыраулық ақындардан алғаш болып «башқұрт бала» атанып кеткен Ануар Садықов пен «Базар жоқ» театрының әртісі ретінде танылған Бақытжан ҚАСЫМОВ өнер көрсетті. Қос ақын сахнада нағашы мен жиен айтысының тамаша үлгісін жасап, көрерменнің қошеметіне ие болды. Жерлесіміз айтысты бастардан:

...Әкем башқұрт, мен туғанмын Ресейде,

Анам қазақ көзінің қарасы бар.

Алдыңа ақ жиенің келіп қалды

Ассалаумағалейкүм нағашылар, - деп халықаралық айтысқа алғаш шығып тұрғанын айтып, қарсыласына тұсауымды кес деп кезек ұсынып еді, қарсыласы оның бұл сөзін жалғай келе, «Ресейде тудым деп қалдыңыз, бір келгенде екі жұмыс қылмайын, кесетін тағы басқа жерлерің болса айтып қал» деп әзілге басты.

Қазылар алқасы қос ақынның айтысын ондық баллмен бағалады. Бұдан соң жерлестеріміз Жәнібек Садыров шымкенттік Анар Жаппарқұловамен, Серікбол Панабердиев Қытайдан келген Ерлан Аманқожамен, Ғалымбек Мұстафа Моңғолиядан келген Сәтжан Класханмен айтыс жасады. Ал айтыстың «оқтаулы мылтығы» Ринат Зайытов жергілікті ақын Шалқарбай Ізбасаровтың жұбы болды. Халықтың күткен бұл қос ақыны да бір-біріне жақсы дайындықпен келгенін көрсетіп, сахнада шаппа-шап айтыс жасады.

Айтысты Шалқарбай:  

Зайытовпен айтысасың деген кезде,

Ойланбай шықтым десем жалған еді.

Шешем айтты, шынымен Ринат болса

Қой құрсын, онда айтысқа барма деді.

Әйелім ақша әкелсең болды, әйтеуір

Жеңсең де жеңілсең де қалма деді, - деп әзілмен бастады. Ал, қарсыласы Ринат болса, Шалқарбайдың жақында ұлды болып, есімін Жүрсін деп қойғанын тілге тиек етіп, соңғы кезде ұлдарына Жүрсін деп ат қойған айтыскерлерді мысал қылып:

Иран-Ғайып та Жүрсін-Ерман деп ат қойды

Ізінен еріп туған құлынына.

Шеттерінен Жүрсінге жақындағыш,

Ақындардың таң қалам қылығына.

Немене басқа жолдар таусылып па?

Айтыстың шығатындай тұғырына.

Бәріңді де тырп етпей қойсам ба екен

Нұрсұлтан деп ат қойып бір ұлыма, - деп Шалқарбайдың ісін жағымпаздық деп сынға алды.

Шалқарбай болса:

Ананы да сынайсың, мынаны да

Көп нәрсені ұнату қаныңда жоқ.

Бір кезде Димашты да сынап едің

Шыңғыру да өнер ме, дарын ба деп.

Сол Димаш бар әлемді мойындатты

Шартарап шын талант деп қабылдап еді.

Сен эфирден быт-шыт қып сынағасын

Ninety one да біршама танылған еді, - дей келе, қазір көбі:

Тезірек танымал боп кету үшін

Қаттырақ сынаса деп армандайды, - деп түйді. Екі жұп сахнада қырық минутқа жақын өнер көрсетіп, айтыстарына халық ұзақ қол соқты.

Қазылар алқасы айтыстың соңында Шалқарбай ІЗБАСАРОВҚА бас жүлде (2 млн теңге) берсе, Қытайдан келген қандас Жәмиға ДӘУЛЕТОВАНЫ 1-ші орынға (1,5 млн) лайық деп тапты. Ал, оралдық Жансая МУСИНА мен астаналық Еркебұлан ҚАЙНАЗАОВ екінші орын (1 млн теңге), маңғыстаулық Абай ЖОЛМАҒАНБЕТОВ, оңтүстіктен келген Анар ЖАППАРҚҰЛОВА, қытайдан келген Ерлан АМАНҚОЖА (750 мың теңгеден) үшінші орынды иеленді. Сонымен қатар жүлдеге ілікпеген екінші айналымға өткен 5 ақынға 400 мың теңгеден,  финалға өтпеген сегіз ақынға ыналандыру (200 мың теңгеден) сыйлығы табыс етілді.  

Айтыс соңында сөз алған облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ Атырауда екі күн бойы өнер көрсеткен айтыскерлер мен қазылық еткен ел ағаларына алғысын білідіріп тамаша өнер кеші болғандығын айтты. – Мұндай айтысты біздер тұрғындардан мына ақынды шақырайық деп хабарласып, ұсыныс тастаған соң өткізіп тұрмыз. Бұл  халықтың қалауымен өткізілген айтыс, - деді ол.


Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті және видеоны түсірген автор

3 қазан 2017, 12:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.