Атырау, 29 наурыз 15:32
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Қашаған: әзірге қысым жоқ

2 665 просмотра


Қашаған қайта іске қосылғалы бір жыл өтті. 2016 жылы қыркүйектің аяғында НКОК Қашаған мұнайын ауыстырылған құбырлар арқылы жіберуді тестілеу режимінде іске қосты. Енді компания мұнай өндірісін қалай арттырмақ және бұл тұрғыда қандай тәуекелдер бар?

СӘТСІЗДІКТЕН ТАБЫСҚА ДЕЙІН

2013 жылы алғашқы іске қосқаннан кейін бір айдан кейін құбырлардың шытынап, сәтсіздікке ұшырағаны белгілі. 11 қыркүйекте тестілеу режимінде коммерциялық мұнай өндіру басталды, ал 11 қазанда компания D аралының теңіз кешеніндегі техникалық ақау туралы алғашқы ресми мәлімдеме жасады. Баспасөз релизінде консорциум мұны «технологиялық күрделі нысандарды пайдалануды іске қосу процесіне тән болмашы инцидент» деп атады. Алайда, бұл сыпайы тұжырымдаманың сыртында Қарабатандағы «Болашақ» зауытынан екі шақырым қашықтықта, санитарлық-қорғаныс аймағында қауіпті күкіртсутек шығарындысы орын алған нағыз апат тұр еді. Бағымызға қарай, апатта құрбан болғандар жоқ.

Кейінірек компания мұның себебін атады – датчиктер су астындағы және оның құрлық бөлігіндегі құбырлардың шытынағанын тіркеді. Газ кету фактісі қазан айының ішінде бірнеше рет тіркеліп, жоба тоқтап қалды. Алдымен екі жылға, содан кейін бір жылға, сосын тағы да бір жылға тоқтады. Нәтижесінде НКОК тұмшаландырылған ұңғымаларды төрт жылдан кейін «ашты». 2016 жылдың 29 қыркүйегінде А аралынан құбыр бойымен мұнай мен газ жүрді. 2017 жылдың қаңтарында алғашқы экспортталған миллион тоннаны, наурызда – екіншісін тіркеді. Бүгінде компания 6 миллион тонна мұнай (мұнай өндірудің орташа тәулік деңгейі тәулігіне 200 мың баррель болғанда) мен миллиард текшеден астам газ өндірілгені туралы мәлімдеп отыр.

БІР ЖЫЛ БҰРЫН

Жоба операторы ағымдағы жылдың аяғына дейін жоспарлаған жобалау қуаты – тәулігіне 370 мың баррельге әлі жеткен жоқ. Оған компания газ қысымымен мұнайлы қабатқа кері айдау арқылы жетуі тиіс. Ілеспе газды кәдеге жаратудың бұл технологиясы қабаттық қысымды ұстап тұруға және мұнай өндіруді жеңілдетіп, оны ығыстырып шығаруға мүмкіндік береді.

Жобаның осы бөлігін орындау аясында қыркүйектің басында НКОК D аралына орнатылған газды кері айдау компрессорларын сынау жұмыстарын бастады. Оған дейін өндірілген бүкіл шикі газдың көлемі газ құбыры арқылы «Болашаққа» тазартуға жіберілді. Қашаған мұнайындағы күкірт құрамы түрлі мәліметтер бойынша 20 пайызға дейін жетеді. НКОК өкілдерінің айтуынша, олар өндіретін мұнай көлемі компания өңдейтін күкіртті газ көлемімен шектелген. Газды кері айдау процесі тұрақталған кезде мұнай өндіру жобалау көрсеткіштеріне дейін артады деп жобаланып отыр. Бүгінде, біздің мәліметтеріміз бойынша, бүкіл өндіріліп жатқан шикі газдың жартысына дейінгі көлемі кері қабатқа айдалуда.

Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ осыған байланысы өзінің жұртшылық алдындағы баяндамаларының бірінде өте сақ болжам жасаған болатын: «Егер компрессорлар қалыпты күйде болса, онда газды қабатқа айдау жұмыстары басталады. Егер газ қабатқа айдалса, онда Қашағанда өндіріс артады. Егер жеті жыл болған компрессорлар жұмыс жасамаса, онда өсім болмайды...».

Қазіргі министрдің дауыс екпініне сүйенсек, бұрынғы тәжірибе ҚР үкіметін сақтық жасауға үйреткен. Айта кету керек, одан бұрынғы  экс-министр Ұзақбай ҚАРАБАЛИН 2013 жылы шілдеде бірінші іске қосу қарсаңында Қашаған теңіз кешенін шарлап ұшқаннан кейін көз тимес үшін тіпті, ағашты соғып, түкіріп қоюға дайын болған еді. Өкінішке орай, мұның көмегі болмады.

ЫМЫРАЛАСУ БОЛМАЙДЫ

Іс жүзінде шикі газ айдау (ШГА) компрессорларының қолданылып келе жатқанына 10 жылдан астам уақыт болған. НКОК  компаниясы біздің сауалымызға жауап ретінде хабарлағандай, олар 2007 жылы құрастырылған. Өндіруші уәде еткен кепілдік мәнмәтінінде: «Компрессорлардың қызмет ету мерзімі нысанды пайдалану мерзімінің ұзақтығымен тең, яғни, 2041 жылға дейін», - деп хабарлады Солтүстік-Каспий консорциумының баспасөз қызметі. НКОК өз операцияларында ШГА компрессорларын осы кезең ішінде жоспарлы техникалық қызмет көрсету және қажетті сынақтар жүргізу арқылы пайдаланбақшы».

Дегенмен, жоба операторы ескертті:

- Кепілдік мерзімі монтаждау түріне байланысты өзгереді. Кез келген жағдайда кепілдік - пайдалануға жарамсыздықтың бірден-бір көрсеткіші бола алмайтынын, сонымен қатар, техникалық мониторинг, техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарын алмастырушы бола алмайтынын атап өту керек.

- Құбырларды ауыстыру кезінде компрессорлар ауыстырылды ма?

- Жоқ, компрессорларды монтаждау құбырларды ауыстыру жұмыстарының көлеміне кірмеді.

- ШГА бойынша қондырғылар 10 жылдан астам уақыт тоқтап тұрды. Компания компрессорлардың бүгінгі күйіне қандай баға береді?

- Компрессорлар қоршаған орта әсеріне түспеді және сыртқы себептердің салдарынан бүлінген жоқ. Өйткені олар қорғалған ғимаратта орналасқан. Түрлі елдерде жүргізілетін газ айдау саласындағы жан-жақты зерттеуден басқа Оператор жобалау кезеңінде компрессорларға жоғары қысыммен көптеген сынақ жұмыстарын жүргізді. 2017 жылы іске қосар алдында компрессорларға қосымша жан-жақты сынақ жұмыстары жүргізілді. «НКОК Н.В.» компаниясы Қашағанда қолданылатын технологияның қауіпсіз екендігіне сенімді.  

- Тестілеу қай уақытта басталды және ол қандай кезеңді қамтиды?

- Қондырғылардағы іске қосу-реттеу жұмыстары биылғы жылдың мамырында басталды. Жүйелерді іске қосу-реттеу жұмыстары жалғасуда. Мұнай өндіруді арттырудағы біздің тәсіліміз ұзақ уақыт бойына жабдықтардың жұмысын, технологиялық процестер мен коллектордың сенімділігін қамтамасыз ететін орнықты және жоспарланған қадамдардан тұрады.

Өндірістік қауіпсіздік біз үшін басты мәселе болып қалады, бұл мәселеде ымыраласудың орын алуы мүмкін емес.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

3 қазан 2017, 11:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.