Атырау, 25 сәуір 14:10
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Үздік қорғаныс – гол

2 250 просмотра


30 қыркүйекте «Атырау» футбол клубы қарағандылық «Шахтермен» өз алаңында ойнады. Алаң иелері 15-минутта-ақ ерекшеленді.

Марат ХАЙРУЛЛИН бұрыштан керемет доп берді. Оған меймандардың қақпашысы да, қорғаушылары да жете алмады. Ал украиналық легионер, қорғаушы Ризван АБЛИТАРОВ анағұрлым ширақтық танытып, допқа аяғын тоса қойды - 1:0.

Айта кету керек, алаңда мұнайшылар өзара түсіністік танытып, әп-сәтте қорғаныстан шабуылға көшті. Бірақ 22-минутта ақ-жасылдар қателік жіберіп алды: қарағандылық Ильнур МАНГУТКИН сол жақ қапталдан  айып алаңына әуелетіп доп соқты. Бірінші голдың авторы Ризван АБЛИТАРОВ допты қақпадан алысқа ұзатпақ болып, өзіне жауапкершілік алды. Бірақ доп аяғынан шығып кетіп, оны жартылай қорғаушы Игорь ПИКАЛКИН іліп алып, қақпаға салды  – 1:1.

Екінші таймда 55-минутта алаң иелері шабуыл жасап, керемет гол салды. Желаяқ Эльдар АБДРАХМАНОВ оң жақ қапталдан Марат ХАЙРУЛЛИНГЕ пас берді. Капитан айып алаңынан допты Йован ДЖОКИЧКЕ жолдады. Ол өзіне ашылған Новица МАКСИМОВИЧТІ байқап, оған допты жоғарыдан берді. Серб допты қақпаға асырып, «Атырауды» алға шығарды – 2:1.

71-минутта алаң иелері матчқа соңғы нүкте қойды. Бұған қорғаныс ойыншысы Эльдар АБДРАХМАНОВ күш салды. Ол бұл күні үздік алаң ойыншыларының қатарында еді. Ол допты өз алаңындағы оң жақ қапталдан алып шығып, серігіне жолдады. Пас шықпай қалды. Эльдар допты қағып алып, қайтадан жиырма метрден айналдыра соғып, нысанаға дәл тигізді – 3:1.

Осынау тамаша ойыннан кейін «Атырау» шығып қалу аймағынан көтеріліп, турнир кестесінің 8-ші орнына жайғасты. Келесі матчты мұнайшылар 14 қазанда Ақтөбеде өткізеді. Онда алматылық «Қайратпен» Қазақстан суперкубогы үшін бақ сынасады.

Марат ТАКУЛИН

 

2 қазан 2017, 17:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.