Атырау, 25 сәуір 12:32
 ашықВ Атырау +26
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Шенеуніктердің қазақ тілінде сөйлемеуі депутаттың намысына тиді

2 216 просмотра

Фото: Sputnik

Шенеуніктердің қазақ тілінде сөйлемеуі мәжіліс депутаты Бақытжан Әбдірайымның  намысына тиді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Бүгін мәжілісте өткен үкімет сағатында бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясын іске асыру мәселелері талқыланды.

"Бүгінгі біздің талқылап жатқан сұрақ өте маңызды және өзекті. Бірақ бұдан да зор бір мәселеге біз бүгін жауап таппадық, құрметті әріптестер. Және ол менің көңіліме, намысыма қатты тиді. 12 қазақ тілінде, яғни мемлекеттік тілде берілген сұрақтың 11-іне орыс тілінде жауап берді. Кім жауап берді? Әкімнің орынбасары, әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары, олар кіммен жұмыс істейді? Халықпен жұмыс істейді. Олар қазақ тілінде жауап бере алмаса, қалай жұмыс істейді?", — деп кейіді депутат. 

Халық қалаулысы Елбасының рухани жаңғыру жөніндегі өз мақаласында "мемлекеттік тілді құрметтеу — тәуелсіздікті құрметтеу" деп айтқанын еске салды. 

"Міне, бүгін жиынның басынан соңына дейін төрағамыз Владимир Карпович (Владимир Божко – мәжіліс төрағасының орынбасары) қазақ тілінде жүргізіп жатыр. Магеррамов мырза баяндамасын таза қазақ тілінде оқыды, Снежанна Имашева деген біздің қарындасымыз қазақ тілінде сөйлейді. Шиповских болса бізден жақсы қазақша сөйлейді", — деді Әбдірайым. 

"Біздің регламентте қазақ тілінде, яғни мемлекеттік тілде сұрақ қойылса, сол тілде жауап берілуі керек деп тікелей көрсетілген. Біз бұған қазір шектеу қоймасақ, осылай жалғаса береді. Сол себептен, төраға мырза, менің өтінішім, болашақта бізге келетін лауазымды қызметкерлер мемлекеттік тілде сұрақ қойылса, сол тілде жауап беруге тырыссын", — деген өтінішін білдірді депутат.

Айта кетсек, осы жиында дайындалмай келіп, қағаздан бас көтермеген шенеуніктер депутат Зағипа Балиевадан да сөз естіген болатын. 

Дереккөз: Sputnik Қазақстан

25 қыркүйек 2017, 11:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.