Атырау, 20 сәуір 15:20
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

"Ақтөбемен" тең түсті

Сурет
2 181 просмотра


Футболдан ел чемпионатының 27-турында «Атырау» «Ақтөбе» командасымен өз алаңында ойнады. Өткен турда «Астанадан» ойсырай жеңілгеннен кейін (7-0) мұнайшылар үш ұпай алуға тиіс еді, алайда ақтөбеліктер бұл орайда дес бермеді.

Қызыл-ақтар алғашқы минуттарда-ақ алаң иелерін тықсыра бастады. 13-минутта «Атырау» қорғаушысының асығыс берген добын Томаш Шимкович қағып алып, Руслан Валиуллиннің тамаша ашылғандығын байқап, оған әуелете жіберді. Жартылай қорғаушы допты жақын бұрышқа баспен соғып, есепті 0-1 қылды.

Мұнайшылар тек 21-минутта ғана есе қайтара алды. Эдуард Сергиенко берген кезекті доп Владимир Двалишвилидің аяғына келді. Грузин легионері айып алаңынан допты өзінен асыра ұтымды соқты. Қорғаушылармен қатар допқа ұмтылған қақпашы мүлт кетті, мұны Предраг Сикимич пайдаланып, екі метрдей жерден допты соғып, қақпаға кіргізді. Есеп – 1:1.

Меймандар бұдан кейін қарсы шабуылдар жасады. Алайда ақ-жасылдардың қорғаушылары жақсы қорғаныс жасады.  Дегенмен 30-минутта меймандар тағы бір гол салды. Томаш Шимкович допты әуелете берудің орнына Душан Савичке жермен жіберді. Македониялық шабуылшы қақпаға салуға әзір еді, бірақ допқа жете алмады. Сөйтіп атыраулық қақпашы Жасур Нарзикуловты шатастырды. Ол орнынан қозғалмастан тек қақпаға ұшып бара жатқан допты көзімен шығарып салды. Есеп – 1-2.

Мұнайшылардың ұнжырғасы түспеді, бірінші таймның бітуіне екі минут қалғанда есеп теңестірді. Жартылай қорғаушы Эдуард  Сергиенко айып алаңында ұшып түсіп, төреші еш ойланбастан он бір метрлік белгіден доп соғуға нұсқау берді. Новица Максимович еш қиындықсыз пенальтиді жүзеге асырды. Екінші таймда ойын тәсілі өзгерді. Екі команда да қорғаныс әрекетіне көбірек көңіл бөлді, бірақ шабуыл жасауды да ұмытқан жоқ. Дегенмен, ақтөбеліктер жақсырақ, тәртіпке сай ойын көрсетті. Ал алаң иелері допты жиірек жоғалтып, кейде дөрекі қателіктер жіберіп, әлденеше рет бас бапкер Сергей Павловтың ашуын келтірді. Ашу кезінде ресейлік маман балағаттап та жіберді. Жанкүйерлер де ақ-жасылдарды жалқаулар деп айқайлаумен болды.

Матч тең аяқталды, енді «Атырау» 26 ұпаймен кестеде 11-орын алды. Ал келесі ойынды 23 қыркүйекте Көкшетауда «Оқжетпес» командасымен өткізеді.   

Марат ТАКУЛИН

Суреттерді түсірген автор

17 қыркүйек 2017, 16:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.