Атырау, 24 қыркүйек 11:50
Күндіз ашық+24, кешке +17
ҚР Ұлттық банкінің валюта бағамы: $ 340.35  € 405.46  P 5.87

Нұрсәуле Сайлауова: Босқа дүрлікпеңіздер!

10 қыркүйек 18:15


Біздің жергілікті мектептерде оқулықтар жетіспеушілігі болмау керек. Алайда, кей кітаптар баспалардың кінәсінен кешігіп жатыр. Бұл туралы Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле САЙЛАУОВА брифингте хабарлады.

ОҚУЛЫҚТАР МЕН ДӘПТЕРЛЕР ЖЕТКІЗІЛЕДІ

Негізгі ақпараттар педагогтардың тамыз конференциясында айтылды, сондықтан брифинг «сұрақ-жауап» ретінде өтті.

- Оқулықтарға жеткілікті тапсырыс бердік. Биыл бірінші және екінші сыныптар үшін оқулықтарға ғана емес, әдетте ата-аналар сатып алып жүрген дәптерлерге де тапсырыс жасадық. Алайда, бәрі бірдей мектептерге жеткізіле қоймады. Мысалы, «Бөбек» баспасының оқулықтары тиелген вагон Атырауға кеше ғана келді. Одан бөлек, оқу жылының басында болатын ұйымдастыру тұстары да бар. Мектептер жаңа оқушылардың нақты санын есептей алмайды, ал, Атырауда оқушылар саны артуда. Биылғы оқу жылында оқушылар саны 6 мыңға артса, бірінші сынып оқушылары басқа жақтан келушілер есебінен бір мыңға артқан. Біздің облысқа еліміздің барлық өңірінен, соның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысынан келушілер көп. Ата-аналарға базарлар мен кітап дүкендеріне асықпаңыздар, жетіспейтін кітаптарды мектептерге әкелгенін күтіңіздер дегім келеді, - деді Н.Сайлауова.

Сонымен қатар, ол бес күндік оқуға арналған күнделіктерді жаппай сатып алуға байланысты дүрлікпеуге шақырды. Сатушылар олардың бағасын қазір тым көтеріп жіберген. Бес күндік оқу барысында кәдімгі күнделіктерді де пайдалануға болады, мектептердің оларды ауыстыруды талап етуге құқылары жоқ.

Қазіргі оқулықтардың сапасына ата-аналар мен мұғалімдердің көңілі толмайды. Оқытушылар оқу құралдарындағы қателіктерді теріп жатыр. Келесі аптада облыстық оқу-әдістемелік кабинеттің жиналысы өтеді, оның қорытындысы бойынша білім министрлігіне қателіктерді жою бойынша ұсыныс жолданады.

ФАКУЛЬТАТИВТЕР МІНДЕТТІ ЕМЕС

Бес күндік оқу аптасын енгізуге қатысты ата-аналардың сұрағы көбейді, соның ішінде – сенбі күндері факультативтік және вариативті сабақтарға қатысу міндеттеле ме деген сұрақ мазалайды. Себебі, ондай жағдайда бес күндік оқудың мәні де жоғалады. Сайлауованың айтуынша, мектепті бес күндік оқуға көшіру және вариативті және факультативті сабақтарды енгізу мәселесі оқу орындарындағы қамқоршылық кеңесімен (бұрынғы ата-аналар комитеті) бірлесе отырып шешілуі тиіс. Яғни, қосымша сабақтар міндетті емес.

ҚАНДАЙ МҰҒАЛІМДЕР ЖЕТІСПЕЙДІ?

1 қыркүйекке дейін өңірімізде 7 жаңа мектеп пайдалануға берілгенімен, облыс орталығында 9 мектеп үш ауысыммен оқуды жалғастыруда. Осыған байланысты Атырау басшылығы 8 жаңа мектептің жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтауды жеделдетуді жоспарлап отыр. Нұрсаядағы №37 мектептің қолданысқа енгізілуі жақын маңдағы ықшамаудан тұрғындарының түрлі реакциясын тудырды. Олардың көпшілігі мектепте орыс сыныптарының жоқтығын біліп, балаларын әлі күнге дейін №30, 3, 5 және 16 мектептерге тасуда. Бастапқыда мектепті аралас ету жоспарланған, алайда орыс тілді мұғалімдердің жетіспеушілігі жоспарды өзгерткен. Былтырғы оқу жылында облыста 340 мұғалім жетіспеді. Биыл кадр құрамы 105 оқытушымен толықты, алайда олардың 80% - қазақ сыныптарының мұғалімдері. Сондықтан қазір орыс сыныптарында 40 оқушыдан оқиды. Осыған байланысты орта техникалық гимназия (СТГ) ұжымына үлкен жүктеме түсіп отыр, Нұрсая мен Самалдан келетін оқушылардың көптігіне байланысты 8 бірінші сынып ашуға тура келген. Қазір гимназияның бастауыш сыныптарында 900-ден астам бала оқиды.

Облыс басшылығы абитуриенттерге арнап 222 «әкім грантын» бөлді, оның 158-і – орыс сыныптарындағы мұғалімдерді оқыту үшін. Мәселені осылай шешу жоспарлануда. Ал, жақын кезеңдегі жоспарларға келсек – келесі оқу жылында №37 мектепте бірнеше «орыс» сыныптарын ашу мәселесі тұр.

ГИМНАЗИЯ ЖОЛЫ

Журналистер техникалық гимназия ашылғалы бері өршіп кеткен көлік мәселесіне қатысты қиындықты да айналып өтпеді. Гимназияға автобуспен жету қиын болғандықтан ата-аналар балаларын көлікпен тасуға мәжбүр. Алайда, балаларды тасымалдауды ұйымдастыруға болмайды: ережелерге сәйкес, билік мектеп автобустарын жол 3 шақырымнан кем емес жағдайда ғана бөледі.

- Оқу жылы басында ата-аналардың көпшілігі ешқандай сөзді тыңдамай, гимназияға жүгірген. Алайда, Нұрсаяға дейінгі жолдың қиындығын көріп, балаларын бұрынғы мектептеріне ауыстырып жатыр. Әңгіме жаңа келген оқушыларға қатысты. Бұрыннан оқып келе жатқан оқушылар ешқайда кетпеді. Сондықтан, балаларын үйлерінен алыс жерлердегі мектептерге беретін ата-аналардың ойлануын сұраймын. Сабаққа үнемі кешігу, одан кейін мұғаліммен бірге мектепте ата-аналарын күту – балалар үшін үлкен күйзеліс. Ал жақсы мұғалім кез келген мектепте бар, - дейді сенімді түрде Н.Сайлауова.

ХИДЖАБ МЕКТЕПКЕ АРНАЛМАҒАН

Журналистер мектептерде хиджаб киюге тыйым салу мәселесін көтерді. Н.Сайлауованың айтуынша, бұл мәселе өте өзекті. 2016 жылдың 1 қыркүйегінде мектептерге 140 қыз бала хиджабпен келсе, биыл олардың саны 200-ге жетті.

-Біз олардың діни көзқарастарына қарсы емеспіз, алайда оқушылардың барлығы ережелерді, соның ішінде сыртқы келбетіне қатысты қағидаларды сақтаулары тиіс. Ата-аналар сотқа беретіндерін айтып, арыз жазады, дегенмен, көпшілігі түсіндіру жұмыстарынан кейін біздің дәлелдерімізбен келісіп жатады.

ТІЛ ҮЙРЕНУ

Жаңа стандарттар бойынша үштілді оқыту аясында өз пәндерін ағылшын тілінде өткізетін мұғалімдердің жалақысына 1 қыркүйектен бастап едәуір үстеме қосылмақ. Алайда ол үшін ұстаздар ағылшын тілін В1, В2, С1, С2 деңгейінде меңгеріп, сәйкесінше сертификаттарға ие болуы керек. Біздің облыста әзірге ондай мұғалімдер жоқ екен. Информатика, химия, физика, биология пәндерінің 48 оқытушысы тілдік курстардан өтіп, А1, А2 деңгейінің сертификаттарын алған. Тағы 350 мұғалім оқуды жалғастыруда.

Зульфия ИСКАЛИЕВА 

Суретті түсірген автор

Нашли ошибку? Выделите её мышью и нажмите Ctrl + Enter.

10768 рет қаралдыБасты бет

Тақырып бойынша жаңалықтар

Ата-аналар бойкот жариялады  1032 рет қаралды

Жаңарған 1-сыныптар қалай оқып шықты?  1695 рет қаралды

ҰБТ, лагерьлер, балабақшалар, ЭКСПО және грант  1786 рет қаралды

АтМжГИ-де Қытайдың 80 студенті оқитын болады  1015 рет қаралды

Басты бет

1 2 3 4 5 6