Атырау, 19 сәуір 20:50
 ашықВ Атырау +19
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Көлігі көп елдердің қатарындамыз

2 755 просмотра


Биыл қаңтар мен шілденің аралығында ҚР әкімшілік полициясы органдарында 559 802 бірлік автокөлік тіркеуге қойылған (былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 16 %-ға көп). Атырау облысында – 17 229 (Атырау қаласында 9 372), 17,5%-ға артық.

Келісімдердің көпшілігі қалыптасқан үрдіске сәйкес екінші қайталама нарықта жасалады. Былтыр салондардан жаңа көліктерді сатып алушылардың 6%-ы алса, биыл тек 4% жүгінген. Бұл жаңа автокөліктердің бағасының шарықтауына және халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуіне тікелей байланысты.

Біздің мұнайға бай өңіріміздегі ең танымал автокөлік брендтерінің үштігі мынадай - Lada, Toyota және Gaz. Адамдар көбіне бағасы қолжетімді болған соң ресейлік көліктерді таңдайды. Тойота біздің дал-дұлы шыққан жолдарымызда сыннан өткен сенімді көлік болып есептеледі. Әрі қарай - Hyunday, Volkswagen, Kia. Тізімді BMW мен Audi аяқтайды. Әуесқой автокөлік иелерінің айтуынша, BMW-ның қосалқы бөлшектері қымбат, ал, Audi-дің бағасы қымбат және беріліс қорабы да нашар.

Автокөліктердің «жасына» келсек: Атырау облысында сатып алу бойынша бірінші орында 10 жылдан артық жүрген көліктер тұр (6727), одан кейін 3-тен 10 жылға дейінгі көліктер (5756) және 3 жылға дейінгі көліктер (4746).

ҚР Статистика Комитетінің мәліметінше, 2017 жылғы 1 қаңтарда Атырау облысында 117 484 автокөлік болған. Салыстыру үшін ғаламдық цифрларды келтірейін. 2011 жылы БҰҰ 100 елдегі 1000 адамға шаққандағы автокөлік санын есептеп шығарды. Қазақстан бұл тізімде 49-орынға жайғасып (189 бірлік), Түркия, ОАР, Таиланд сияқты елдердің алдын орап алды. Көш басына Монако шықты (907), одан кейін АҚШ (802), Лихтенштейн (766) және Исландия (746). Ал, 2015 жылы біздің елімізде 1000 адамға 252 автокөлік болса, абсолюттік цифра 4,5 млн-нан асып кетті.

Сарапшылар бұл жерде цифрлар Жапониядағыдай қорқынышты емес, әлі де өсуге болатынын айтады. Онда 1000 адамға шаққанда 453 авто келеді – бұл халқы тығыз орналасқан ел үшін өте көп. Соңғы он жылда ел үкіметі ірі автоөнеркәсіптің қажеттіліктері мен үлкен қалалардағы экология арасындағы балансты ұстауға тырысуда. Жергілікті тұрғындар шағын литражды автокөліктермен жүреді. Ал, жол талғамайтын көліктер негізінен экспортқа жөнелтіледі.

Ал, Қазақстанда уақыт өткен сайын автокөлікті газға ауыстыру сәнге айналуда. Жанармаймен салыстырғанда сондай мөлшердегі газ құйған автокөлік аз жүреді әрі қозғалтқыш та тез тозады, дегенмен, үнемді шығады. Мысалы, Атырау облысында айына, шамамен 500 көлікке газбаллон қондырғысы орнатылады.

Марат ТАКУЛИН

Cуретті түсірген автор

6 қыркүйек 2017, 19:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.