Атырау, 28 наурыз 20:26
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

"Ерлі-зайыпты" еркектер

6 523 просмотра


Бір жынысты отбасылар тек Еуропа елдерінде немесе ірі қалаларда емес, қанша қарсылық танытсақ та, шағын қалаларда да бар. Атыраудағы осындай отбасылардың бірі Максим мен Мақсат (аты-жөндері өзгертіліп алынды) ерекше отбасылық өмірлері туралы сыр шертуге келісім берген болатын.

Олар өздері туралы не ойлайды

- Өздеріңіздің «ерекше» екендеріңізді қашан, қалай білдіңіздер?

Мақсат: Мен Алматы облысының тумасымын. Бала кезімде балалармен «әке-ана» ойынын ойнаған кезде мен ылғи ананың рөлінде болып, өзіммен қатар балалардың қолынан ұстап, қыз секілді киінетін едім. Сол кезден басталған сияқты. Өсе келе ұлдарға «ерекше» сезім пайда болды. Түсініп, өз-өзімді қабылдадым.

Максим: Мен Ресейде тудым. Өзімнің ерекшелігім туралы 20 жасымда бір-ақ білдім. Оған дейін жүретін қызым болды, тіпті, үйленуге де дайын болдым. Бір күні өзге жас жігітпен қосылып қойып, өзімнің кім екенімді, кім ұнайтынын білдім. Ұзақ уақыт мұны қабылдай алмай, өзіммен-өзім іштей күресіп, біраз күйзелісте жүрдім. Өмірден түңіліп кетуге дейін бардым, ақыры «жеңілгенімді» мойындауға тура келді.

- Отбасыларыңыз, достарыңыз «ерекшеліктеріңізді» қалай қабылдады?

Мақсат: Мен балалар үйінде өстім, сол себепті отбасым туралы хабарым жоқ. Қазір қуанамын, әке-шешем осындай екенімді білсе, менен баз кешер еді. Достарым бірен-сараң. Өзім туралы бірнеше досыма айтқам, мені ұрып, бетіме түкіріп кетті. Қазіргі достарым біледі. Қонаққа келіп тұрады.

Максим: Ал менің ата-анам Ресейде тұрады. Олар мен туралы ештеңе білмейді. Білмей-ақ қойсын.

- Сіздер мұны ауру деп есептейсіздер ме, бұдан емделіп көрдіңіздер ме?

Мақсат: Мұны ешкім емдей алмайды. Емдейміз деп айтатын дәрігерлер ештеңе істей алмайды, тек ақша табудың жолы ғой. Емделгіміз де келмейді. Бақыттымыз, ал бақыттан емделу - есі ауысқан адамның ісі.

- Бір-бірлеріңізді қалай таптыңыздар? Отбасын құру туралы шешімге қалай келдіңіздер?

Мақсат: Әлеуметтік желілерде арнайы парақшалар ашып, бір-бірлерін іздейді. Өйткені, адамға адам керек. Күн сайын өзіңді жасырудан шаршайсың. Сол себепті өзің секілділерді іздейсің. Біз де осылай бір-бірімізді іздеп таптық. Алты айдан соң 2015 жылдың наурызында отбасы құру туралы нақты шешімге келдік. Жұмысымыз Атырауда болғасын тек бірге тұратын үй табу қалды. Тез тауып, көшіп алдық. Үйлену тойымыздың ерекшелігі - тек екі қонақ болды. Ол - мен және Максим (күліп). Мейрамханалардың бірінде кешкі ас ішіп, келесі күні Еуропаны аралап, сонда бал айын өткіздік. Келген соң бірге отбасылық өмірді бастадық.

- Әйел - отбасының ұйытқысы, ал сіздерде ше? Қайсыңыз «әйелдің» рөліндесіздер?

Мақсат: Бізде рөлді бөлетін де уақыт жоқ. Мен жергілікті компанияда менеджер болсам, Максим шетелдік компанияда инженер болып жұмыс жасайды. Екеуміз үйге кешке бір келеміз. Демалыс күні бірге үй жинаймыз. Тұрмыстық мәселелерді бірге шешеміз.

- Сіздер қол ұстасып  ел алдына қаншалықты жиі шығасыздар? Жұп екендіктеріңізді білдіртесіздер ме?

Максим: Қол ұстасып шықсақ қолымызды шауып тастайтын болар. Мейрамханаларға жиі барамыз, дос ретінде әңгіме айтып, қыдырамыз. Ешкім күдіктенбейді де. Көпшіліктің қарсылығын білеміз, сондықтан ашық білдіртпейміз. Қазақстанда гомофобтар көп. Алдағы уақытта Еуропаға қоныс аударуды жоспарлап отырмыз. Некемізде сол жақта заңдастырғымыз келеді.

- Атырауда сіздерден бөлек тағы қанша «ерекше» отбасы бар екенін білесіздер ме?

Мақсат: Біз оны білмейміз. Себебі, бәрі жасырын, біз өзіміз туралы ортағасырлық пікірдегі адамдарға жар салғымыз келмейді.

- Ортағасырлық пікірдегі?

- Иә, олар туралы біздің пікіріміз сондай. Жасырын болса - құлағымыз тыныш. Сізге айтсам, кейін еріккендер аңшылыққа шыға бастайды. Біз ұры немесе қылмыскер емеспіз. Ешкімді өлтірмедік. Тек қателікпен туылдық. Сол үшін жазықтымыз. Сол себепті бізге жауға қарағандай қарауды қойыңыздар.

Мамандар не айтады

Бұл туралы рухани, психикалық мәселелерге жақын екі адамның пікірін тыңдап көрдік.

Мұрат МҰСТАФАЕВ, Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітінің наиб-имамы:

- Бұл - өте үлкен ауыр күнә. Әйел мен әйелдің, еркек пен еркектің қосылуының үкімі де, күнәсі де ауыр. Осы жолда жүргендер мешітімізге келгенде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, барынша дұрыс жолға саламыз. Бірақ шешім қабылдау өз еріктерінде...

Ғайнижамал ӨМІРОВА, Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары:

- Гомосексуализмді психотерапиялық әдістермен алғашқы сатысында емдеуге болады деп есептеймін. Алайда өсе келе емдеу мүмкін болмайды. «Бала кезден қыздың ойыншықтарына қызығып, көгілдір, ер баланың ойыншықтарына қызығып,  лесби болады» деу қате пікір. Қабылдағыш келетін бала санасында ойыншықтан гөрі  тәрбиенің маңыздылығы зор.

- Сіздің орталықта бір жынысты жандар тіркелген бе?

- Жоқ. 

Фархат ӘБІЛОВ

5 қыркүйек 2017, 12:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.