Атырау, 18 сәуір 23:39
 ашықВ Атырау +24
$ 448.89
€ 477.93
₽ 4.76

Спорт жаңалықтары

3 613 просмотра

ФУТБОЛ

«Атырау» ФК футбол орталығының 2005 жылғы спортшылар командасы барлық мүмкіндіктері болса да, ҚР біріншілігінің «Төрттік финалынан» өте алмады.

Еліміздің төрт қаласында біріншіліктің 4-туры өтті. «Атырау» командасы Ақтөбеде «Б» тобында ойнады. Алдын ала турнир нәтижесі бойынша «Атырау» мен «Ақтөбе» ұқсас статистикаға ие – 12 матчта алған 23 ұпайдан, 7 жеңістен, 2 теңбе-тең ойыннан және 3 жеңілістен тұрады. «Ақтөбе» финалға шығып, «Атырау» командасы «Тобыл», «Ертіс» және «Қайрат» футбол орталықтарының командаларымен 5-8 орындар үшін күресетін болады. Алаң иелері жеке кездесу бойынша біздікілерден алға озды.

- Бәрі дұрыс. Біздің командалар өзара 4 матч ойнады, «Ақтөбе» 2 рет ұтты, «Атырау» 1 рет жеңіп, 1 ойын теңбе тең өтті, - дейді «Атырау» ФО жастар және балалар-жасөспірімдер футболын дамыту бағдарламасының жетекшісі Талғат Қажғалиев. – 10 доп соққан шабуылшы Темірлан Жиеналиев, жартылай қорғаушы Бектас Жақсылық, қорғаушы Берік Жақсылық пен қақпашы Абылайхан Сансызбай өздерін жақсы көрсетті. Келесі кезеңнің матчтары 24-29 қыркүйекте өтеді. 

***


«Судоремонтник» стадионында облыстық «Ақ бидай» ауыл спорты ойындары өтті.

Футбол турниріне Атырау қаласындағы ауылдық окургтер мен аудандардан 8 команда қатысты. Алдын ала екі топ бойынша ойын өткізіліп, олардың ішінен мықты командалар жартылай финалға шықты.

Бірінші жартылай финал жұбында «Жылыой» мен «Қызылқоға» командалары ойнап, матч Жылой ауданы командасының пайдасына 7:3 есебімен аяқталды. «Атырау» мен «Махамбет» арасындағы ойында қала тұрғындары 7:2 есебімен жеңіске жетті. Финалда «Жылыой» «Атырау» командасын 6:4 есебімен жеңіп, 3-орын үшін таласқан ойында «Махамбет» «Қызылқоға» командасынан 7:3 есебімен үстем түсті.

***

ШАХМАТ

Павлодарда өткен ҚР балалар Кубогының V кезеңінде атыраулық жас шахматшылар командасы ойдағыдай өнер көрсетті,

Сайысқа еліміздің 10 облысынан жас дарында қатысты. 9 турдың нәтижесі бойынша №27 мектептің 3-сынып оқушысы Зарина Сарыбай күміс алқа, ал №36 мектептің 5-сынып оқушысы Зухра Сәрсенби қола алқа иеленді. Балаларды БЖСМ-1 мектебінің тәжірибелі тәлімгерлері Сабырбай Ғайсин мен Жәнібек Аманов жаттықтырады.

***

КҮРЕС

Атырауда 2000-02 жылғы жасөспірімдер арасында белдесіп күресу бойынша ел чемпионаты өтті. Облыс құрамасының аға бапкері Асылбек ҚАЛИЕВТЫҢ айтуынша, оның шәкірттері сайыста лайықты өнер көрсеткен.

Біздің командамыз 3 алтын, 2 күміс және 3 қола алқаны қоржынына салды. Осы нәтижемен команда Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы замандастарын алға жіберіп, 3-орын алды. Алтын алқаны - апалы-сіңлілі Айзада (52 келіге дейін) мен Гүлзада (57 келіге дейін) Алмаз және Карина Мұқашева (70 келіден жоғары), күміс алқаны – Ерсін Тұяқбай (50 келіге дейін) мен Құралбек Саталиев (55 келіге дейін), қола алқаны – Алтынбек Серіков (50 келіге дейін), Дулат Ерболат (55 келіге дейін) пен Ринат Қосжанов (77 келіге дейін) иеленді. 

Суретте Қ.Саталиев, Е.Тұяқбай және А.Серіков.


ЖЕКПЕ-ЖЕК

Атырауда өткен ҚР Кубогында қоян-қолтық ұрыс бойынша Атырау облысының құрамасы командалық бірінші орынды иеленді.

Алмас Мұқаев, Мерей Каштенбай мен Мирас Шантасов алтын алқа, Талғат Жұмағалиев пен Бауыржан Күмісқалиев күміс алқа, Нұрберген Бекболат, Өмірбек Шайпенов, Қайырғали Әділбек, Санат Нағимов, Думан Балмұханов пен Арғын Сабиров қола алқа иеленді.

БОКС

Грозный қаласында Ахмат Кадыровты еске алуға арналған «А» сыныпты 9-шы халықаралық турнир өтті. Оған Ресейден, Қазақстаннан, Қырғызстанн, Әзірбайжаннан, Украина, Белоруссиядан, Молдова мен Германиядан 100-ден астам спортшы қатысты.  

Қазақстандық боксшылар бұл жерде алты алқаға – бір алтын, екі күміс және үш қола алқаға ие болды. Қола алқаның бірі Мақат ауданынан 64 келіге дейінгі салмақта қатысқан Қазбек Сапеновтің еншісіне бұйырды. Бұл оның ересектер санатындағы додаға алғашқы қатысуы еді. Қазір Қазбекті облыс құрамасының аға бапкері Қанат Орақбаев жаттықтырады.

БАСКЕТБОЛ

Астрахан облысының Нариманов қаласында Астрахан губерниясының құрылғанына 300 жыл толуына орай ұйымдастырылған 2005-06 жылғы және одан төменгі жастағы жасөспірімдер арасында халықаралық турнир өтті.

Оған Ресейдің Оңтүстік Федералдық округінің қалаларынан 9 команда мен «Атырау Барыстары» баскетбол академиясының командасы қатысты.

Бұл балалардың шетелдегі алғашқы сайысы болды. Турнирге жауапкершілікпен қарап, өте мықты бәсекелестерімізді зерттедік. Мәселен, осы жастағы Волгоград командасы – чемпионаттың қола жүлдегері және Ресей Кубогының иегері, - дейді бапкер Амантай Торғаев. – Бірінші матчта 4 ұпай айырмашылықпен алаң иелерінен ұтылып қалдық, содан кейін екі мачта жеңдік, ал келесі турда Волгоград командасына жол бердік. Волгоградтық құрдастарымен үшінші орын үшін таласқан ойын тартысты болды.

Ойын аяқталуға 11 секунд қалғанда біз бір ұпай айырмашылықпен ойнадық, ал 7 секундтан кейін бір ұпайға ұтылып бара жаттық. 4 секунд қалды, мен тайм-аут алып, ойынды кім өзіне алады деп сұрадым. Бізде Ильяс Рахмет деген бір бала бар, ол маған сеніңдер деді. Айтқандай, ойын жалғасқаннан кейін финал сиренасы естілгенше ол шеңберге доп түсіріп үлгерді. Міне, ойын осылай аяқталды. 

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

31 тамыз 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.