Атырау, 20 сәуір 00:40
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

​Американы көргің келсе – еңбек ет

Сурет
5 512 просмотра


Дәурен ЖАРМҰХАНОВ – соңғы 15-20 жыл ішінде ағылшын тілі білімін шыңдау үшін және Американы көру үшін  түрлі елдердің студенттеріне арналған Work and Travel жазғы бағдарламасы бойынша АҚШ-та болған, сонымен қатар, азғана болса да табыс табуға тырысқан атыраулық студенттердің бірі.

Дәурен биыл Атырау мұнай және газ университетін тәмамдап, осы жазда Work and Travel бағдарламасы бойынша Штаттарға екі рет барды. Ол қазір де сол жақта жүр. Біз онымен WhatsApp арқылы сөйлескен едік.

- АҚШ-ға бару идеясы қалай ойға келді?

- Мен өзім белсенді адаммын, университетке түскенге дейін бір қайырымдылық ұйымында ерікті болдым. Студент болған соң курстастарымды «ширықтыруды» ұйғарып, жоғары оқу орнының студенттер кеңесінің құрамына кіріп, кейін оған жетекшілік еттім. Біз түрлі шаралар ұйымдастырып, студенттер үшін сауық кештерін, жас жұлдыздармен бірге концерттер өткіздік. Қайырымдылық акциялары да болды.

Жұмыс барысында мен интернет-маркетингке, сондай-ақ, сайттарды алға жылжыту, мәнмәтіндік жарнамаларға қызығушылық білдіріп, ағылшын тілін игеру керектігін сезіндім. Сол сәтте Work and Travel туралы ақпарат кезігіп, құжаттарымды тапсырдым.


- Бүкіл құжаттарды ресімдеп, виза алу қаншалықты қиынға соқты?

- Өткен жылы бірінші сапарыма өтініш бергенімде тап осы жолғыдай толқымаған едім. Өйткені, мен үшінші курста оқып жүрген едім, ал биыл соңғы курс студентіне виза алу мүмкіндігі аз болатын. Бірақ алдым. Бағдарлама уақыты жаз уақытына және қыркүйекке арналған. Яғни, Штаттарда үш ай қызмет көрсету және сауда саласында жұмыс жасап, қыркүйек бойына бүкіл елді аралап жүруіңе болады.

- Ал бұдан бұрын ағылшыншаң қандай еді?

- Алғашқы сапар алдында курстарға барып жүрдім, бұған дейін ағылшын тілім мектеп қорымен шектелетін. Аптасына 6 рет айналысып, үйренуге тырыстым. Қазір менің ағылшыншам жақсы, сөйлескенде адамдарды түсіне аламын, мені де түсіне алады.

- Сен қазір Америкада жұмыс істейсің бе?

- Мен өзім қазір аптасына 6 күн екі жұмыс жасап жүрмін. Таңертең шағын қонақ үйдің бөлмелерін жинаймын, бақташы әрі сылақшы болып жұмыс істеймін. Сондай әмбебаппын. Ал кешкісін – мейрамханадамын. «Даяшының көмекшісі» деген жұмыс бар. Ашылмас бұрын залды дайындаймын - ыдыстарды, үстелдер мен орындықтарды сүртемін, үстел үстін жабдықтаймын. Тамаққа ақша шығындамаймын – екі жұмыста да өздері тамақтандырады, тек осы бағдарлама бойынша Қазақстаннан келген басқа балалармен бірге жалдаған пәтердің жалға алу ақысының бір бөлігін төлеймін.


- Сен қазір қай қалада тұрып жатырсың? Демалыс күндеріңді қалай өткізесің?

- Атлант мұхитының жағасындағы Нью-Джерси штатының Кейп Мей деп аталатын қаласында тұрамын. Негізінен жағажайға барып демаламын, кейде көрші қалаларға барамын. Қыркүйекте Калифорнияға бару үшін ақшамды жинап жүрмін.

- Неге Калифорнияға?

- Өткен жылы жазғы жұмысымнан кейін шығыс жағалауды: Нью-Йорк - Вашингтон - Филадельфия – Ниагара сарқырамасы – ұлттық бақтарға саяхат жасадым. Бұл автобуспен жасалған тур болатын. Енді басқа маршрут болмақ. Балалармен бірге көлікті жалға алып, Лос-Анджелес, Сан-Франциско, Лас-Вегас және Гранд Каньонға барғымыз келеді. Мұның бәрі қызықты болады деп ойлаймын!

- Ал коммуникация тұрғысында қандай? Жергілікті тұрғындармен тіл табысу оңай ма?

- Өте оңай. Егер ағылшын тілің жетік болса, кез-келген бейтаныс жандармен тілдесу оңай. Бұл курортты қала, мұнда орташадан жоғары ауқаттағы жандар отбасыларымен келеді. Сондықтан бұл жер тыныш әрі жайлы. Әрине, қалалардың бәрінде ондай емес, әсіресе, ірі қалаларда. Былтыр құрбыммен бірге Чикагоға өзім жақсы көретін «Милан» футбол командасының көрмелік матчына барғанбыз. Қатты әсер қалдырды, 13 жыл бойына сол клуб үшін жанкүйер болып, ол қатысқан матчты өз көзіңмен көрудің қандай екенін сөзбен айтып жеткізу қиын ғой! Біз стадионнан кеш шықтық та, бір түнге баспана жалдау үшін ақша жұмсамауды ұйғарып, түнгі қалада қыдырдық. Осы уақытта тек афроамерикандықтардың тобын ғана көрдік. Олар бізге қарап, жағымсыз нәрселерді айтып айқайлады. Рас, «тұмсық бұзу» секілді ниеттер болған жоқ. Біз оларға мән бермеуге тырыстық. Таңертеңгі сағат 6-да әуежайға кеттік. Ішіміз пысқан жоқ.

- Бізде Атырауда автобустардағы жолаушылар қозғалысына қатысты мәселе керемет емес. Ол жақта қалай екен?

- Көлік жағы жақсы ойластырылған. Телефондағы қосымша арқылы бүкіл кестелерді, өз маршрутыңды көріп, жол ақысын бірден төлеуге болады. Автобустардың барлығы үлкен әрі жаңа. Қолыңда телефоның болса адаспайсың.


- Ол жақта медициналық қызметті пайдаланған кезің болды ма?

- Бағыма қарай, болмады. Бірақ бағдарлама құнына медициналық сақтандыру кіреді. Егер, мәселен, сырқаттанып қалса, онда дәрігердің бір кеңесі 100-ден 400 долларға дейін болады. Қай жерде де сырқаттансаң қымбатқа түседі.

- Аз уақытқа болса да өзге елде жүрсің. Сағыныш бола ма?

- Үйімді, анам мен достарымды қатты сағынамын. Ал екінші жағынан тағы бірер жыл осы жақта қалып, жұмыс істеп, Американы жақсырақ білгім келеді. Бірақ бір жарым айдан кейін бағдарлама аяқталған соң үйге ораламын.

- Жалпы өзіңнің американдық сапарың туралы не айтасың?

- Мұны өмірімдегі маңызды сәт деп есептеймін. Маған басқа елдің адамдарымен танысуға, ағылшыншамды жақсартып, ой-өрісімді кеңейтуге, әлемді көруіме мүмкіндік туғанына қуаныштымын.

Анастасия АЛЮШИНА

Суреттер Дәурен Жармұхановтың жеке мұрағатынан алынды

22 тамыз 2017, 15:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.