Атырау, 19 сәуір 23:08
 ашықВ Атырау +27
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Дәрігермен дәрігер туралы

6 627 просмотра

"АЖ" Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк АЙМҰРЗИЕВАҒА бірнеше сауалдар жолдады.

- Атырау облысының көптеген тұрғыны өз сырқатының диагнозын білуге және емделуге Ақтөбе, Алматы, Астанаға немесе көрші  Астрахан қаласына барып жатады. Әрине, бұл әркімнің өз қалауында ғой. Алайда, бұл атыраулық дәрігерлерге деген сенімсіздікті білдірмей ме?

 - Иә, сіз дұрыс айтасыз, әркімнің өз қалауында. Алайда, тұрғындардың басым бөлігінің сол қалаларға барып емделеді дегеніңізбен өз басым келіспеймін.

 - Дегенмен, бізде қойылған диагноздардың басқа қалаларда теріске шығып, мүлдем басқа диагноз қойылатын жағдайлары аз емес. Қай сырқаттың да дұрыс қойылған диагнозге байланысты болатыны белгілі ғой.

 - Атырауда дәрігерлер нашар, ал басқа жерде керемет мамандар екен деп айту орынсыз. Дәрігерлік қателіктер, оның ішінде дигноз қоюдан қателесуден ешкім де жүз пайыз сақтандырылмаған. Қателіктер жіберу дүние жүзінің емдеу- сауықтыру орындарында да кездеседі. Айталық, беделді деген «British Medical journal» мәлімдемесі бойынша жыл сайын дәрігерлердің қателігінен 256 мың адам қайтыс болады екен. Мен мұны ақталу үшін айтып отырғаным жоқ, бізде мұндай жағдайлар мұқият тексеріліп, кінәлілер жазасын алады. Мүлдем қателіксіз медицина болмайды.

 - Мынадай жағдай орын алды. Менің танысымның кенеттен қызуы көтеріліп, оған облыстық ауруханаға тек портал арқылы жатып, ем ала алатындығы жөнінде айтылды. Бірақ, портал арқылы тіркелуге ең аз дегенде 15 күн уақыт кетеді. Жалпы, порталдың қажеттілігі қаншалықты маңызды?

 - Бұл жерде қандай да бір түсініспеушілік болған болар, өйткені, қызуы жоғары науқас шұғыл көмек көрсетілуі тиіс науқастар санатына жатады. Ал, портал адамдарға жоспарлы ем алу үшін жасалған.

 - Адамдар жедел жәрдемнің науқасты үйінен алып кетіп, облыстық ауруханаға алып барғанында олардың  қабылдамағанын айтады, соның салдарынан дау туындаған. Осындай келеңсіздіктерді жоюға бола ма?

- Өткен жылдың өзінде облыстық аурухананың қабылдау бөліміне 27500 науқас келіп қаралып, оның 14945-і қабылданған. Яғни, қабылдау бөліміне қаралған адамдардың 48,5 пайызында ауруханаға жататындай аса қауіпті жағдай байқалмаған. Сондықтан, «қатерлі жағдайда дәрігерлердің шу шығарып, қабылдамайды» деген пікіріңіз негізсіз деп ойлаймын.

- Біздің өңірде дәрігерлердің  жетіспейтіндігі бұрынғыша өзекті күйінде қалып отыр ма?

- Бүгінгі күні медицина мекемелеріне 144 маман жетіспейді. Бос орындарға толықтай болмағанмен ішінара мамандар қабылданып жатады. Айталық, соңғы уақыттарда аудандарда 23 дәрігер жұмысқа кірісті. Біздің облысымызға келген жас мамандардың саны өткен жылмен салыстырғанда біраз артты. Олардың арасында С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін акушер- гинеколог мамандығы бойынша, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетін бала хирургы бойынша тәмамдағандар, сонымен қатар, терапевт, инфекционист, педиатр, онколог, фармацевт, хирург, анестизиолог- реаниматолог, кардиолог т.б. бар.

 - Атырау облысы денсаулық сақтау саласына биылғы жылы қанша қаражат  бөлінді?

 - 32 млрд 42 млн теңге. Өткен жылы 27 млрд 806 млн. Бұл айтарлықтай үлкен қаржы, бастысы – мақсатты жұмсау, бізде бар күшімізді осы бағытта жұмсайтын боламыз.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА

20 тамыз 2017, 10:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.