Атырау, 28 наурыз 20:49
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Тимур Үкібаев: «Жеңіс үшін ойнаймыз және кадр дайындаймыз»

Бейнежазба
2 800 просмотра


«Атырау» футбол командасының екінші лигадағы қосалқы жастар құрамасы Екінші лига чемпионатында үшінші орында келе жатыр. Команданың бас бапкері Тимур ҮКІБАЕВПЕН әңгімеміз қазіргі жағдайға қатысты өрбіді.

«АЖ» МӘЛІМЕТІ:

Тимур Үкібаев қазақстандық футбол әлемінде бірден-бір бірегей тұлға, ол «Атырау» футбол командасының қосымша құрамасын (қазір ол жастар командасы деп аталады) 17 жыл бойы жаттықтырып келеді.

- Тимур Ниғметоллаұлы, сіз үшін команда құрамы қаншалықты маңызды? Айталық, сіздер регламентке сәйкесті Премьер-лигаға шыға алмайсыздар, онда басты команда «Атырау» ойнайды.

- Әрине, біз қосымша құрам үшін кестедегі орын емес, ойыншыларды дайындау екендігін жақсы түсінеміз. Дегенмен, бұл жерде екі жақты процесс орын алып тұр: өйткені, жеңіс арқылы, жоғары турнирлік көрсеткіштер нәтижесі арқылы ойын шеберлігі жетіледі. Сондықтан да біз әрбір матчта жеңіске жетуге тырысамыз. Айталық, барлық жаттықтырушылар мен ойыншылар үшін біздің осында екі жыл бұрын Екінші лигада чемпион болғанымыз мақтаныш.

Ал бастысы – қосалқы командадан бас командаға футболшылардың жоспарлы түрде ауысуы маңызды. Өздеріңіз қарап көріңіздер, соңғы жылдары «Атырау» бас командасына мына ойыншыларды: қорғаушылар Дәурен Мәжитов пен Қуаныш Қалмұратов, жартылай қорғаушылар Дәурен Қайралиев, Айбар Нұрыбеков, қақпашы Нұрболат Каменов секілді ойыншыларды бердік. Қазіргі жастар командасының құрамында Айболат Мақуов, Наурызбек Жагоров, Рафаиль Оспанов және басқа да мықты футболшыларымыз бар. Олардың болашағынан зор үміт күтеміз. Жастар командасы соңғы үш жылда «Атырау» футбол орталығы жүйесіне кірді, сондықтан да біз түрлі жас ерекшеліктері бар топтарды мұқият бақылауға алып отырамыз, солардан кадрлар легі ағылады. Биылғы жылы біз ФО 1999 жылы туған алты баланы алдық, қазір бізде 25 ойыншы бар. Біздің футболшыларымыздың жасы – 17-ден -25-ке дейін екендігін атап өтейін. Бұл 16 командадан тұратын Екінші лигадағы ең жас ұжым.



- Чемпионаттағы басты қарсыластарыңыз кімдер?

- Тиісінше 1-ші, 2-ші орында келе жатқан «Алтай» (Шығыс Қазақстан облысы), «Қайрат» және «Тараз» командалары.

- Команданың жаттығулары қайда өтеді?

-Жаттығуларымыз Балықшыдағы «Судоремонтник» стадионында өтеді. Ал матчтарды «Мұнайшы» орталық стадионында өткіземіз. Әрине, бұл екі стадионның үлкен айырмашылығы бар. Біреуінде ойнауға болмайды, екіншісінде жаттығу жасауға болмайды. «Судоремонтниктің» нашар алаңынан «Мұнайшыдағы» алаңға келген кезде ойыншыларымызды бағыттарынан шатастырады. Әрине, Балықшыдағы стадионға дұрыс алаң керек.

- 11 тамызда өз алаңымызда Оралдың «Ақжайық» жастар командасымен болған кездесуде сіздер күтпеген жерден 0:2 есебімен жеңіліп қалдыңыздар.

- Мен мұны біздің жетекші ойыншыларымыздың қатарының азаюымен байланыстырамын. Бірақ, алда әлі де көп матчтар бар. Бір қызығы бұған дейін біз 15 ойында да жеңіп келдік, олар, керісінше, бізді жеңе алмады. Ал бірінші айналымда біз оларды Оралда 5:1 есебімен жеңіп кеттік. Футбол болған соң солай болады да. Бұл жеңілісті өз мойыныма аламын және жанкүйерлерімізден кешірім сұраймын. Айтпақшы, жанкүйерлер туралы айтар болсақ, олар бізде көп емес, дегенмен жоқ та емес. Әрбір матчқа келіп, бізге қолдау танытып жатады. Біз оларға ризамыз.

...Қазір жоспарда белгіленген Қостанайда «Тобылмен» болатын ойынға дайындалудамыз. Міндетіміз - жеңіске жету.



Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ,

Сурет түсірген автор

 


17 тамыз 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.