Атырау, 20 сәуір 06:19
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Лаэти мұражайы болады

Сурет
4 995 просмотра


Томарлы ауылынан (Атырау) шығысқа қарай орналасқан Ақтөбе-Лаэти қалашығы биыл облыстық мәдениет және мұрағаттар басқармасының қолдауымен қайта зерттеле бастады. Жуырда қазба жұмыстары кезінде «Жасыл ел» еңбек жасақтары мен облыстық тарихи өлкетану мұражайының қызметкерлері қала орнынан  қыш ыдыстар мен мыс тиындарды олжалады.

Археологиялық зерттеу жұмыстары 6 тамызға дейін жалғасады, бірақ, мұражай директоры Рашида ХАРИПОВАНЫҢ айтуынша, қазба және ғылыми-зерттеу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Қалашық арнайы қоршауға алынып, болашақта Ақтөбе-Лаэти ортағасырлық қаласы орнынан аспан асты музей-қорығы тұрғызылмақ.   

Тарихшылар Ұлы Жібек жолының бойында сауда керуендеріне арналған «Ақтөбе-Лаэти» қалашығының орналасқаны жөнінде 1960 жылдан бері айта бастады. Мұнда 1965 жылы Ш.Уәлиханов атындағы тарих-археология және этнография институының ғылыми қызметкері М.С.МЕРЩИЕВ алғашқы болып археологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, қалашық екі қорған ескерткіштен тұратындығын анықтаған. Қалашықта жүйелі түрдегі қазба жұмыстарын Лев ГАЛКИН жетекшілік еткен КСРО ғылым Академиясының Археология Институтының Орал-Еділ бойы экспедициясы 1974 жылы бастап, 1981 жылға дейін жүргізген. Ол қазба орнының 200х80 метр аумағы зерттелген. Сол кезде табылған дүниелерге қарап, қалада түрлі металл өңдейтін орындар, әйнек, зергерлік бұйымдар жасайтын шеберханалар болғанын айтуға болады. Одан бөлек, мұнда Иранның Шираз қаласында соғылған тиындар табылған. 

- Бүгінде 20х20 метр жер бөлгінде қазба жұмыстары жүріп жатыр. Қазба орнында қыш ыдыстардың сынығы, металл қорытпаларының қалдығы, моншақтар және жазуы сақталмаған мыс тиындар табылды, - дейді Р. Харипова. – Біздің музей қорында көне қалашықтан табылған 500-ден астам жәдігер жинақталған.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

1 тамыз 2017, 17:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.