Атырау, 25 сәуір 21:24
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Досын құтқарып қалды

2 730 просмотра

Махамбет ауданы Таңдай ауылындағы алты жоғары сынып оқушысы жаз бойы балалар шомылатын Боқсақ каналына суға түсуге барады. Олар өз ептіліктері мен табандылықтарының арқасында жамандықтың бетін қайтарды.  

...Алтауының арасында Нұрсәт есімді бала ғана жүзуді білмейтін. Мұнысын достарынан жасырған болатын. Бесеуі каналға бірден секірді, ал Нұрсәт тек жағасына жақын жерге барып, аяғын суға малтпақ болады. Бірақ, соның өзінде оны ағын су іліп әкетті. Бір батып бір шығып, суға тұншыға бастаған Нұрсәтті байқап қалған сыныптас достары оны құтқаруға ұмтылады. Бір уақытта ол су бетінен көрінбей кетеді. Балалар су астына сүңгіп қарай бастады. Осы кезде басқалардан бұрын Бегалы Нұрсәттің денесін қолына іліктіріп, оған Шыңғыс, Азамат, Наурызбек, Еріктер көмектесіп жағаға әзер деп алып шығады. Нұрсәттің денесінде тіршілік белгісі байқалмады. Сол кезде балалар оның кеудесін қолмен басып, аузына ауа үрлеу арқылы дем беріп, қол-аяқтарын қозғалысқа түсірді.

- Нұрсәттің тілі көмейіне қарай тартылып бара жатты. Біз бірден аузын қатты ашып, тілін әупірімдеп бері шығарып үлгердік. Бірақ кеудесіне кезек дем беруді тоқтатпадық. Бір кезде барып Нұрсәтте тіршілік белгісі байқалып, демала бастады, - дейді Бегалы ТӨЛЕУ.

Кейін Нұрсәттің ата-анасы, дәрігерлер де келіп жеткен. Жедел жәрдеммен жеткізілген оны аудандық ауруханаға жеткізді. Бір тәуліктен кейін ғана ол көзін ашып, тілге келді.

Бүгінде ауылдастары дер кезінде көмек жасап, ажалдан арашалап қалған балалардың іс-қимылын ерлікке балап отыр. Таңдай орта мектебінің мұғалімі Сағынжан МУСИННІҢ айтуынша, осы балалар облыстық «Жас құтқарушы» сайысына қатысып, бірінші орынды иемденіпті.

- Бақсай округінің әкімшілігі мен ата-аналар кеңесі болған жайды ескерусіз қалдырмай, сыныптасына өмір сыйлаған достарына «Алғыс хат» тапсырды, - дейді Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Ұлықбек ТНАЛИЕВ. - Нұрсәттің әкесі Нұрбай БАҒЫТОВ осы кездесуде Бегалымен бірге Шыңғыс ФАЗЫЛ, Ерік ШӘМШИДЕН, Наурызбек ЖАЛҒАС, Азамат ТӨЛЕУҒАЛИЕВТЕРГЕ ризашылығын білдірді. Балалар жарады, асып-саспай, көмек көрсете білді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

31 шілде 2017, 11:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.