Атырау, 23 сәуір 18:03
 ашықВ Атырау +16
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Сәбиді аман алып қалған жолсерікке құрмет көрсетілді

3 002 просмотра


Шілденің 1-і күні Атырау бағытына келе жатқан №313-314 «Атырау-Маңғышлақ» пойызында «Маңғыстау-Астрахан» жолаушылар пойызының жолсерігі Алтынай РАМБАЕВА күннің ыстығына шыдай алмай талып қалған 11 айлық атыраулық Фатиманың өмірін алып қалған болатын. Оқиға жолда, Мақат пен Құлсары станциясының арасында, купелердің бірінде болған. Ал кеше, 11 шілде күні Маңғыстаудан Астраханға бет алған жолаушылар пойызын Жәлиевтер отбасы күтіп алып, құрамда келе жатқан жолсерік Алтынай Рамбаеваға алғыстарын білдірді.

...Сол күні аспан айналып жерге түскендей ыстық болатын. Баланың өліп қалғаны туралы хабарлама алған жолсерік Рамбаева ешқандай абыржымастан, кішкентай қызды қызметтік бөлмесіне алып кіріп, алғашқы медициналық жәрдем көрсетеді. 40 минуттан кейін сәби есін жиып, дем алып, жылай бастаған.

- Менің ойым қайткенде де баланы аман алып қалу болды. Сосын барлық білгенімді жасап, алғашқы көмек көрсеттім. Біраз уақыт өткеннен кейін баланың пульсі соға бастады. Ал, 40 минут өткеннен кейін ғана бала өзіне келді, - дейді Алтынай.

Жолсерік құтқарған сәби Құлсары стансасында дәрігерлердің қолына табысталады. Ал бір тәуліктен соң Фатима отбасына оралған.


- Қазір қызымның денсаулығы Аллаға шүкір! Әзірге дәрігерлердің бақылауындамыз. Жолсерік Алтынай апайға айтар алғысымыз шексіз. Ол біздің қызымызға екінші өмір сыйлады. Бұл дегеніңіз екінің бірінің қолынан келмейтін жақсылық қой! Енді ол менің қызым үшін екінші анасындай! - дейді Фатиманың анасы Арай ЖӘЛИЕВА.

«Маңғыстау-Астрахан» вагондары №625-626 «Атырау- Астрахан» жолаушылар пойызына тіркеледі. Жалпы, «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамына қарасты Атырау телімі арқылы 4 бағыт бойынша тәулігіне ондаған жолаушылар пойызы жолға шығады. Оларға 400-ге тарта жолсерік қызмет етеді.

- Біздің жолсеріктердің барлығы сапарға шығар алдында міндетті түрде инструктаждан өтеді. Олар техникалық қауіпсіздікпен қатар алғашқы дәрігерлік көмек көрсетуді білулері керек. Себебі, жол бойында түрлі жағдайлар болып жатады. Ал жолсерік соның барлығына дайын болуы керек, - дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ Атырау телімінің басшысы Ақылбек БУРХАНАДДИН.


Он жеті жыл жолаушыларға серік болған Алтынай бұған дейін «Шетпе» стансасында жол үсті босанып қалған ана, Астрахань  сапарында астан уланған балалар немесе жүрек талмасынын зардап шеккен жандарға қол ұшын беріп келеді екен. «ҚТЖ» ҰК» басшылығы АҚ Көлік қызметкерлері күні қарсаңында Алтынайды арнайы марапатқа ұсыныпты.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА

12 шілде 2017, 18:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.