Атырау, 25 сәуір 01:49
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Арба сүйрегендердің айтары бар

3 800 просмотра


Атырау теміржол вокзалында маусым айынан бері жолаушылардың жүгін таситын қара жұмысшылар арбасыз жүр. Олардың айтуынша, арбамен жүк тасуға ЭКСПО-2017 көрмесі аяқталғанға дейін тыйым салынған. 

Марат есімді жүк тасушының бұл іспен айналысқанына төрт жылға жуық уақыт болыпты. 

- Бұл жұмысқа қалай келдіңіз?

- Жергілікті Атырау қаласының тұрғынымын. Жас кезімде көмекші шопан болдым, әртүрлі қызметтер атқардым. Көп өмірім Атыраудың мекемелерінде күзетші болумен өтті. Отбасым, бала-шағам бар, оларды асырау керек. Содан осы жұмысқа келдім. 

- Жұмыстағы бір күніңізді айтып бересіз бе?

- Жұмысым жетіскен жұмыс емес, бірақ, етім үйренген. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық» деген бар ғой. Вокзалға таң атысымен «Нұрсая» ықшам ауданынан келемін. Жұмысымыз таңертеңгі 7:00-де «Ақтөбе-Атырау» пойызын қарсы алумен басталады. Күні бойы жүргеніме кейде 500 теңге, кейде 1000 теңге, әрі кетсе, 1500 теңге табамын. Үйде жатсам ондай ақшаны кім береді маған. Бұл жерде Қызылқоға, Құрманғазы ауданынан келіп, үй жалдап жұмыс жасап жүрген жігіттер бар. Маусым айынан бері қолдан жасаған арбамызды жинап алды. ЭКСПО көрмесі біткесін береміз деп отыр. Шамасы, біздің жұмысымыз бұл тақырыпқа кірмейді-ау деймін, - деп күлді. 

Осы сәтте бір қолына ала дорбасын, екінші қолына бірнеше пакет ұстаған әйел адам баспалдақпен жоғарыға көтеріліп бара жатқан еді. Марат оған: 

- Сізге «грузщик» керек пе? – деп, жүгіріп барған еді. Ол: 

- Жоқ. Жолымды бөгемей әрі кетші, - деп зекіп тастады.

- Мұндай жағдай жиі болады. Мұнда тек нан табу үшін емес, тапқандарын қосып, арақ ішу үшін келетіндер де бар. Әне қисалаңдап кетіп барады... Мына жұмыс жастарға да лайықсыз деп ойлаймын. Жас өмірін арбаға байламай-ақ, күзетші болса да тепсе темір үзер жігіттер көп осында. Оларға вокзалдың айналасын торып, біреудің жүгін көтергені үшін ешкім зейнетақы қорына ақша аудармайды ғой. Мен тұрақты жұмыс іздеп, көптеген жұмыс берушілерге бардым. Жасың келмейді, деп алмайды. 

- Вокзалда жүк тасумен айналысатындар күнкөріс үшін жүрген жеке тұлғалар. Егер де ішімдік ішіп алып немесе арба алуға мәжбүрлеп, жолаушылардың шырқын бұзса ғана арбаларын жинап алып, заңды шара қолданамыз, - дейді желілік бөлімдегі полицейлер. 

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті түсірген автор


13 шілде 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.