Атырау, 20 сәуір 03:26
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Ажалды қуғын

3 224 просмотра
Көрнекі сурет.

Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында кісі өлтірді деп айыпталған Махамбет ауданының тұрғынына үкім шықты.

Айыптау жорамалы бойынша іс желісі мынадай. 2015 жылдың күзінде Махамбет ауданы Ақжайық ауылының тұрғыны М.А. Атырау тұрғыны Е.О.-дан 160 мың теңге қарыз алып, оны ұзақ уақыт бермеген. 2016 жылдың 8 маусымында кешкісін Е.О. өзінің туған екі бауырымен қарызын алу үшін Ақжайық ауылына барады. Үй иесі үйде болмайды, бірақ оның туыстары онымен хабарласады. Ол қазір Индерден келе жатқанын, келген кезде ақшасын қайтаратынын айтады. 

Қуанған ағайындылар қарсы шығып, Атырау-Индер трассасында «Гаухар» шайханасына жақын маңда жол жиегіне тоқтап, күтіп тұрады. Кездескен кезде қарыз беруші мен қарыз алушы шетке қарай шығып, олар дауыстарын көтеріп сөйлесе бастайды. Шайханаға көліктерімен жергілікті жігіттердің келе бастағанын көрген ағайындылар бәледен аулақ деп, Е.О.-ны өздерінің «ВАЗ-21140» көлігіне шақырып алып, үшеуі Атырау жаққа қарай жүріп кетеді. Ал М.А. өзінің «Хундай Соната» көлігіне мініп, артынан қуады. Қатты жылдамдықтағы қуғын кезінде «Хундай» «Ладаны» екі рет соғып, екінші соққыдан ол бірнеше рет аударылып, төңкеріліп түседі. Нәтижесінде Е.О. сол жерде көз жұмып, бауырлары ауыр жарақат алады.

Сот үкімімен М.А. ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-тармағы 6-тармақшасы («Басқа адамдардың өмiрiне қауiптi тәсiлмен жасалған адам өлтіру») бойынша кінәлі деп танылып, қатаң режимдегі колонияда 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын алды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

12 шілде 2017, 11:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.