Атырау, 20 сәуір 02:08
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

«Сергей Александрович, бірдеңе жасасаңызшы!!!»

2 984 просмотра


8 шілдеде «Мұнайшы» стадионында футболдан ел чемпионатының 19-туры шеңберінде «Атырау» «Тараз» командасын қабылдады.

Матчтың алғашқы минуттарында-ақ алаң иелерінде проблема болатыны түсінікті болды. Меймандардың ширақ, жылдам әрі ойындары сапалы көрінді. Айтпақшы, «Тараздың» бас бапкері – бізге белгілі Ваит ТАЛГАЕВ. Жергілікті жанкүйерлерге бұл есім соншалықты көп таныс – 2001-02 жылдары «Атырау» оның жетекшілігімен чемпиондыққа таласып, екі мәрте «күміс» алды. Сол кезден бері көп жыл өтті, алайда Талгаевтың іске деген алғырлығы өзгермеген: қым-қуыт бапкерлік тағдыры оны қайда лақтырса да, бұрынғыша команданы жігерлендіру қолынан келеді.

11-минутта «Тараз» бұрыштан доп берілгеннен кейін алға шықты: Йован ДЖОКИЧ соққан доп сәтсіз шықты, мұны Абзал ТАУБАЙ пайдаланып, қақпаға бағыттап соқты. Бағымызға қарай, сәл жанына кетті. Ақ-жасылдар кешікпей жауап қайтарды: Новица МАКСИМОВИЧ сол жақ қапталдан Шафкат САЛОМОВТАН пас алып, Эдуард СЕРГИЕНКОҒА айыппұл алаңына әуелете доп берді. Ол шебер соқты, бірақ бұл матчта керемет ойын көрсеткен қақпашы Джурахон БАБАХАНОВ тойтарып тастады.

Меймандар жақсы қорғана біліп, өткір қарсы шабуылдар үшін еш мүмкіндікті жібермеді. Бұл әдіс оларға 21-минутта табыс әкелді: Мохаммед ДИАРРА допты пәрменмен соқты, біздің қақпашы Жасур НАРЗИКУЛОВ дарытпады, алайда Жан-Эд МОРИС допты кері соқты. Матч барысы көрсеткендей, «Атырау» қақпашысы сол кеште алғыр көрінбеді. «Таразға» өз айыппұл алаңында иелік етуге мүмкіндік берген қорғаныс қайда болды деп сұрарсыз. Ал бұл басқа мәселе. Бұл күні "Атыраудың" қорғанысы да, шабуылы да үйлеспеді. Еш мінсіз, жалғыз ғана ойыншы – 77 нөмірлі Эльдар АБДРАХМАНОВ еді. Оң жақ алаң шетімен оның айыппұл алаңынан дейін қалай жүйткігенін көрсеңіз. Қорғанысқа да, шабуылға да үлгерді, әрбір доп үшін төбелесті, ескерту алып, тіпті, ойын алаңынан шығып қала жаздады. Басқаларға да осындай ынта берсе ғой, шіркін. Әрине, ескертусіз.

Гол соғылғаннан кейін алаң иелері көп уақытқа дейін өз-өздеріне келе алмады. Тек бірінші таймның соңына қарай, 40-минутта Максимович қақпаға пәрмендеп доп соқты. Бірақ доп қақпаның жанынан өтіп кетті. Содан кейін ол айыппұл добын соқты, доп газоннан қақпаның бұрышына жанап өтіп ұшып барды, алайда қақпашы жолбарысша қарғып оны бұрышқа ауыстырды.

Екінші таймды алаң иелері өте белсенді бастады (әрине, үзілісте Сергей ПАВЛОВТЫҢ сілкілеп алған болса керек). 53-минутта Қуаныш ҚАЛМҰРАТОВ орташа қашықтықта пәрменмен доп соқты. Доп «тоғыздықтан» сәл жоғарыға қарай зу ете қалды. Біздікілер шабуылды үдете түсіп, 10 минуттан кейін мақсаттарына жетті: команда капитаны Марат ХАЙРУЛЛИН Саломовпен бірге допты өздеріне алып, айыппұл алаңындағы шиеленісті пайдаланып, тосыннан гол соқты. Есеп 1:1. Жанкүйерлер дүр ете түсіп, «Атырауды» алға жетеледі. Бірақ олардың мысы тез басылды. 71-минутта Диарра паспен Мористі Нарзикуловтың иелігіндегі айып алаңына шығарып, шабуылшы қолайсыз позицияда алыс бұрышқа доп салды (тағы да қақпашыға сұрақтар).

Әрине, осыдан кейін алаң иелері қайтадан алға ұмтылды, бірақ олардың шабуылдарының мәні жоқ еді. Ал «Тараз» бұрынғыша серпімділік принципімен жұмыс жасап, керемет ойнады. Әккі жанкүйерлер алаң иелерінің қақпасына үшінші гол салынады деп айтып жатты. Айтқандай-ақ, 75-минутта кезекті қарсы шабуыл кезінде Таубай серігі берген паспен біздің қақпаға тағы гол салды.

Осыдан кейін екі команда матчты тек ойнаумен аяқтады. Зиялы, бірақ масаңдау жанкүйердің бапкер орындығына қаратып:

«Сергей Александрович, бірдеңе жасасаңызшы!!!» деген айқайы ештеңе өзгерте алмайтын еді.

Осы ойыннан кейін «Атырау» 17 ұпаймен турнирлік кестеде 10-шы орын алды. Ал одан төмен аутсайдерлер «Ақтөбе» мен «Ақжайық» (15 ұпайдан) тұр. Павлов соңғы екі айда, әрине, команданы минус ұпайдағы үмітсіз жағдайдан шығарып, үлкен іс жасады. Алайда,  "жан сақтау" үшін күрес оңайға соқпай тұр.

«Атырау» келесі матчты 15 шілдеде сырт алаңда «Қайсар» командасымен (Қызылорда) ойнайды. 

Марат ТАКУЛИН

10 шілде 2017, 13:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.