Атырау, 24 сәуір 14:58
 ашықВ Атырау +19
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

«Бәріміз де өмір жолын бастап едік...»

4 542 просмотра
Бейнежазба скрині

Атырау қаласындағы Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжі түлектерінің жанжалды бейнежазбасына қатысты хикая күтпеген жерден жалғасын тапты. Екі бозбала мен бойжеткен әкімшілік қамауға алынды.

Көңіл көтерген бірнеше жасөспірім ұл-қыздардың облыстық әкімдік ғимаратының жанында, өздері бітірген оқу орнын әдепсіз сөздермен балағаттаған 10 секундтық бейнежазбасы әлеуметтік желілерге өткен аптада таралып кеткен еді. Алайда колледж басшылығы бұған еш елең етпеді. Бірақ білім және ғылым министрлігі өз ұстанымын білдіріп, коллед басшыларының қатысуымен шұғыл арада жиналыс өткізу туралы ұсыныс бергеннен кейін колледж өкілдері брифинг ұйымдастырды. Оған бейнероликтің кейіпкерлері мен олардың ата-аналары шақырылды. Бәлкім, осы брифинг түрінде бұқаралық сөгіс болмас та еді, бірақ білім министрлігінің ұстанымы айқын еді.

- Біз түсіне аламыз, алайда түлектердің бұлай әрекет ету себебін қабылдай алмаймыз. Олар әсерге берілген, бітіру емтихандарының қиын кезеңдері енді ғана аяқталды, салтанатты түрде дипломдар табысталды. Ересек өмірге аяқ басқан балалар моралдық жаза алды. Олар өз әрекеттері үшін шынымен өкініш білдірді деп үміттенеміз. Бұл жағдай түлектер үшін сабақ болады, ал педагогикалық ұжымға ой салу үшін тамызық болмақ, - деді колледж директорының орынбасары Елена БУРЛАКОВА.

Ал балалар үйретілген мәтінді – өз оқытушыларына тіл тигізгілері келмегенін, түсірілген бейнежазба туралы өкініш білдіретіндерін, колледж басшылығы мен педагогикалық құрамына ешқандай талаптары жоқ екенін айтып шығып, оқу кезінде алған жақсы білімдері үшін алғыстарын білдірді.

- Біз бейнежазбаны диплом алу рәсімінен кейін қыдыру кезінде колледжімізге тілек жазамыз деген ойда түсіре бастаған болатынбыз. Сөйлеп жатқан кезде қыздардың бірі балағат сөз бастап, біз де жалғастырып, ақымақтық жасай бастадық. Мұның бәрін параллель топтағы қыз камераға түсіріп, екіншісі кейін Instagram-ға салып жіберіпті. Олар жазбада көрінбейді, - деп әңгімеледі олар. Бұл кезде өздерінің ішімдік ішпегенін растайды.

- Бәлкім, колледждегі бағалау жүйесі көңілдеріңнен шықпаған шығар? Сендерге әділ болмады ма, әлде ұстаздарыңа қатысты сыбайлас жемқорлыққа күмән себеп болды ма? – деп сұрадым мен түлектерден.

- Жоқ, өз бағамызды еңбегімізбен алдық, - деп мәлімдеді бейнежазбадағы кейіпкерлердің бірі, колледжді қызыл дипломмен бітірген түлек. Ол досымен бірге «Жастар» әуесқой театрында ойнаған.

Колледж әкімшілігі ешқайда жүгінбеген, бірақ Атырау жергілікті полиция қызметі бастама білдіріп, сотқа жүгінген. Сот түлектерді ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша («Ұсақ бұзақылық») әкімшілік жазаға тарту туралы қаулы шығарған. 1998 және 1999 жылғы екі жас жігіт үш тәулікке арнайы қабылдағышқа орналастырылды. Тағы бір қатысушы қыз бір тәулікке әкімшілік қамау түрінде жаза алды. Роликтің төртінші қатысушысы әлі 18-ге толмаған, осыған байланысты оған қатысты сот қаулысы жақын күндері шығатын болады. Әдетте бұл бап бойынша жазаның басқа түрі – әкімшілік айыппұл қолданылады, алайда балаларды дұрыстап жазалауды ұйғарған секілді.  

Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжіне 10 жылдан астам уақыт бұған дейін жергілікті тележүргізуші, ал қазіргі Мәжіліс депутаты Бақтыгүл ХАМЕНОВА басшылық еткен болатын. Қазір елді шулатқан бейнежазбаның кейіпкерлері колледжге оның тұсында оқуға түскен.

Танымал адвокат Нұрлан ЖОЛБОЛОВТЫҢ айтуынша, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы – қоғамдық орында балағат сөз айту болып табылатын ұсақ бұзақылық 10 АЕК түрінде айыппұлды немесе он тәулікке дейін қамау жазасын қарастырады. 18 жасқа дейінгі тұлғаларды қамауға алу қолданылмайды, алайда 20 АЕК айыппұл қарастырылады. Әрине, кодексті алғаш рет бұзып отырған жастарға анағұрлым жеңіл жаза – айыппұл қолдануға болар еді. Алайда соңғы кездері жастар арасында жаңа тренд пайда болған – түлектер өз мектептерінің, колледждері мен жоғарғы оқу орындарының жанында ортаңғы саусақтарын ишарамен көрсетіп түскен фотосуреттерін жариялайтын болған. Осылайша, оқу орындарына өз қарым-қатынастарын көрсетеді. Шамасы, атыраулық жігіттерді осындай нәрселерге нүкте қою үшін қатаң жазалаған шығар.

Мұндай жаза берілген тұлғалар сот қаулысы аяқталғаннан күннен бастап бір жыл бойына әкімшілік жазаға тартылған деп есептеледі. Бұл нақты жағдайда әкімшілік жазаның аяқталу мерзімі – 3 тәулік жаза аяқталғаннан күннен бастап бір жыл. 12 айдан кейін жұмыс берушілерге арналған анықтамаларда жігіттердің қамауға алынғандығы көрсетілмейді. Алайда Құқықтық статистика және ақпарат орталығының дерекқорында бұл сот қаулысы қалады және арнайы тексеру жүргізілген кезде қалқып шығады. Мәселен, егер жастар құқыққорғау және басқа мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істегілері келген болса.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

2 шілде 2017, 18:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.