Атырау, 29 наурыз 16:39
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Журналистер жеке бас мәліметті жариялау үшін рұқсат алуға міндеттелмек

2 578 просмотра


Журналистер өзге адамдардың жеке өмірі, отбасы, банк және басқа да құпиялары туралы ақпаратты олардың рұқсатын алған соң ғана жариялауға міндеттеледі. Азаттықұ тілшісінің хабарлауынша, бұл туралы бүгін парламент мәжілісінде ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев (суретте) ақпарат және коммуникация мәселелері бойынша заңдарға енгізілетін өзгерістер жобасын таныстыру кезінде айтты.

- Жеке бас мәліметтері келісімімен ғана жариялануы тиіс. Бұл - қалыпты тәжірибе. Егер бұл мәселені алып тастасақ, онда барлығы есепшот нөмірлерін, банктік құпияларын біліп алады да, аса дұрыс болмайды. Сондықтан бұған қатысты үлкен мәселе жоқ. Мұндай мәліметтерді жариялай алады, бұл жерде келісімі болуы керек деп ойлаймын. Біз әлемдік тәжірибені зерттеп, ұзақ ойландық. Әлемдік тәжірибе азаматтардың жеке бас мәліметтерін жариялауға олардың келісімі қажет екенін көрсетіп отыр, - деді Дәурен Абаев.

Жиында Абаевқа "Азаматтардың табысы туралы ақпарат банктік құпия болса, онда журналист әлдебір жемқорлыққа қатысы барын қалай дәлелдеуі мүмкін?" деген сұрақ қойылды. Министр бұл мәселе "журналистің кәсібилігіне байланысты екенін" айтып, сұраққа тура жауап бермеді. Абаевтың сөзінше, шенеуніктің табысы туралы ақпарат расымен де банк құпиясы саналады және "егер журналист мұндай фактілерді [жемқорлық] расымен анықтаса онда ол туралы құқық қорғау органдарына жүгінуі керегін айтты.

Заң жобасында бұған қоса журналистерге ақпаратын терістеуге құқық беру ережесі де қарастырылған. Ол бойынша, журналистерге егер дәлелі жоқ болса материалын терістеуге бес күн мұрсат беріледі. Абаевтың сөзінше, журналистер егер "дәлелсіз материалын" бес күн ішінде терістесе, онда жауапқа тартылудан босатылады.

Заң жобасы бойынша ақпарат және коммуникация мәселелері бойынша төрт кодекс пен 12 заңға 200 өзгеріс пен түзету енгізіледі. Абаев азаматтар мен қоғамдық ұйымдардан түскен ұсыныстардың 70 пайыздан астамы БАҚ туралы заң жобасына енгізілгенін айтады.

Министрдің мәліметіне қарағанда, Қазақстанда 3 мыңға жуық БАҚ бар, олардың 90 пайызы - жекеменшік.

Дереккөз: Азаттық

27 маусым 2017, 17:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.