Атырау, 20 сәуір 09:26
 ашықВ Атырау +32
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Зейнетақылар: теңіздің ар жағындағы қарыз, әйелдер ерлермен теңеседі

3 609 просмотра


22 маусымда «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрайымы Нұрбибі Наурызбаеваның жұмыс сапары аясында Атырау облысы әкімінің  орынбасары Жасұлан СҮЙІНШӘЛИЕВТІҢ қатысуымен кеңес өтті.

- Біз бүгін өзара ынтымақтастық және тұрғындарды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тарту мәселелерін талқылаймыз, - деді Сүйіншәлиев.

Өз сөзінде БЖЗҚ басшысы Наурызбаева кейбір цифрларды оқыды. Оның айтуынша, салымшылардың нақты саны ашылған жеке шоттар санына сай келмейді. Мәселен, бүгінгі күні БЖЗҚ-да 10 млн жеке зейнетақы шоттары ашылған, алайда жыл сайын оның тек 6 млн-ына ғана жарналар түседі.

Атырау облысында 367 мың жеке зейнетақы шоттары ашылған, бірақ тек оның 69%-ы ғана жұмыс істейді және оларға жарналар түсіп тұрады, қалған шоттар жұмыс істемейді.

- Мұндай ахуалдың себебі әртүрлі. Шот ашқандардың көпшілігі кейіннен жұмыстан шығып кеткен болуы мүмкін. Сондай-ақ, кейбір жеке компаниялардың нақты еңбекақы мөлшерін жасыратыны немесе төмендетіп көрсететіні жасырын емес. Біздің азаматтар зейнеткерлікке шыққан кезде осы жағымсыз салдарды бастан кешіреді. Өкінішке орай, халық зейнеткерлікке шықсақ, мемлекет бізді бәрібір далаға тастамайды, аштан өлмейміз деп пайымдап үйренген. Сондықтан да ешкім бұған мән бермейді. Біздің сапарымыздың мақсаты халыққа зейнетақы жарналарының маңыздылығын түсіндіру, - деп мәлімдеді Наурызбаева.

Соңғы (экс-басшысы Руслан ЕРДЕНАЕВТЫҢ қамауға алынуынан бастап, Әзірбайжанның банкротқа ұшыраған банкіне зейнетақы жинақтарының салынуына дейінгі) жанжалдарға байланысты қайтадан өзекті мәселеге айналған халықтың БЖЗҚ-ға сену мәселесін Наурызбаева көтермеді.

Өкінішке орай, әрі қарай облыстық әкімдіктегі отырыстың егжей-тегжейі мен нәтижелері белгісіз болып қалды: осы шараға шақырылған журналистерге кіріспе бөлімнен кейін залдан шығуға тиіс екендігі алдын ала ескертілген еді. Өйткені, әрі қарай «жұмыс бойынша талқылау» өтпек.


Дегенмен де, бізге Әзірбайжанның Халықаралық банкіне (ӘХБ) салынған 250 млн доллар мөлшеріндегі зейнетақы қаржыларын қайтаруға қатысты сұрақ қоюдың сәті түсті. Жақында берген сұхбатында «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы, БЖЗҚ директорлар кеңесінің мүшесі Қайрат КЕЛІМБЕТОВ  бүкіл қаржылардың толықтай қайтарылатындығына сендірді. Сондықтан «АЖ» БЖЗҚ басшысы Наурызбаевадан қарызды қайтару және нақты мерзімі туралы комментарий беруді өтінді.

- ӘХБ бұл мемлекеттік банк. Осы банк акциясының 97%-ы дерлік Әзірбайжан қаржы министрлігіне тиесілі. Сондықтан қарызды өтеу жөнінде мемлекет тарапынан қолдау болады, бұл туралы олардың премьер-министрі де айтты. Бүгінгі күні қарызды өтеудің үш нұсқасы ұсынылды. Біз үшін олардың анағұрлым тиімділерінің бірі – бұл қарызды Әзірбайжанның мемлекеттік бағалы қағаздарына алмастыру опциясы.  Онда, әрине, өтеу мерзімі басқа және пайыздық мөлшерлемесі де басқаша. Бастапқыда бұл қағаздар жылдық 8,25 % табыстылықпен 7 жылдан астам мерзімге алынды. Ал қазір, егер опция номиналдан номиналға таңдалған болса, онда мерзім жылдық 3,5% сыйақы мөлшерлемесімен 15 жыл болады. Әлемдік нарықтағы бүгінгі табыстылық ахуалын ескерсек, онда валютадағы жылдық 3,5% жақсы мөлшерлеме. Қазір кредиторлардың дауыс беру процедурасы басталуда. Егер 65% дауыс жиналса, онда қайта құрылымдау мақұлданатын болады. Егер бәрі белгіленген мерзімде өтетін болса, онда қағаздарды алмастыру қыркүйекте өтуі тиіс, одан кеш емес, - деді Наурызбаева.    

- Сұхбатта Келімбетов мырза өзінің зейнетақы жинақтарының сомасы – 23 млн теңге екенін айтты.

- Білмеймін.

- Елде қанша салымшы осындай жинақтарға ие?

  • Егер 50 жастан жоғары адамдар туралы айтатын болсақ, онда оларда орташа жинақ сомасы 1 млн 300 мың - 1 млн 500 мың теңге шамасында, -деп жауаптан жалтарды Наурызбаева.

Кездесу кезінде келесі цифрлар айтылды. 2017 жылғы 1 маусымдағы ахуал бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 6,99 трлн теңгені құрады. 2017 жылдың 5 айы ішіндегі таза инвестициялық кіріс - 110,4 млрд теңге. Ресми мәліметтерге сәйкес, Атырау облысының халқы 594 маңнан астам адамды құрайды. Оның 70%-дан астамы (312 мың адам) – еңбекке қабілетті жаста. Облыс бойынша 349,2 мың шот тіркелген. Үстіміздегі жылдың 1 маусымындағы облыс тұрғындары жинақтарының жалпы көлемі 429,2 млрд теңгені құрады.

Республика бойынша бір салымшының орташа шот мөлшері 758 мың теңгені (Атырау облысы - 1 млн 245 мың теңге) құрайды. Шоттардың гендерлік бөлінісі мынадай: 67% - ерлер, 33% - әйелдер.

Сонымен қатар, Наурызбаева келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ арқылы зейнетақы төлеу тәртібі өзгеретінін еске салды.

- Қазір, мәселен, Қор зейнетақыны есептеген кезде, жылдық соманы бірден бірыңғай төлеммен алуға болады. Бүгінде бұл сома максималды 844 мың теңге, ал 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы мөлшерінің көбеюіне байланысты 937 мың теңге болады. Келесі жылдан бастап заңнаманың өзгеруіне сәйкес, тек ай сайын алуға болады. Осы өзгеріске дейін зейнетақыны ресімдеген жандар 2018 жылдың  1 шілдесіне дейін ескі тәртіппен алады. Ал 1 қаңтардан бастап ресімдейтіндер соманы жылдық емес, ай сайын алатын болады.

Бұдан басқа, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдердің зейнетақы жасы өзгеріп, жыл сайын жарты жылдан қосылатын болады (әйелдің шығу жасы 63 жасқа жеткенше 2027 жылға дейін – С.Т.). Осылайша, әйелдерде зейнетақыға шығу жасы ерлер секілді болады. Мәселен, 2018 жылы әйелдер үшін зейнетақы жасы 58,5 жасты құрайды, бұл да, тиісінше, зейнетақы мөлшеріне әсер етеді, - деп түйіндеді Наурызбаева.

Кейінірек, облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлағандай, БЖЗҚ мен облыстық әкімдік арасындағы талқылау қорытындысы бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ол аталмыш мәселелерді шешу және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне белсенді қатысу жөніндегі бірлескен шараларды қарастырады.


"АЖ" анықтамасы:
"Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" Акционерлік Қоғамының төрайымы Нұрбибі Наурызбаева Алматы Халық шаруашылығы институтының «Қаржы және несие» мамандығы бойынша бітірген. Еуропалық банктерде оқып үйреніп, тағылымдамадан өткен.
1984 жылдан бері банк саласында жұмыс істеп келеді. Еңбек жолын Алматыдағы Мемлекеттік банкінің орталық бөлімінің бас экономисі болып бастады.
1988 жылы «Қазагроөнеркәсіп банкінің» бөлім бастығының орынбасары, АБ бас маманы болды. 1994 жылдан бастап ҚР Ұлттық банкінің Банк қадағалауы департаменті директорының орынбасары болып жұмыс жасады.
2003-2013 жылдары - «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқармасының төрайымы.
2005-2017 жылдары Ұлттық банктің  ішкі аудит департаменінің басшысы лауазымында жұмыс жасады. 
2017 жылдың 13 қаңтарынан бастап «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрайымы болып тағайындалды.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген автор


23 маусым 2017, 21:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.