Атырау, 26 сәуір 01:47
 ашықВ Атырау +25
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Үш жатақхана тұрғындары көшіріледі

2 994 просмотра


Өңірлік коммуникациялар қызметінде қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімінің басшысы Серікбай ҚАЗИЕВТІҢ (суретте) қатысуымен брифинг өтті.

Атырау қаласы мен қала маңындағы елді мекендерді қоса алғандағы автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 1 593 шақырым. Құрманғазы поселкесіндегі төрт жол, Бірліктегі үш, Ақсайдағы төрт және Ақжардағы бес жолға қатысты тендер өткен жылдың соңында өтті, сондықтан да жалпы ұзындығы 10,8 шақырым болатын бұл жолдарды асфальттау тек қазір ғана аяқталып жатыр.

Биылғы жылдың «майшелпегі» құны 3,4 млрд теңге болатын ұзындығы 51,8 шақырым 63 көшенің құрылысын «Атыраукөлік» ЖШС мен «Атырауинжстрой» ЖШС бөлісіп алды. С.Қазиевтің айтуынша, бүгінде мердігерлер жұмыстың 70 пайызын орындаған.

Бұдан басқа, биыл жергілікті бюджеттен жаңа ықшамаудандардағы 311 көшенің 250 шақырым жолының құрылысына 25 млрд теңге бөлінеді. Осы портфельдегі 232 көшенің жобалау-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптаманың оң тұжырымын алды және таяуда мердігер электрондық тендер арқылы анықталатын болады. Қалған 79 көшенің (Жұлдыз-1,2 ықшам ауданынан 43, Жұлдыз-3 24, Курилкин-Көкарнадан 12) жобалық-сметалық құжаты қазір сараптамадан өтуде. Тағы да ұзындығы 220 шақырым болатын 207 көшенің жобалық-сметалық құжатын жасақтауға бюджеттен 450 млн теңге бөлінді. Жобалау жұмыстарымен «ЛМ Транспроект» және «Алматы Жоба» фирмалары айналысуда.  

«АЖ» сауалы: АМӨЗ санитарлық-қорғау аймағына енген Оң жақ төменгі Перетаска тұрғындарына өтемақы төлеу неге кешіктіріліп жатыр?

- Көшіру тізіміне барлығы 127 жер телімі және  екі қабатты үш үй енгізілген. Тұрғындардың басым бөлігі жылжымайтын мүліктерді қайта бағалау қорытындысымен келісті, жетеуі келісімге келген жоқ. Олардың үшеуі қалалық әкімдік үстінен сотқа шағымданды, бір процесс аяқталып та үлгерді, талапкер жеңіп шықты. Осы аптада біз оларға талап етілген өтемақы сомасын төлейтін боламыз. 

Қазиев сондай-ақ, 2014-2020 жылдарға арналған апатты, тозығы жеткен тұрғын үйлер мен жатақханаларды күреу бағдарламасына сәйкесті биылғы жылы Атырауда Құнанбаев, 13, Гагарин, 124 және Досмұхамбетов,15 мекенжайында орналасқан жатақханалардың күрелетіндігін хабарлады. 2014 жылдан бастап бағадарламаға сәйкес алты жатақхана күрелді, тағы да 12-сі қалды. Жатақханалардан басқа күрелетін үйлер тізіміне 23 апатты және 27 тозығы жеткен үйлер кіреді.   

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ 

Суретті түсірген автор

21 маусым 2017, 17:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.