Атырау, 20 сәуір 13:48
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Жауған оқтың астында

2 200 просмотра


22 маусымның қарсаңында біз Ұлы Отан соғысы тақырыбына қайта оралып, батыр аталарымызды еске аламыз. Олардың бірі – Дүйсен СҮЙЕСІНОВ.

Ол 1923 жылы Мақат кентінде дүниеге келген. Орта мектепті тәмамдаған соң Сағыз мұнай кәсіпшілігінде токарь болып жұмыс жасаған, ал, 1941 жылы Қызыл әскер қатарына шақыртылады. Алматыдағы әскери-саяси училищеде курстан өтіп, 316-атқыштар дивизиясының (кейінгі 8-гвардиялық панфиловшылар) кіші лейтенанты шенінде майданға аттанған.

«Журналист және өмір» кітабында майдангер журналист Қасым Шәріпбаев Сүйесіновтың отты жылдардағы жүрген жолын кең баяндайды. Кезекті бір шабуылды былайша суреттеген: «1943 жылдың қысында құрамында Дүйсен Сүйесінов бар батальон Новгород облысында шайқасып, Монаково деревнясын басып алуға бұйрық алады. Дұшпан берілмеді, қарсы тұрды. Деревняға кірер жердегі фашистердің пулеметі жауынгерлердің алға жылжуына мүмкіндік бермеді.

Батальон комсоргы Сүйесінов жауған оқтың астымен еш қаймықпастан жау тажалына қарай жақындап келіп, гранатаны дәл көздеп лақтырып, пулеметтің ойранын шығарады. Батальон шабуылды жалғастыруға мүмкіндік алып, Монаково деревнясын құтқарады. Бұл ерлігі үшін Сүйесінов Қызыл Ту орденімен марапатталады».

Кейін ол Отан соғысы орденімен және «Берлинді алғаны үшін» медалімен де марапатталады.

Дүйсеннің қарындасы Бақтылы апай ағасының майдан шебінен келген хаттарын әкесі Мұқанның сақтап жүретінін, келген қонақтарға оқып беретінін еске алған.

Гвардия лейтенанты Сүйесінов 1946 жылы елге оралып, бірден Мақат аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалады. Одан кейінгі жылдары аудандық партия комитетінде, жергілікті мұнай кәсіпшіліктерінде партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарған. Үйленіп, дүниеге алты бала келген, олардың бәрі де қазір аман-есен. Дүйсен 1964 жылы ауыр науқастан кейін ерте көз жұмған. Оның жасы небары 41-де еді. 

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

21 маусым 2017, 16:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.