Атырау, 24 сәуір 21:02
 ашықВ Атырау +13
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Бүгінгінің батырлары

Сурет
3 665 просмотра

Өткен аптада біз қаладағы Московский өткеліндегі өртеніп жатқан үйден балаларды құтқарған екі жігіт туралы жазған болатынбыз. Сол кезде олардың біреуі - Абат АКЕТОВПЕН сөйлесудің мүмкіндігі болып еді, ал енді құтқарушылардың үшеу болғандығы анықталып отыр. Рустам ТАҒАНИЯЗОВ пен Азамат АҒИСОВ өздері редакцияға байланысқа шықты.

Рустаммен біз қаладағы сауда үйіне наубайханадан шыққан нан өнімдерін тасымалдап жеткізуі кезінде кездестік. Ол өрт шыққан үйге жақын маңдағы «Урынбасова» ЖК наубайханасында көлік жүргізушісі болып қызмет атқарады. Өрт шыққан кезде Рустам түскі үзілісті пайдаланып, машинасын жуып жатқан.

Рустам ТАҒАНИЯЗОВ.

- «Өрт шығып жатыр!» деген әйелдердің айқайын естігесін сол жерге жүгіріп бардым. Қақпаның сыртында өртеніп жатқан үйге қарап қалған жігіт ағасын көріп, «Іште кісі бар ма?» деп сұрадым. Ол білмейді екен, осы кезде біз екеуміз бірге үйдің ауласына кірдік. Бұл кезде үйдің ауласында жеті жасар ер бала жыларман күйде қолындағы шелек толы сумен өрт сөндірмек болып, шашып жүрді. Бала үйдің ішінде бір інісі мен бір қарындасы қалғанын айтты, - деп әңгемелейді Рустам. – Үйден екі баланы сыртқа алып шығып жатып, «үйде тағы да адам бар ма?» деп сұрадық. «Жоқ» деген жауап алғасын, үйдің алдында тұрған екі газ баллонын оттан алысырақ, қауіпсіз жерге апарып қойдық. Бірақ, шамамен 10 минуттай уақыт өткенде ғана әлгі бала «Үйде тағы бір бөпем қалып қойды» деп жыламсырады. Бұл кезде мен сасқалақтап қалдым, ал менің қасымдағы жігіт (бұл Абат Акетов болатын) бірден кері үйге жүгіріп кетті. Осы кезде үстінде ақ жейдесі бар, шамамен 25 жастағы жігіт бірінші қабаттағы пластик терезені қолымен ұрып ашып, оны айқайлап шақырды. Бір уақытта үйдің ішіндегі жігіт көрініп, баланы терезеден беріп, өзі де сыртқа секіріп шықты.

Рустамның жасы - 27 де. Ол жұбайы Айнұр АЛПЫСБАЕВА екеуі қала іргесіндегі Геолог ауылында Раяна, Ясмина есімді сүйкімді қыздарын тәрбиелеп отыр.

Азамат АҒИСОВ.

Ал «ақ жейделі жігітті», яғни Азамат Ағисовты біз үйлену тойы алдында таптық. Кезекті еңбек демалысын алып, үйлену тойына дайындық жұмысымен жүрген Азамат анасымен бірге базардан сатып алған азық-түліктерін той дастарханын дайындау үшін арнайы жалдаған аспазға алып келеді.

- Мен ол жаққа барғанда көршілер бір адам кішкентай баланы құтқаруға үйге кіріп кеткенін айтты. Үй жалынға оранып, ауладағы ағаштар да өртеніп, сыртқы есіктің жанында құлап жатты. Есіктің жанып жатқанын көргенде іштегі жігіттің шыға алмайтынын түсіндім. Сосын жүгіріп барып, көше жақтағы бірінші қабаттың терезесін екі-үш рет қатты ұрып, баланы алып келе жатқан жігітке сыртқа шығуға көмектестім, - деп әңгімелейді Азамат.

Жақында ғана бойдақтық өмірмен қоштасқан Азамат Аққыстау ауылында «ТрансТелеком» АҚ-ның филиалында байланыс инженері болып жұмыс істейді.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА

Суреттерді түсірген автор

21 маусым 2017, 10:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.