Атырау, 29 наурыз 16:49
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Үстірт құпиясы

Сурет
12 568 просмотра

Жақында қызым Ақбота екеумізге Марғұлан СЕЙСЕМБАЕВ жетекшілік еткен «Nomad Explorer» командасы ұйымдастырған экспедицияға қатысу бақыты бұйырды. Бұл жандар екінші жыл қатарынан Қазақстандағы табиғи ескерткіштерді дәріптеп, ішкі туризмді дамыту үшін мыңдаған шақырымдарды жүріп өтуде.

ТЕҢІЗ ТҮБІ

Биыл «Үстірт құпиясы» экспедициясына 270 шақты қатысушы 70 джиппен Маңғыстау жартыаралының бүкіл периметрін шарлап өтті. Ол жерде түрлі елдерден: Ресейден, Қырғызстаннан, Әзірбайжаннан, Вьетнамнан, Польшадан, Австралиядан, Франциядан, Украинадан адамдар қатысты. Біздің маршрут мынадай болады: Тамшалы – Жығылған – Сұлтан Үпі – Қапам сай – Шақпақ Ата – Шар алқабы – Шерқала – Айрақты – Тұзбайыр – Тұзбайыр етегі – Бозжыра шыңы – Бозжыра етегі – Сенек құмы – Тоқмақ мүйісі және Қарақия ойпаты.

Маңғыстаудың табиғатын суреттеу оңай емес. Әдетте, заттар салыстыру арқылы танылады ғой, ал бұл жерде олар салыстыруға келмейді, өйткені өзгеше әрі алуан түрлі. Жүздеген миллион жыл бұрын бұл аумақ Протокаспий теңіз түбі - Лавразия мен Гондвана суперконтиненттерінің арасында орналасқан Тетис мұхиты болған. Тектоникалық өзгерістердің нәтижесінде іс жүзінде миллиондаған жыл бұрын мұхит түбінің бедері болып табылатын Үстірт шоқысы түзілген.

Ғалымдар шамамен 8 миллион жыл бұрын Тұран плитасы су иірімінен босап, көтеріле бастаған деп есептейді. Кейін қайтқан сулар бор куэсталарын, құздар, ғажайып тау жұрнақтары мен ойпаттарын түзіп, жұмсақ жыныстарды шайып кеткен. Жел мен жаңбырлы сел Табиғаттың ұлы туындысын аяқтаған. Осылайша Солтүстік және Оңтүстік Ақтау кертпештері, аңызға айналған Шерқала тауы, Ақмыштау бекіністер алқабы, шексіз Тұзбайыр соры, әлемдегі ең терең ойпаттардың бірі Қарақия, Бостанқұм құмды алқабы, өзгеше Бозжыра шыңдары, Каспийдің жартасты жағалауы пайда болған.



ЕЖЕЛГІ АКУЛА ТІСТЕРІ

Бірақ, бәрін ретімен баяндайын. Біздің алғашқы тұрағымыз Тамшалы сарқырамасы болды. Бұл жердегі басты көрікті орын – үш метр биіктіктен шағын жартылай үңгірдің төбесінен су аққан сулы қабат. Үздіксіз жаңбыр жауып жатқандай әсер қалдырады. Ал қыста тамшылаған су мұзға айналып, керемет мұзды тізбекке айналады. Осы жаңбырдың сазына шабыттанған біз басымызды судың жұмсақ тамшыларына тосып, Қазақстанның Халық әртісі Гауһар МЫРЗАБЕКОВАМЕН дуэтпен «Гауһар тас» әнін шырқадық. Ол жердегі акустика – готикалық собордағыдай еді.

Содан кейін Жығылған мүйісіне бет алдық. Бұл алып геологиялық көшкін. Ауыр плита өз салмағымен жұмсақ «төсемді» жаныштап, теңізге лақтырып, өзі алып шұңқырға айналған. Бұл жерден «ақиқат - нанғысыз» нәрсе көрдік. Эволюция барысында теңіз шөгінділеріне динозаврлар дәуіріндегі жануарлардың іздері түскен. Бұлар таста қатып қалған азулы мысықтар – махайродтар мен жылқының арғы тегі – үш ашалы гиппариондардың іздері. Бұл іздерге – 10-15 миллион жыл болған...



Торыш шар алқабы – диаметрі 3-4 метрге жететін өзгеше шар тәріздес тас түзілімдері шашылған шексіз алқап. Олардың қалай пайда болғаны әлі құпия қалып отыр.

Шерқала тауы – Маңғыстау облысының табиғи символы болып табылады. Бір жағынан киіз үй секілді, екінші жағынан арыстанның жалына ұқсайды. Шынымен де, одан аңдар патшасының айбындылығы сезіледі.

Карақия ойпатының ең терең жері дүниежүзілік мұхит деңгейінен 132 метр төменді құрайды. Бұл оған әлемдегі ең терең құрлықтағы ойпат мәртебесін береді.

Тұзбайыр. Ауқымды сортаң жатқан сатыланған сазды-ізбесті және борлы каскадтар туралы тек өлеңмен ғана айтуға болады. Шамасы, сондықтан да шығар, біздің экспедицияда Тұзбайырға жыр ғана емес, тіпті терме де арнаған жаңа ақындар пайда болды.

Екатеринбургтық Леонид МЕНЬШИКОВ мына өлең жолдарын оқып берді:

Тузбайыр - ослепительно белая даль,

Тузбайыр – твоих слез расплескалась печаль.

На земле белой солью упала к ногам,

Тузбайыр – бесконечная воля ветрам!

Тұзбайырдан ежелгі акулалардың тістерін таптық. Біздің коллекционер-палеонтологтардың ынта-ықыласын білетіндіктен, мен олардың әлі де бар екеніне таң қалдым.



БОЗЖЫРА ПЛАНЕТАСЫ

Жолсызбен бірнеше шақырым жол жүрген соң Бозжыра шатқалы көрінді. Бұл Үстірт шоқысының тағы бір шыңдар учаскесі. Бұл жерде Табиғат өз қиялына ерік берген. Бекіністер алқабы, табиғи көріністер амфитеатры... Бұл жерде үнсіз тұрдық, кейбірі көз жасына ерік берді... Бозжыра біздің саяхатымыздың шарықтау шегі болатын. Айтпақшы, бұл жерде Батырхан ШҮКЕНОВ өзінің танымал «Сағым дүние» клипін түсірген. Шыңдардың біріне көтерілген экспедиция қатысушылары оны Батырдың атымен атауды ұсынды.

Осы жерде Бозжыра шыңы және Бозжыра етегі деген түсінік бар. Бұлар шыңдардың жиегінде орналасқан шолу алаңдары. Осы жерде тұрып 300 метр биіктіктен керемет табиғат көрінісін көзбен шолып шығуға болады. Содан соң төменге түсіп, төменнен қарайсың. Әрі сол жерге түнеуге тоқтайсың.

Бозжырада тіршіліксіз планетаның үстінде тұрғандай немесе голливудтық кинокартинаның түсіріліміне қатысып жатқандай әсерде қаласың. Бұл жерде әйгілі Азу деп аталатын өткір ұшты жартастар жұбы, сонымен қатар, Батыр тауы мен басқа мұнара таулар, бекініс таулар, киіз үй таулар орналасқан.

Қазақстандық фотосуретші Деонисий МИТЬ өзінің фейсбуктегі  парақшасына осы жерлердің бейнелі суреттерін орналастырып:

Обнял дождь, омыл, окутал Мир, с которым мы слились. Превратились все минуты В нескончаемую жизнь. Иссякают наши речи, Чтоб могла спокойно течь Через нас живая вечность - Бога медленная речь,

- деп жазады.

Бірақ осынау ғажайып көріністі тамашалаған біз ғана емес. Бізге шағын топ болып саяхаттап жүрген Татарстаннан, Франциядан, Ресейден келген туристер кездесті. Ал француз бір өзі велосипедпен жүр екен.

Кешкісін алау жанында ән фестивалі өткізіліп, атыраулықтар бірінші орын алды. Ал жеңісті бізге «Атырау қалам» атты қаламыздың гимнін шырқаған Ақбота алып берген еді.



МАРШРУТ САЛДЫҚ

Экспедиция барысында мен қасымызда кездейсоқ жүрген жан жоқ екенін білдім. Қатысушылардың әрқайсысы – қалыптасқан жарқын тұлға. Арман ОМАРХОДЖИЕВ - археолог, Будда туралы «Сақ тайпасынан шыққан данышпан» фильмінің авторы; Ажар ЖАНДОСОВА – қоғам қайраткері, «Әділет» тарихи-ағарту және құқыққорғау қоғамының мүшесі, Ораз Жандосов пен Ильяс Жансүгіріовтің немересі; аталмыш Гауһар Мырзабекова – ҚР халық әртісі, «Қазақстан Камератасы» классикалық музыка ансамблінің жетекшісі; танымал алпинистер – Эвересті алғаш бағындырған қазақ Қазбек УӘЛИЕВ және аты аңызға айналған Мақсот ЖҰМАБАЕВ, қоғам қайраткері және Almaty Management University президенті Асылбек ҚОЖАХМЕТОВ және басқалар. Олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып жазып, айтуға болады.

Қазақстанда 25 мың тарихи ескерткіш бар болса, соның 11 мыңы Маңғыстау облысында. «Үстірт құпиялары» экспедициясының мүшелері өлкенің тарихи және сәулет ескерткіштері бойынша жол көрсеткішін жасау үшін 1500 шақырымдай жерді жүріп өтті. Зерттеушілер командасы туристер үшін қауіпсіз және танымдық маршруттар салды. Қажет іс, өйткені осы туристік ауданның толық сипаттамасы әлі күнге дейін болған жоқ.



Марғұлан Сейсембаевқа үлкен рахмет. Парасатты романтик жан Маңғыстау облысының ең әдемі, ең маңызды нысандарының 80 пайызын қамтитын маршрут әзірлеген және осы күрделі экспедиция кезінде қызықты уақыт өткізу үшін көп нәрсе жасады. Маған демеуші болған «Ақ Жайық» газетіне, «Пасифик Рим Констракторс» ЖШС-не, дизайнер «Маржан Маршаллға» осынау ғажайып саяхат үшін рахмет айтамын!

Енді өзімді өз айналамда Үстіртті алғаш кесіп өткен жандардың бірімін деп есептей аламын. Айналамда саяхатшылар өте көп. Өзіміздің тап қасымызда осындай тұмса сұлулық тұрса да, олар түрлі алыс елдерге көп саяхаттайды. Айтпақшы, Маңғыстауға жапон туристер тобы үнемі келеді екен.

«Бұл жерде олар табиғаттан қуат алады», - деді маған осы жерде жыл сайын жапондарды қабылдайтын жүргізуші Валерий-сан.

Зинат ОРЫНБАСАРОВА

Суреттерді түсірген автор

20 маусым 2017, 12:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.