Атырау, 29 наурыз 10:55
 ашықВ Атырау +10
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Егін піспей, баға түспейді

6 206 просмотра

Биыл облыста егіс алқаптарының көлемі 8 237 гектарға жетті. Бұл көрсеткіш алқаптың өткен жылға қарағанда 8 пайызға артқанын көрсетеді.

Облыстық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Сырым РЫСҚАЛИЕВТІҢ мәлімдеуінше, егін егу жұмысы толығымен аяқталған: 2538 га көкөніс, 1035 га бақша дақылдары, 2023 га картоп.  

Қызылқоға ауданында 40 гектарға бау-бақша, 170 гектарға арпа егілген. Бүгінде ауданда төрт жылыжай тұрақты түрде жұмыс жасайды. Егістік басында Ойыл өзені бойындағы Миялы, Жангелдин, Жасқайрат, Көздіғара округтерінде 70 шақты адам еңбек етуде. Бұл бірнеше шаруа қожалықардың жұмысшылары мен зейнеткерлер.   

- Аудандағы ауыл шаруашылығының дамуын тежеп отырғаны – су тапшылығы. Егіншілер өр суына тәуелді, - дейді Қызылқоға ауданының әкімі Мақсот МҰҚАНОВ.

Судың тапшылығы өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасына әсер етеді. Аудандағы базар мен дүкен сөрелерінде картоптың бір келісі 137-230 теңге, орамжапырақ пен сәбіз 120-190 теңге аралығында сатылуда. Бұл көкөністерді саудагерлер көршілес Ақтөбе мен Оралдан әкелуде.  

70 мыңға жуық халқы бар Жылыой ауданында көкөніс пен жеміс-жидектерді басқа аудандардан әкеледі. Биыл ауданда 110 гектар жерге бау-бақша дақылдарын, 40 гектар жерге көкөніс егілген. Биыл егіншілер картоп еккен жоқ, себебі өткен жылы өнім аз берген.  Егіс алқабында жылдағыдай «Аман-Есен», «Бірлік», «Мереке» шаруа қожалықтары жұмыс жасауда.

Жылыой аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ерлан НҰРҒАННЫҢ айтуынша, егін салу мақсатында жер алушылардың қатары артқан. Мұнда суармалы су тегін. Болашақта Бақашы бөгеті мен Қарағай учаскесінен жер беру қарастырылуда екен. Қазір алқаптарды суару жұмыстары жүріп жатыр.



Индер ауданындағы «Талап» базарындағы көкөністер бағасы (суретте) сатушылардың айтуларынша, күн сайын өзгеруде.  

- Бұдан бір апта бұрын келген картопты қымбатқа алып, бір келісін 250 теңгеге дейін көтердік. Одан кейін төмен бағамен түскенін 30 теңгеге түсіріп отырмыз. Біз бағаны ауадан алмаймыз, тек жеткізу шығынын қосып, 10-20 теңгеге көтеріп сатамыз. Себебі, қымбат көкөністерді сатып алуға көпшіліктің мүмкіндігі жоқ екенін түсініп отырмыз ғой, - дейді сатушылар. - Қызанақтың бір келісі – 400 теңге, қияр – 300 теңге, жуа – 200 теңге, алма – 400 теңге, сәбіз – 250 теңгеден. Бұл өнімдер жергілікті «Батухан» шаруа қожалығынан жеткізілуде. Бір аптадан кейін Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауданы диқаншыларының өнімдер келгенде баға күрт түсетіні сөзсіз.

Индер ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәулет ЕСЕТОВТЫҢ айтуынша, биыл егіс алқабының көлемі ұлғайып, 1 288 гектарды құрап отыр. Шаруа қожалықтары тамшылатып суару әдісіне біртіндеп көшіп жатыр. Бүгінде диқандар науқан жұмысына заңдастырылған түрде 187 шетелдікті тартуда. Итальян шегірткесі түседі деп белгіленген 350 га қауіпті аумақты улау жұмыстары жүргізіліп, 195 тонна түрлі тыңайтқыштар сатып алынды. Тыңайтқыштардың сатып алу бағасының 50 пайызына үкімет тарапынан субсидия беру белгіленген.

Бүгінде «Қазсушар» РМК-ның Атырау филиалымен 16 шаруа қожалығы келісімшартқа отырған. Аудан диқандары суару жұмыстарымен айналысуда.  

Махамбет ауданындағы егістік көлемі 2 780 гектарды құрайды. Аудандарда егін егу бойынша алда тұрған махамбеттіктер картоп дақылын 540 гектарға, көкөністі 700 гектарға, бау-бақшаны 300 гектарға еккен.  

Құрманғазы ауданындағы егіс алқабының көлемі 800 гектарды құраса, оның 530 гектарына картоп егілген.

 «Каспий-Балық» өндірістік кооперативінің балықшылары мен «Сәрсенбаев» шаруа қожалығының жұмысшылары маусымдық жұмыстан босағаннан кейін суы кері қайтқан Қиғаш өзенінің жағасына картоп еге бастады. Өзен бойындағы Теңіз, Сафон, Бірлік, Курдряшов, Көптоғай округтерінде егіншілікпен айналысатындар саны артқан.

Ал құм өресі шалғайда жатқан Азғыр өңіріне егін өнімдері Ресейден әкелінеді.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Саламат ҚАБДОЛОВТЫҢ айтуынша, ауданға көкөністер Астрахан қаласынан әкелінуде. Ауданда картоптың бір келісі 220-250 теңгеден, сәбіз 220-250 теңгеден, жуа 200 теңгеден, орамжапырақ 250 теңгеден, қияр 300 теңгеден,  қызанақ 400 теңгеден сатылуда.

Исатай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қадыржан ЕРМҰХАНОВТЫҢ айтуынша, ауданда жердің сортаңданып кетуіне байланысты егін егуге құлшыныс танытылмауда. Ауданда егін егушілер саусақпен санарлық. Соған орай егіс алқабының көлемі өте аз, аудан бойынша 28 гектарға егіс егу жоспарланғанымен соның тек 16 гектары игерілуде. Яғни, 15 гектарына көкөніс, бір гектарына бау-бақша дақылдары егілген.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

19 маусым 2017, 18:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.