Атырау, 24 сәуір 07:06
 ашықВ Атырау +22
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Жоспар көп, жүзеге асса...

3 119 просмотра

Атырау облысы бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж 22 434 адам бар. 2016 жылы 680 адам тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жұмабай ҚАРАҒАЕВ (суретте) мәлімдеді.

Қазіргі таңда Атырауда 62 көп пәтерлі үй апатты жағдайда (Атырау облысы бойынша барлығы 70 үй),  оның тұрғындары көшірілуге жатады. 2014-2016 жылдары барлығы 14 үй (173 пәтер) көшірілсе, қалғандары Береке және Нұрсая ықшамаудандарында 44 көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы аяқталысымен көшірілетін болады.

Күні бүгін облыстағы 164 елді мекеннің 127-сі орталық су құбырына қосылған. Қалғандарына ауыз су автокөліктермен жеткізіледі.

- Биыл облыстағы 15 елді мекенде (Жылыой ауданы – Тұрғызба, Қосшағыл; Қызылқоға ауданы – Қарасу; Махамбет ауданы – Махамбет; Құрманғазы ауданы – Дәшін, Жыланды, Азғыр, Балқұдық, Қоңыртерек, Сүйіндік, Батырбек, Егінқұдық, Жалғызапан; Исатай ауданы – Қызыл үй, Жасқайрат) су құбырларын жүргізуге жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді, - деді Ж.Қарағаев.

Азғыр өңірі елді мекендері электр энергиясын РФ-нан алады. Ресейге тәуелділіктен арылу мақсатында «Ганюшкино-Асан» әуе желісін жүргізудің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Нұрсая, Самал ықшам аудандарын электрмен үздіксіз қамтамасыз ететін «Оңтүстік айналма» жобасы биылғы жылдың ІІІ тоқсанында толық аяқталатын болады.

- Азғыр өңірін газдандыруға былтыр 9 млрд теңге бөлініп, жұмыстар биыл басталады деп жоспарланған болатын. Жұмыстар қалай жүріп жатыр?

- Жобалық-сметалық құжаттама дайын, бүгінгі күні мердігер мекеме анықталуда. Бұл ұзындығы 365 шақырым болатын магистралды жоғары қысымды газ құбыры. Одан басқа, екінші жоба дайындалды – 67,6 шақырым ауылішілік газ құбырын тарту. Жоспар бойынша, жұмыс екі жылдың ішінде бітуі керек.

Жалпы облыстағы елді мекендердің 79 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Шалғай орналасқан 34 елдімекен ғана газ баллондарын қолданады.

- Қаладағы ағаш жапырақтарын қоңыздар мен жапырақ жегісі жеп жатыр. Бірақ, улау жұмысы әлі басталған жоқ. Бұл жыл сайын қайталануда.

- Былтыр қаладағы қарағаштарға құрт түскенде біздер Қостанайдан орман шаруашылығы мамандарын (лесопатолог) шақырып, зерттеу жұмыстарын жүргізгенбіз. Сол кезде олар ағаштарды кесуге кеңес берген болатын. Ағаштарды санитарлық мақсатта кескенде тал жаңарады. Енді улау жұмыстарына келген кезде тендер қорытындысынан қателіктер табылып, жұмыстар тұрып қалды. Жаңадан тендер жариялауға тура келді. Болашақта мұның бәрін ескеретін боламыз.  

- Қала орталығындағы фонтандар соңғы кезде жұмыс жасамай тұр. Неге?

- Бұл біздің басқарманың құзырына жатпайды. Қаладағы фонтандарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр, қазіргі таңда жобалық-сметалық жобасы жасақталуда. Жаңартылған нысандар түнгі уақытта жарқырап тұрады. Кейбірінде музыка қосылып, судың өзі де музыка ырғағымен «билейтін» болады.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор

19 маусым 2017, 15:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.