Атырау, 24 сәуір 06:58
 ашықВ Атырау +22
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Ерекше балалардың бақыты

4 699 просмотра

«Ембімұнайгаз» АҚ (ЕМГ) ұйымдастырған қайырымдылық концерті – Ән фестиваліне қатысқан мүмкіншілігі шектеулі балалар мен «Шаңырақ» балалар ауылының тәрбиеленушілері бүгінгі күні «Мен бақыттымын!» деп айта алады.

ЕМГ компаниясы өзінің 95 жылдығына орайластырылған қайырымдылық, спорттық және мәдени шараларды ұйымдастыруды жалғастыруда. 6 маусымда компанияның бас кеңсесінде «Мұнай өндірісі - балалар көзімен» атты Компания қызметкерлерінің балалары арасында жас суретшілер байқауы өтті. 9 маусымда компания мүмкіндіктері шектеулі 350-ге тарта бала бас қосқан  «Жан жылуы» қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. Ембі мұнайшылары халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары мен мүмкіншілігі шектеулі балаларға үнемі  айрықша көңіл бөледі. Мұндай  балалардың арасында талантты балалар көп, алайда сырқаттың салдарынан және материалдық қиындықтарға орай  олардың қабілеттері үнемі толық ашыла бермейді.


Компания «Мен бақыттымын!» атты ән фестивалін ұйымдастырғанда жас өнерпаздардың таланттарын шыңдауды мақсат етті. Сайыс кезінде Альфия ТІЛЕКҚАБЫЛ «Доссормұнайгаз» басқармасы Солтүстік Жолдыбай кен алаңы мұнайшылар жатақханасының коменданты Айсұлу МАНТАЕВАМЕН бірге өнер көрсетті. Альбина ЖҰМИЕВА Орталық бухгалтерияның аға есепшісі Мәди БЕКСЕЙІТОВПЕН, Аяулым ТӨЛЕПБЕРГЕН «ӨТҚжЖК» басқармасы көлік механигі Тазагүл КАЛЫМОВАМЕН, Айнұр ДҮЙСЕШ «Қайнармұнайгаз» басқармасы кәсіподақ комитетінің есепшісі Әділет ДОСПОСЫНОВПЕН, Айжан ҚАЙЫРЖАН «Ембімұнайэнерго» басқармасы арнаулы техника және автокөлік колоннасының жүргізушісі Талғат МЫРЗАҒАЛИЕВПЕН, Толғанай ЖАСТІЛЕКҚЫЗЫ «Жылыоймұнайгаз» басқармасы мұнайшылар жатақханасының коменданты Зәмзия МИРМАНОВАМЕН, Нұрсұлтан ҚҰРМАНБАЕВ «Жайықмұнайгаз» басқармасы ұңғымаларды жөндеу шебері Сержан МӘЖИТОВПЕН, Оксана АКОНОВА ЕМГ Басқарма төрағасының орынбасары Рысты ТАСМАҒАМБЕТОВАМЕН бірлесе  ән салды.

– Біздің фестивальдің мақсаты – ерекше балалардың шығармашылық әлеуетіне қолдау көрсетіп, оларды өз таланттарын жетілдіруге ынталандыру. Компания үшін бұл халықтың анағұрлым әлеуметтік-осал топтарының біріне қолдау көрсетудің кезекті мүмкіндігі, – деді шараның ашылу барысында ЕМГ АҚ Басқарма төрағасы Ануар ЖАҚСЫБЕКОВ.

Әр жұп шыққан кезде жас таланттардың әуестігі туралы, олардың байқауға қалай дайындалғандығы жөнінде бейнероликтер көрсетілді.

Фестивальге қатысқан 7-ден 14 жасқа аралығындағы өнерлі балалар     облыстық және республикалық деңгейдегі түрлі байқаулардың жүлдегерлері мен дипломанттары атанған. Альфия Тілекқабыл 10 жаста, көру қабілеті бойынша мүгедек, алайда дертіне қарамастан өте белсенді. Жеке мектепте оқиды, мүмкіндіктері шектеулі жандарға арналған «Өмір гүл» ансамблінде вокалмен айналысады. Жуырда ерекше балаларға арналған «Жұлдызай» байқауына қатысып, жүлделі 3-орынды иеленген.

– Бір жарым ай бұрын ұйымдастырушылар біздің балалар үшін нағыз кастинг өткізді. Іріктелген балалардың бәрі бірдей фестивальге қатыса алмады. Кейбіреулері «Қазақстан геологы» пансионатына демалуға кеткен, бірақ қалғандары қызу дайындалып, лайықты өнер көрсете білді. Оксана мен Нұрсұлтан біздің барлық шарамызға тұрақты қатысып тұрады. Нұрсұлтан ән салғанды жаны сүйеді, өз тағдырын сахнамен байланыстыруды армандайды. Ол қазіргі қазақстандық эстрада жұлдыздары Қайрат НҰРТАСПЕН, Ернар АЙДАРМЕН бірге ән шырқады, ал Төреғали ТӨРЕӘЛІМЕН тіпті Драма театрында бір сахнада өнер көрсетті. Айжан әпкесімен бірге біздің ұжымымызға 2 ай бұрын ғана келді. Бірақ екеуі де өздерін шығармашылық тұрғыдан көрсете білді. Олар қуана билеп, ән шырқайды. Осындай керемет мереке сыйлағаны үшін «Ембімұнайгаз» компаниясына рахмет, – дейді «Шаңырақ» балалар ауылының директоры Гүлсара БОТАТАЕВА.

Талантты балалардың арасынан ең мықтыларын таңдау мүмкін болмады. Себебі, барлық өнерлі жұп жақсы дайындықпен келген.  Сондықтан қазылар алқасы барлық сайыкерлерді жеңімпаздар деп танып, оларды жүлделермен марапаттады.

15 маусым 2017, 15:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.

Комментарий беру ажыратылған