Атырау, 20 сәуір 07:21
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Прокурорды алаяқ деп таныды

3 819 просмотра


5 маусымда №2 Атырау қалалық сотында ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-тармағының 1-ші және 2-ші тармақшасы («Ірі мөлшерде мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам жасаған алаяқтық») бойынша айыпталған Атырау қалалық прокуратурасының қызметкері Азамат ҚОҚАМАНОВҚА үкім шығарды.

Айыптау жорамалын қысқаша еске саламыз. 2015 жылғы 10 қазанда «ҮМІТ АИС» ЖШС асфальтбетон зауытының аумағында қайғылы оқиға орын алды. Жүк тиеу кезінде тиегіш көлік жүргізушісін басып қалған еді. Жүк тиеу үшін жауапты аға механик Қайрат МЕҢДІҒАЛИЕВҚА қатысты қылмыстық іс («Адам өліміне әкеліп соққан еңбектi қорғау қағидаларын бұзу») қозғалып, сотқа жолданды.

Бұл кезде прокуратура қызметкері Қоқаманов сот шешіміне ықпал етуге мүмкіндігі жоқ екенін көрінеу біле тұрып, Меңдіғалиевтан бас бостандығынан айыруға қатысты сот шешімінің орнына 2 млн теңге талап еткен. Меңдіғалиев несие алып, туыстары мен жұмыстастарынан қарызға ақша алып, айтылған соманы жинап, ақшаны Қоқамановқа береді. Содан кейін ол тағы 2,5 млн теңге талап етеді. Әбден торығып, өз өміріне қол жұмсауға сәл қалған Меңдіғалиев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментіне жүгінеді (қаржы полициясының қызметкерлері оның көлікжайынан дайындап қойған дар арқанын тауып алған).

Міне, 5 маусымда сот Қоқамановты 2-ші сыныпты заңгер шенінен және өмір бойына мемлекеттік қызмет лауазымын атқару құқығынан айырумен қатар, жалпы режимдегі колонияда 4,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын берді. Сондай-ақ, одан зардап шегуші Меңдіғалиевтың пайдасына 2 млн теңге мөлшерінде мүліктік зиян өндірілетін болады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ 

5 маусым 2017, 20:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.