Атырау, 24 сәуір 18:30
 ашықВ Атырау +13
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Кооперативтер көмек сұрайды

4 627 просмотра

Индер ауданында үш ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Алайда, кооператив төрағалары кедергілерге тап болғандықтан жұмыстарын алға қарай бастыра алмай отырғандарын айтады.

Сәулен НҰҒЫМАНОВ, «Нарын» ауыл шаруашылығы ӨК төрағасы, Өрлік ауылы:

- Біз ӨК осы жылдың басында құрдық. Құрамымызда жиырма адам бар. Бәрі сол Өрлік ауылынан. Біз осындай ӨК Ақтөбе облысында жаппай құрылып жатқанын теледидардан көрдік, онда көмек ретінде бірнеше техникамен көмектесіп жатқанын көріп, қуандық. Оның үстіне аудан және жергілікті әкімдік тарапынан қолдау білдіреміз, құрыңдар деді. Мен кооператив құруға құлшына кірістім. Бұған ауылдастарымды да тартып, мал басын еселеп өсіріп, бордақылау алаңын ашсақ деген ниет пайда болды. Басында кооператив құрамындағы адамдардың әрқайсысына кепілдіксіз 4 млн теңге берілетіні және ӨК де жеңілдікке ие болады деп түсіндірді. Біз оған сендік. Біз әбден құрып алғаннан кейін бізден кепілдік талап ете бастады. Мәселен, мен және басқа мүшелердің әрқайсысы 4 млн теңге алсақ, онда 6 млн теңгенің жылжымайтын мүлкін кепілдік ретінде ұсынуымыз керек екен. Егер техника алсақ 50 пайыз субсидия жеңілдігімен береміз деп уәде берді. Бірақ, бізге қажетті ет таситын көлікті алуым үшін де кепілдік керек екен. Ондай көлік 7 млн теңге тұрса, 3,5 млн теңгесін үкімет төлесе, ал қалған 3,5 млн теңгесіне кепілдік сұрап отыр. Ауылда үйлердің құны 1,5 млн теңге тұратынын ескесрек, оның көбі саман кірпіштен тұрғызылғандықтан кепілдік болуға жетпейді. Менің жеке өзімнің қарамағымда 1 000 қой, 100 шақты ірі қара бар, бірақ, малды да кепілге алмайды.

2016 жылы қойдың ащы ішегін өңдеп, іске асыру үшін үкіметтің 1,5 млн теңге грантына ие болдым. Соның 1 млн теңгесін ішекті өңдеп шығаратын құрал-жабдықты алу үшін Челябинскідегі «СибирСнаб» ЖШС-не аударып жібердім. Бірақ, алаяқтарға тап боламын деп кім ойлаған. Ақыры құрал-жабдықты өз қаржыма Мәскеуден сатып алдым, бірақ цехты іске қоса алмай отырмын. Себебі токтың қуаты 350 вольт болуы керек. Біздегі жай осы...

Керімбай САБЫРҒАЛИЕВ, «Бағдәулет» ауыл шаруашылығы ӨК төрағасы, Индербор кенті:

- Біз ӨК-ны осы жылдың сәуірінде құрылдық. Бастапқыда үш адам мүше болса болды деген, кейін жиырма адамға жеткізіңдер деді. Біз бұл талапты да орындадық. Құрып алғанымызбен бірақ істі неден бастарымызды білмей дал болып отырмыз. Өткен жылы мал бордақылау алаңын жасақтап, мал сатып алып, іске кіріскенбіз. Шөпті біз 200-250 км болатын Батыс Қазақстан облысынан сатып алып отырмыз. Ол күлдей шығын. Біздің облысты климаты қолайлы еліміздің өзге өңірлерімен салыстыруға келмейді.

Бұрын совхоздарға үкімет тарапынан дотация беріп отырды. Ең болмаса ӨК техникамен жәрдемдессе жақсы болар еді. Онда адамдардың қызығушылығы артар еді.

Мұхтар КӨШКІНБАЕВ, «Кетебай» АШ ӨК төрағасы:

- Кооператив артықшылығы көп деп айтқанымен оны құрып, жұмыс жасау іс жүзінде оңай емес. Бүгінде бір айлық кәсіпкерлік бағытта кәсіби білім алудамын. Біз «Ауыл шаруашылығы қолдау қоры» Атырау облыстық филиалынан 6 млн теңге ақша алғымыз келген. Олар кепіл сұрауда. Кетебай елді мекеніндегі үйлер ең төменгі бағамен бағаландықтан ол кепілге жетпейді. Егер қандайма бір өзгеріс болмаса, онда жұмыс жасау мүмкін емес.

Мырзабек ТАСЫБАЕВ, Индер ауданы кәсіпкерлер палатасының директоры:

- Үкімет тарапынан жаңа ғана тәй басқан ӨК мықты қолдау керек. Техника, несиеге ақша алса, онда оны 15-20 жылға, ұзақ мерзімге және төменгі пайызбен берсе, бұл жақсы қолдау болар еді.  

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

29 мамыр 2017, 15:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.