Атырау, 20 сәуір 18:27
 ашықВ Атырау +20
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Әблязов: "Ақылға қонымсыз" сот шешімін мойындамаймын

2 708 просмотра


Қуғындағы оппозиционер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов Қазақстан соты "БТА банкінен қаржы жымқыру" ісіне қатысты өзіне қандай шешім шығарса да мойындамайтынын мәлімдеді. Әблязов бұл туралы бүгін сотқа қатысты Азаттыққа берген комментариінде айтты.

Skype арқылы байланысқа шыққан Әблязов Алматыда өтіп жатқан сотта прокурордың соттан өзі мен БТА банкінің бұрынғы басшыларына сұраған жазаларын "абсурд" деп атады. Азаттықтың "Прокурор сұраған жазаға қатысты не айтасыз?" деген сұрағына Әблязов "Прокурордың мені 20 жылға, Қайрат Садықовты 18 жылға соттау, Жақсылық Жарымбетов пен Сәдуақас Мәмешті шартты мерзімге соттауды сұрауы абсурд қана емес, Ақорданың өзі не істеп жатқанын түсінбейтінін, шынайы өмірден ажырағанын көрсетеді" деді.

Оның сөзінше, БТА банкінің несие беру бойынша бұрынғы директоры Қайрат Садықов - банктің қатардағы орындаушысы ғана.

- Мен директорлар кеңесінің төрағасы болғандықтан оған заңдық тұрғыдан алғанда ешқандай нұсқау бере алмаймын. Себебі менің өкілеттігім директорлар кеңесінің аясында шектеледі. Ол өзі бағынған Жарымбетов пен банк басқармасының айтқанын орындайды... Ол өзінің айыбын жартылай мойындайтынын, басшылықтың айтқанын орындағанын айтты. Енді мынаған қараңыз: басшының айтқанын жасаған адамға 18 жыл береді, ал оған тікелей басшылық адамдарға (Жарымбетов пен Мәмешті айтады - ред.) "айыбын мойындап, ісіне өкілгені үшін" шартты мерзім кеседі. Яғни, бұл жердегі мәселе Ақордаға қажетті сөзді айтқызу керек болған. Егер олар басқаларға шартты жаза берсе, онда Садықовқа да шартты жаза берсін. Бұл - масқара, адамшылық тұрғысынан алғанда да масқара - деді Әблязов.

Ол мемлекет тағайындаған адвокаты өзімен "бір де бір рет байланыспағанын", "қалай қорғанатыны, не істеуі керегін сұрамағанын" да айтты.

Әблязов Алматыда өтіп жатқан өзіне қарсы сот барысы туралы ақпаратты БАҚ-тан ғана көріп, "жылдам көз жүгіртіп шығатынын", себебі соттың "жалған" екенін айтты. Әблязов прокурордың Қайрат Садықовқа 18 жыл сұрағанына қатысты ғана комментарий беріп отырғанын айтты.

Дереккөз: Азаттық


25 мамыр 2017, 17:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.