Атырау, 29 наурыз 11:24
 ашықВ Атырау +10
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Спорт жаңалықтары

4 124 просмотра

КАРАТЕ

Францияның Лион қаласында кекушинкай-кан карате-до бойынша Еуропа чемпионаты өтті.

Турнирге ҚР құрамасында атыраулық каратеші Андрей Котов қатысты. 70 келіге дейінгі салмақты сайысқа қатысқан ол жартылай финалда Еуропа чемпионы, ресейлік Кирилл Псаревті жеңді. Ал финалдық жекпе-жекте тағы бір ресейлік спортшы Алим Юнусовқа бір ұпай бойынша есе жіберіп алды. Нәтижесінде күміс алқа алды. А.Котов 2012 жылы Еуропа чемпионы болды. Ол еліміздің бес дүркін чемпионы.

*****


Астраханда кекушинкай-кан карате-до бойынша балалар арасында «Каспий кубогы» өтті. Сайысқа Ресейдің, Әзірбайжан мен Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен 400-дей жас спортшы қатысты.

Кекушинкай-кан карате-до ұлттық федерациясы филиалының шәкірттері Атыраудың намысын қорғады. Олар біраз алқаны қоржындарына салды: алтын - Саян Мұсағалиев, күміс - Карина Досымова пен Аллаберген Сақауов, қола - Дамира Сарқұлова, Аружан Әбдрахманова, Айдар Махмет және Димаш Әбдіғали.

Қазір команда Астанада ЕХРО-2017 көрмесіне арналған ірі халықаралық турнирге әзірленуде.

*****

БОКС

Шымкентте 2001-02 жылғы жасөспірімдер арасында бокстан 2000 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбековтің сыйлығына арналған 8-халықаралық турнир өтті.

Турнирге әдеттегіше бұрынғы КСРО елдерінің мықты жас боксшылары қатысады. Бұл жолы Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Украина мен Қазақстан құрамаларының бірінші нөмірлі спортшылары жиналды.

Атыраудан 2017 жылғы екі ел чемпионы - Әлихан Сембай (57 келіге дейін) мен Сәлімжан Сәлімгерей (63 келіге дейін) қатысты. Сембай 4 жекпе-жекте жеңіске жетіп, финалда 1:2 есебімен ресейлік бәсекелесіне жол берді. Сөйтіп, күміс алқаға ие болды. Сәлімжан бірінші жекпе-жекте Өзбекстан өкілінен айқын артықшылықпен басым түсті, бірақ келесі айналымда шымкенттік спортшыға есе жіберіп, алқасыз қалды. Дегенмен де, облыс құрамасының аға бапкері Айдос Дәулетовтің айтуынша, екі спортшы Қазақстан құрамасында өз орындарын нығайтып, маусымда Бакуде өтетін «Ұлы Жібек жолы» халықаралық турниріне дайындыққа кіріскен. Ол жақтан оралған соң құрама Азия чемпионаты өтетін Филиппиннің астанасы Манилаға бірден ұшып кетеді.

***

ТАЕКВОНДО

Атырау командасы Алматыда таеквондо (GTF нұсқасы) бойынша ашық ел чемпионатында үздік сайыс көрсетті.

«Хьенги» (формальды кешен) бағдарламасында Айбек Демегенов, Шеруен Адай және Бекбол Нұрәлі алтын алқа алды, «мацоги» (спарринг) бойынша алтын алқа Мақсат Мұхамбетовке бұйырды. «Үздік техникасы үшін» арнайы жүлделер Темірхан Бержанов пен Шеруен Адайдың еншісіне тиді. Жалпыкомандалық есеп бойынша Атырау командасы 3-орын алды.

* * * * *

Кишинёвте Еуропа Кубогында таеквондо (GTF нұсқасы) бойынша «хьенги» бағдарламасында атыраулық Айбек Демегенов алтын алқа алды.

ҚР құрамасында юниорлар арасында топтық «мацоги» бойынша алтын алқаны оның облыс құрамасындағы серіктесі Денис Ким иеленді. Атырау қоржынына тағы бір алтын алқаны Берік Әлжанов (63 келіге дейін) салды. ҚР құрамасы жалпыкомандалық 3-орынды иеленді. 

* * * * *


Мәскеуде таеквондодан  «Патриот» атты Бүкілресейлік ашық турнир өтті. Оған Атырау құрамасы қатысты.

Бұл жерде Бекежан Аманжанов күміс алқа, Бексұлтан Қабдрахманов пен Майра Сүйенбекова қола алқалар алды.

*****

КҮРЕС

Степногорскіде кіші жастағы жасөспірімдер арасында еркін күрес бойынша республикалық турнир өтті.

Атырау облысының құрамында Мұхамад Хасым (24 кг дейін), Димаш Жақсылық (29 кг дейін), Руфат Асланұлы (33 кг дейін) және Нұрдәулет Сейілбеков (36 кг дейін) алтын алқа тақты. Жас палуандар Нұркен Балтабаев, Ильяс Жаманбаев және Санжар Қадырбаевтың еншісіне күміс алқа, Мырзабай Думан мен Әнуарбек Назарбекке қола алқа тиді. Балаларды БЖСМ-1 бапкерлері Д.Хабдулов пен К.Баспаев дайындады.

******

МИНИ-ФУТБОЛ

Махамбет ауданының Ақжайық ауылында оқушылар арасында Ауғанстанда қаза болған жауынгерлерді еске алуға арналған мини футболдан дәстүрлі облыстық турнир өтті.

Турнир қорытындысы бойынша Қосарал ауылдық мектебінің командасы бірінші орын алды. Екінші орында Қызылүй, үшінші орында Махамбет ауылының мектебі. Уәлихан Оразов (Қосарал ауылы), Әлібек Бекжанұлы (Қосарал ауылы) және Руслан Бисенғалиев (Қызылүй ауылы) турнирдің үздік ойыншылары атанды.

*****

ВОЛЕЙБОЛ

«Нұрсая» ДСК-де ҚР шекаралық қызметінің құрылғанына 25 жыл толуына арналған күш құрылымдары арасында волейболдан қалалық турнир өтті.

Сайысқа 8 команда қатысты. Бірінші орынды ТЖД командасы, екінші орынды ҰҚКД, үшінші орынды - №2016 әскери бөлімшесі иеленді. Шабуылшы - Әлішер Әбілхайыров, қорғаушы – Нұрболат Исмаилов, байланысшы – Никита Русин үздік ойыншылар деп танылды.

*****

КИКБОКСИНГ 

Кикбоксингтен облыс құрамасының барлық бес мүшесі беделді «Tashkent Open» турнирінің финалына шықты. 

Оның төртеуі алтын алқа жеңіп алды. Жанәлі Сәлімгерей, Жандос Назарбеков, Азамат Өтемісов және Дәурен Керімов турнир жеңімпаздары атанды. Күміс алқа Алтынбек Амангелдиевтің еншісіне тиді. Құраманың аға бапкері Данияр Юсуповтің айтуынша, атыраулық спортшылар өздерінің керемет физикалық және тактикалық даярлықтарын көрсетіп, жеңістердің көпшілігін нокаутпен жеңіп алған.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

25 мамыр 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.