Атырау, 29 наурыз 04:14
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Балалар алаңы: тіптен нашарлап кеткен

8 427 просмотра

Екі жыл бұрын біз балалардың ойын алаңының нашар күйде екені туралы фоторепортаж жасаған едік («Сәби киімін жыртып, аяқтарын жырып алады»). Енді көпқабатты үйлердің аулаларын қайтадан шолып шықтық. Өзгерген нәрселер бар ма? Бар екен, бірақ жағдай бұрынғыдан да нашарлап кетіпті.

Нұрсаядағы көп аулалардың біріндегі алаң. Айнала жаңа үйлер, бұл жерде балалар ойнау үшін орын болу керек. Бірақ жоқ. Пластмасса төбешік әрең тұр, көп жерлері шытынап кеткен. Әткеншектер сынық.


Қаланың басқа бөлігіне баратын жол бойында Владимирский көшесіндегі №23 «а» үйдің ауласына көз тастадық. Екі жыл бұрынғыдай, әткеншектердің көлденең ағаштары жоқ.


Авангард 3-ықшамаудандағы №76 үйдің ауласы: құмсалғыштың саңырауқұлағы қисайып тұр, әткеншектер сынып қалған. Сәбилер үшін ойнайтын тек төбешік қана бар.


Қожақаев көшесінің бойындағы №27 және 29 үйлердің арасындағы алаң. Сырғанайтын төбешіктер шытынап сынып жатыр. Әткеншектер қауіпті. Құмсалғышта құмның орнына әйнек пен басқа да қоқыстар жатыр.


Құнанбаев көшесі, 15 «а» үйінің ауласында шамасы, сонау кеңес дәуірінен қалған болуы керек, металлдан жасалған төбешік, қақпа мен басқа да элементтер бар.


Әуезов көшесі №50 үйдің ауласындағы алаң қауіпті.

Әуезов көшесі, 52 «а» және 52 «б» үйлердің ауласында ағаш мүсіндер сақталып қалған. Ал бұл жердегі әткеншектер сынық, тіреулері кез-келген сәтте құлауы мүмкін. Алаңның жанында – ескі темір әткеншектен қалған бетон үйіндісі жатыр. Тұрғындар ПИК-ке оны шығарып тастау өтінішімен әлденеше рет жүгінген, алайда нәтиже жоқ.


Аула театрының таттанған сахнасы, жартылай қираған спорт алаңы – бұл Азаттық даңғылының бойындағы №60 «а» үйдің ауласы. 


Бейбарыс даңғылы бойындағы №№17, 19, 19«а», 20, 21, 21«а» үйлер үшін тек бір төбешік орнатылған. Жаңбыр жауғаннан кейін бүкіл алаң балшық болады. Тұрғындар әлденеше рет қалалық биліктен аула аумағын абаттандыруды өтінді. «Мәселе қаржының түсуіне қарай шешілетін болады» деген бір жауап алады.


Бала-шаға асыр салуы керек Жарбосынов көшесінің бойындағы №17 үйдің ауласында қамыстар мен арамшөптер өскен. Балалар тоғыз қабатты көрші үйдің ауласына ойнауға барады, бірақ оларды ол жақтан қуып жібереді екен. Одан басқа барар жерлері жоқ, айналасы жеке сектор.


Біз қалалық ТКШ бөліміне сауал жолдадық. Бөлім басшысы Серікбай ҚАЗИЕВТЫҢ қолы қойылған жауапта Атырау мен ауылдық округтерде балалардың 161 ойын алаңы, 48 спорт алаңы, спорттық жаттығу құрылғылары бар 33 алаң бар деп хабарланады. Олардың барлығы ТКШ бөлімінің балансында тұр. Биыл Қазақ саңыраулар қоғамы оқу-өндірістік кәсіпорны бүкіл осы нысандарды ұстау қызметін көрсету конкурсының жеңімпазы атанды. Жергілікті бюджеттен 17 млн 857 мың теңге бөлінді. «Әрине, орындалған жұмыс актілеріне және басқа қажетті құжаттамаға сәйкес, біз ақшаның игерілуіне тексеру жүргіземіз», - деп сендіреді ТКШ бөліміндегілер. Бәлкім, біз басқа алаңдарды аралаған болармыз?

Тамара СУХОМЛИНОВА 

Суретті түсірген автор

24 мамыр 2017, 14:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.