Атырау, 16 сәуір 11:26
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +20
$ 448.56
€ 478.03
₽ 4.79

Министр екпеден бас тартқан ата-аналармен жұмыс жүргізілетіндігін айтты

2 994 просмотра


Алдағы уақытта еліміздің батыс өңіріндегі діни бағытты ұстанып, балаларына вакцинация салудан бас тартқан ата-аналармен жұмыс жүргізілмек. Бұл іске Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті жауапты болады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Баспасөз мәслихатында Біртанов алдымен денсаулық саласына енгізілетін жаңа өзгерістерге тоқталып, барлығын түсіндірді. Кейін журналист министрге өз сұрағын қойды.

«Батыс өңірімізде азаматтар діни бағытты ұстанып, балаларына вакцинация жасатқысы келмейді. Олардың бұл әрекеті проблема тудыруда. Біздегі мәліметке сәйкес жұқпалы аурулармен көбінесе осы ата-аналардың балалары ауырып жатқаны белгілі болды. Қазіргі таңда осындай азаматтармен қандай жұмыстар жүргізілуде?», - деді ол.

«Өкінішке қарай, елімізде осындай мәселе бар. Ата-аналар балаларына вакцинация жасаудан бас тартып жатыр. Бұл – өте өзекті мәселе. Көп жылдан бері біз аталмыш мәселеге мән берген жоқпыз. Себебі, Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет Денсаулық сақтау министрлігінің құрамынан кеткеннен кейін осы бағытта жүргізілген жұмыстардың күші әлсіреді. Осыған байланысты «Денсаулықты сақтауды реформалау және дамыту» бағдарламасының негізінде Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті құрылды», - деді министр.

Кейін Елжан Біртанов аталмыш комиттетің қандай бағытта жұмыс істейтігіндігіне тоқталды.

«Қазіргі таңда комитеттің министрлік деңгейінде және жергілікті жерде арнайы қызметі бар. Бұл қызмет арқылы біз жалпы аурулардың алдын алу мәселелерін қарастырып жатырмыз. Вакцинациядағы ең өзекті мәселе – ақпараттандыру әрі түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізу. Осыған байланысты қазіргі таңда арнайы жол картасы әзірленді. Құжат бекітілгеннен кейін осы бағытта жұмысты бастаймыз. Біз ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз керек. Өйткені, көп ата-аналар вакцинациядан кейін балаларымыз ауырып қалады деп қорқады», - деді басшы.

Алайда Денсаулық министрі екпеден кейін баланың ауруы мүмкін екендігін жоққа шығармады.

«Әрине, ондай жағдайлар болуы мүмкін. Жалпы вакцинация кезінде вирусты біз баланың денесіне енгіземіз. Мақсатымыз оның иммунитетін көтеру. Иммунитет көтерілген кезде бала ауырады. Сол кезде ата-аналар қорқып, одан бас тартады. Бала ауырып жүрсе, ата-анасы оны емдеуі керек. Содан кейін вакцинация жасатқан жөн. Жаңадан құрылған Қоғамдық денсаулықты бақылау комитетінің осы бағытта жұмыстарды жүргізетін болады», - деп түйіндеді сөзін Елжан Біртанов.

Дереккөз: Baq.kz
 

11 мамыр 2017, 15:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.