Атырау, 25 сәуір 11:29
 ашықВ Атырау +26
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Спорт қайда барады

2 915 просмотра

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, ертең, 6 мамырда алғашқы «Атырау Марафоны» өтеді. Осыған орай өткен брифингте журналистер танымал марафоншы, Гиннестің рекордтар кітабының рекордшысы Марат ЖЫЛАНБАЕВ пен 2000 жылғы Сидней олимпиадасының чемпионы Ольга ШИШИГИНАҒА сұрақ қойды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жүгіруге қатысу үшін 2 мыңдай адам жазылған. Олар жастарына байланысты екі топқа бөлінді: 37 жасқа дейінгі және кейінгі топ. Ең егде қатысушының жасы 74-те. Бірақ, ол мұндай сайыстарға қатысуда едәуір тәжірибесі бар кәсіпқой жеңіл атлет. Бұдан басқа, марафонға Марат Жыланбаев, кейін «Мұнайшы» стадионында спорт шарасына қатысушылар үшін өнер көрсететін танымал эстрада әншісі Қайрат НҰРТАС және Атырау қаласының әкімі Серік ШАПКЕНОВ қатысады. Бүкіл маршруттары толық сипатталған жүгіруді екі қашықтықта – 10 және 21 шақырымда өткізу жоспарланып отыр. Басталуы сағат 10-да.

Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Марат Жыланбаев бүгінде интернетте тараған ақпараттарға сенбеуге, тек кәсіпқой мамандардың кеңестерін ғана ұстануға шақырды:

- Мен жүгірумен айналысқысы келетін жандарға арналған кеңестерді ғаламтордан іздестірген едім. Іздеу жүйесінен ең алдымен жазылушылары көп танымал сайттар шығатынын байқадым. Сөйте тұра, онда қате ақпарат ұсынылады. Ал нағыз құнды кеңестер іздеу жүйесінде 60-шы орында тұрды. Өйткені, бұл бапкердің жазылушылары аз.

Атақты марафоншы жүгірудің өте пайдалы және ең қолжетімді спорт түрі деп есептейді. Алайда, бұл Атырауға қатысты айтылған нәрсе емес. Соңғы кездері қала тұрғындары «АЖ»-ға өздері жаттығып үйренген «Мұнайшы» стадионына жібермейтіндігіне шағымданатын болған. Стадионның «Атырау» футбол клубына берілгендігі, ал стадионның өз кезегінде саттыққа қойылғандығы туралы ақпарат пайда болды.

- Сонда клубты сатып алған жеке тұлға бонус ретінде бағалы спорт нысанын алғаны ма? – деп сұрақ қойды «АЖ» брифингке қатысқан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат БЕКЕТКЕ.

- Футбол клубы жекешелендіруге шығарылған басқа спорт мекемелері секілді мүліксіз сатылады. Ол біздің басқарманың балансында қалады. Тек атауы сатылады. Қазір стадион қалалық спорт бөлімінің балансында. Ал оны «Мұнайшы» КММ пайдаланады. Ол жерге қала тұрғындарын жүгіруге кіргізбейді деген ақпаратты сіздің қайдан алғаныңызды білмеймін. Мен өзім күн сайын дерлік сол жерде жүремін, жүгіремін. Есіктің ашық тұратынын көремін, - деп жауап берді А.Бекет. Біз оған, әрине, сенеміз. Атыраудан өз есігін профильдік басқарма бастығының алдынан жауып тастайтын спорт нысанын көрер ме едік.  

- Брифингтердің бірінде облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Серік ДЕМЕГЕНОВТІҢ менің «Саттыққа шығарылған нысандар тізімінде спорт мекемелері неліктен көп?» деген сұрағыма жауап бере отырып, бүгінде бүкіл елдегі ахуал осындай дегені есімде.

- Бұл немен байланысты? – деп сұрадым мен отандық спорт проблемаларына көп көңіл бөлетін мәжіліс депутаты Ольга Шишигинадан.

- Бүкіл Қазақстан бойынша мемлекеттік-жеке серіктестік енгізілуде. Яғни, мемлекет өз балансындағы нысандарды жеке қолға береді. Кәсіпкерлер оларды қалпына келтіріп, күтіп ұстауды өз мойындарына алады. Мемлекет коммуналдық шығындар ауыртпалығын өз жауапкершілігінен алып тастайды. Қаржыны үнемдеу жүргізіледі. Бизнесмендер залды басқаша қайта жабдықтауға құқылы. Айталық, бокс залы болса, күресуге арналған арена болады, бірақ бастысы, спорттық қызмет түрі өзгермеуі тиіс.

- Бизнеске бұл тиімді. Ол дайын нысанды алып, оған аз ғана қаржы салып, пайда түсіре алады. Ал халыққа қалай? Бұл нысанды біздің ақшамызға салды, ал енді, мәселен, бизнес қарапайым азаматтар үшін қолжетімді емес фитнесс-зал ашады. Балалар да шамадан тыс қымбатшылықтан спорт секцияларына бара алмайды.

- Келесі жылдан бастап спорт туралы заң әзірленбек. Біз бағалар анағұрлым қолжетімді болуы үшін, мемлекет өзгерте алуы үшін бұл мәселені қолдайтын боламыз. Дарынды балаларды бапкерлер байқап, олармен тегін дайындық өткізеді. Бұдан басқа, бізде бокс, күрес сияқты спорттың тегін түрлері көп. Ал үлкен теннис немесе хоккей, әрине, спорттың өте қымбат түрлері. Ендеше анағұрлым қолжетімді спорт түрлерін таңдау керек, - деп жауап берді О.Шишигина.

Әрине, бұл дұрыс кеңес. Бірақ қас қылғандай, балаға спорттың қолжетімді түрі ұнамауы мүмкін. Киім-кешегінің өзі он мың теңге тұратын хоккейге немесе тенниске қызығуы мүмкін. Ал ракетканың өзі қанша тұратынын білесіз бе? Дарынды балаларды ақылы секцияларда альтруистикалық негізде оқытқанын әзірге естіген жоқпын. Керісінше: бапкерлер ата-аналарға балаңыз сондай қабілетті, оның бүкіл мүмкіндігін ашу үшін қосымша сабақтар керек деп қыса бастайды. Ол қосымша сабақтар да ақылы.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

5 мамыр 2017, 17:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.