Атырау, 29 наурыз 16:46
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Шектеу енгізген бұйрық

5 910 просмотра
Бұл сол кроссовка.

Жақында бүкіл елімізге, тіпті, одан тысқары жерлерге де Атырау облыстық әкімдігінің атын шығарған кроссовкаға қатысты жағымсыз жайт біздің азаматтық құқығымызды бұзатын шенеуніктердің бұйрығымен негізделген екен.

СӘН ҮКІМІ

Естеріңізге салсам, осы жылдың 21 сәуірінде мені сыртқы келбетім сай келмейді деген желеумен облыстық әкімдіктің ғимаратына кіргізбеген еді. Үстімде қарапайым блузка мен шалбар болатын, дресс-кодтан өтпегені - аяғымдағы қара кроссовка болатын. Полицейлер формасындағы күзетшілер (кейінірек олардың ҚР ІІМ «Күзет» РМК қызметкерлері екені анықталды) мені облыстық мәслихаттың сессиясына жіберуден үзілді-кесілді бас тартты.

Әңгімемізді мынадан бастайық. Түрлі республикалық басылымдардың журналистеріне облыс әкімінің баспасөз-қызметінің жетекшісі Саламат САБЫР мәлімдегендей, мені «онда шақырмаған» екен. Жұртшылықпен байланыс жөніндегі тәжірибелі маманға айтудың өзі ыңғайсыз шығар, алайда, Конституция бойынша облыстық мәслихат депутаттарының отырысына тек газет тілшісі ғана емес, кез келген сайлаушы да қатыса алады. Ал екіншіден, есік алдындағы ыждағатты қызметкерлер келушілердің құқығын бұзуға мүмкіндік беретін әлдебір құжатқа сілтеді. Бізді сол құжат қызықтырған еді.

Сөйтсек, облыс әкімі аппаратының басшысы Ернар БАСПАЕВТЫҢ қолы қойылған 2016 жылдың 21 сәуіріндегі «Облыс әкімдігі ғимаратында рұқсат беру жүйесін жүзеге асыру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» №121 бұйрығы шынымен келушілердің сыртқы келбетін де реттейді екен. 24-тармақта былай деп жазылған: «Ғимаратқа келген уақытында іскерлік киім үлгісін ұстанбаған келушілер (күзет қызметкерлерінің визуалды қарауынан), сондай-ақ ғимаратта өткізілетін кеңестер, мәжілістер мен басқа да іс-шараларға шақырылған келушілер ғимаратқа кіруге жатпайды». Күзет полицейлерінің сән үкімі осындай. Оған қоса, ҚР «Тіл туралы» заңын өрескел бұзушылық. Осы заңға сәйкес, визуалды ақпараттың бүкіл мәтіні мемлекеттік және ресми тілде, қажет болған жағдайда басқа тілдерде орналасуы тиіс.

ӨКІЛЕТТІКТІ АСЫРУ

Осы құжатты зерделеу үшін «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорына жолдадық, олар да бұған үлкен қызығушылық білдірді. №121 бұйрыққа қор заңгері Ганна КРАСИЛЬНИКОВА сараптамалық бағасын берді:

- Әкімдік - бұл тиісті аумақтағы мемлекеттік алқалы атқарушы орган. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңда әкімдікке, оның лауазымды тұлғаларына азаматтардың құқығы мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету міндеті жүктелген. Оның барлық қызметкерлері, кем дегенде, келесі заңды жағдайды білуге тиіс:

1. Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады. Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар.

2. Мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әрбір азаматқа өзінің құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.

3. Мемлекеттік органдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне, олардың меншік нысанына және кімге қарайтынына қарамастан, өтініш жасаған кезде ақпаратты тең шарттарда беруге міндетті.

Алайда, облыс әкімі аппаратының басшысы Е.Баспаев азаматтарға, іскерлік стильде киінбеген журналистерге де кіруге тыйым салатын №121 бұйрық береді. Ол келушілер үшін дресс-код енгізіп, өзінің лауазымдық өкілеттігін асырып отыр. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңның 29-1-бабының 6-тармағына сәйкес, ол әкімдікке келушілерге қолданылмайтын қызметтік тәртіптің сақталуын бақылауды жүзеге асырады.

Мұндай бұйрық заңсыз және сот тәртібімен жойылуы мүмкін. Ал ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 27-тарауы бойынша Баспаевтың әрекеті сотта шағымдану үшін себеп болып табылады.

 

БӘРІ КЕРІСІНШЕ

Келушілердің сыртқы келбеті туралы ереженің мағынасыздығы өз кәсіби қызметін орындау кезінде журналистердің ғана құқығын шектеп қоймайды. Айталық, өз басым өзіме ыңғайлы аяқ киім кигенді жөн көремін. Бірақ, біздің елімізде «әкімдікке бару үшін арнайы» туфли мен іскерлік костюмын сатып алуға ақшасы жоқ кедейлік шегіндегі миллиондаған адамдар бар. Ойдан шығарылған бұйрықты мағынасыз қолдану үйі өртенген жанға, мүгедекке, ауыр жағдайда қалған қала қонағына, балшыққа батқан қала шетіндегі тұрғынға (ол жақта резіңке етік киіп жүреді) жергілікті биліктен көмек алуға мүмкіндік бермейді. Оларға іскерлік киім киген тәңірлер отыратын билік ордасына кіруге мүмкіндік берілмейді. Адамды, тіпті, іскер адамды көрікті ететін оның костюмы емес. Мәселен, Израильде банк қызметкерінің шорты мен сандал киюі қалыпты жағдай, бірақ, бұл осынау шағын елдің дүние жүзіндегі ең күшті экономикаға ие болуына кедергі болмайды.

Естеріңізге салғым келеді, мемлекеттік қызметші мырзалар, иә, шынымен де, біз сіздерді (ең болмаса бір басшыны) әзірге сайламаймыз. Бірақ, кім тағайындаса да, сіздерді Қазақстан халқы өздерінің салықтарымен асырап отыр. Иә, сіздерді асырап отырған біздер. Сондықтан да, лауазымға кәсіби сәйкестілік, моралдық келбет және тіпті, шенеунік қызметінде қалай көріну керектігі туралы талапты тек біз ғана қоя аламыз. Керісінше, сіздер біздерге емес.


облыс әкімі аппаратының басшысы Ернар БАСПАЕВТЫҢ бұйрығы.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

«АЖ» редакциясынан: Бұл материалды жоғарыда айтылған №121 бұйрықты сұратып алдырып, оның республика заңдарына сәйкестігін зерделеу үшін Атырау облыстық прокуратурасына ашық мәлімдеме деп есептеулеріңізді сұраймыз. 

5 мамыр 2017, 12:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.