Атырау, 18 сәуір 06:02
 ашықВ Атырау +23
$ 448.89
€ 477.93
₽ 4.76

Жанболат Мамайдың тергеушіге қарсы шағымы бойынша сот өтеді

2 562 просмотра


Алматының Медеу аудандық сотында бүгін журналист, белсенді Жанболат Мамайдың тергеушінің өзіне қатысты әрекетіне қарсы екі шағымы бойынша сот отырысы басталады.

Мамайдың адвокаты Жанар Балғабаеваның Азаттыққа айтуынша, шағым Мамайдың өзіне абақтыда қысым жасалып, соққыға жығу фактісі бойынша тергеушінің әрекетіне қатысты берілген. Адвокат бүгінгі сот Мамайдың шағымдары бойынша өтетіндіктен оны сотқа әкелуі тиіс дейді.

Жанболат Мамайдың жұбайы, белсенді Инга Иманбайдың айтуына қарағанда, бұған дейін тергеуші бүгін Мамайдың ата-анасына қоғамдық қорғаушы мәртебесі берілетінін хабарлаған.

Инга Иманбай Жанболат Мамай шағымды 10 ақпан күні үйін тінтуден соң өзін алып кеткенде түсіргенін айтады. Оның сөзінше, Мамайды тергеу қорғаушы тағайындалмай тұрып басталған, Мамай өзін тергеуді қорғаушысыз бастаудан бас тартқан.

Жанар Балғабаева екінші іс бойынша барлық құжаттар, сараптама материалдары Мамайға және өзіне танысуға берілмей жатқанын айтады.

- Заң бойынша, тергеу барысында біз іс материалдарымен, сараптама қорытындыларымен танысып, оған қатысты талап-арыздарымызды білдіріп отыруға құқығымыз бар. Бірақ сот басталар алдында танысасыңдар деп, бізге материалдардың бір де бірін бермей отыр, - деді Жанар Балғабаева.

Сотқа Мамайды қолдап оны қорғау комитетінің мүшелері - журналистер, құқық қорғаушылар мен белсенділер келді.

Оппозициялық "Трибуна. Саяси қалам" газетінің редакторы міндетін атқарушы 28 жастағы Жанболат Мамайды бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтің ұйымдастыруымен "БТА Банктен" ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін "Трибуна. Саяси қалам" газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған" деген күдікпен тергеп жатыр.

Ақпанның 11-інде сот шешімімен екі айға қамалған Мамай өзіне тағылған айыпты мойындамайды. 2009 жылдан бері Еуропада жүрген оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов айыптауды "абсурд" деп атап, Мамаймен ешқашан кездеспегенін мәлімдеген. 27 сәуірде сот Мамайды қамау мерзімін 10 маусымға дейін ұзартқан.

Мамай абақтыда өзін соққыға жыққаны туралы хабарлаған соң оны қорғау комитеті құрылған.

Дереккөз: Азаттық

5 мамыр 2017, 10:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.