Атырау, 19 сәуір 22:33
 ашықВ Атырау +19
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Жилгородоктағы қарақшылық: Бұл қалай болды?

3 869 просмотра


Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 27 сәуірде таңертең Жилгородокта жергілікті кәсіпкерлердің бірінің жеке үйіне қарақшылық шабуыл жасалды. Біз ол адамды іздеп таптық, ол өзі туралы мағлұматтарды жарияламауды өтініп, төмендегіні әңгімеледі:

- Бұл таңертеңгі сағат 10 мен 11 арасында орын алды. Екі қылмыскер ауланың артқы жағындағы дуал арқылы өрмелеп түсіп, маған кейін жедел қызметкерлер түсіндіргендей, жабайы жүзімдік бұталарының түбіне жасырынған.  Осы уақытта басқа екі қылмыскер сырттан үйге және жолға бақылау жасап тұрған. Дуал арқылы түскендер аулада ойнап жүрген 2 және 5 жастағы немерелерімнің жақындап барғанын күтіп, оларды ұстап алып, аяқ-қолдарын скотчпен байлап, жылужайға қамап тастаған. Балаларды у-шусыз ұстағандығына көз жеткізген соң, қылмыскерлер оларды есігі ашық тұрған коттеджге апарған.

Үйде тек бала күтуші болды. «Өлтіреміз, дыбысыңды шығарма, балалар бізде!» деген олар күтушіні еденге отырғызып, скотчпен байлап тастаған. Содан кейін өздерімен бірге алып келген «болгарканы» сөмкеден шығарып, сейфтің есігін кесе бастаған. Бірақ металл икемге келмепті. Мен келгенше олар үйде 20 минуттай болған. Мен оған дейін дәріханаға дәрі-дәрмек алып келуге шығып кеткен едім, - деп мазасыздана еске алады сол қорқынышты күнді сұхбаттасушым.  

- Үйге кірген кезде, маған кезелген тапаншаның аузын көрдім. Қылмыскерлердің бірінің қолында «багай» (шеге суырғыш, сейф бұзушылардың әйгілі құралы – М.С.) болды. Екіншісі тапаншаны шекеме тақап, дереу: «Ағай, айқайламаңыз, атып тастаймын!» деді. Біткен жерім осы екен деп ойладым. Сол кездегі менің қандай күйде болғанымды білсеңіз. Күтпеген жерден үйіңіздің ішінде сізге тапанша кезелсе, ал жақын адамдарыңыздың өміріне қауіп төніп тұрса, әліңіз кетіп, бойыңызды үрей билейді. Мен кішкентай немерелерімді ойлап, неліктен сондай бейқам болдым, неге аулаға бақылау камерасын орнатпадым, қарауылдайтын ит асырамадым екен деген сияқты жалт еткен ойлар кешігіп жетті.

Қолында тапаншасы болған жігіт «Ақшаны шығар!» деп бұйырды. Мен сейфті ашып, оларға ішінде жатқан 7 мың долларды бердім. Мен хабарлаған белгілер бойынша криминалистер күдіктілердің фотороботын жасап, сейфтен олардың саусақ таңбаларының ізін алды. Үш тәуліктен кейін мені оларды тануға шақырды. Құлсары қаласында жедел әрекет ету арнайы жасағы сарбаздарының қатысуымен екі қылмыскерді ұстапты. Олардың бірін таныдым, маған тапанша кезенген сол адам еді. Тағы екі күннен соң Атыраудан басқа екеуін ұстады. Олардың ішінен екіншісін таныдым. Ол қолына «багай» ұстаған жігіт еді. Оған жақындаған кезде ол көз жасын сүртіп, менен кешірім сұрады. Мен оған «Кешірмеймін. Сен мені өлтіруге келдің ғой!» дедім.

Кәсіпкер «АЖ» тілшісіне санаулы тәулікте осынау қарақшылық шабуылға қатысушылардың барлығын іздеп тауып, ұстаған облыстық ІІД криминалдық полиция басқармасы қызметкерлерінің есімін атады. Олар жедел уәкілдер Артур ДОСАХОВ, Атиғолла ҚҰБАШЕВ, Руслан БАЙТЕНОВ, Руслим ЗҰЛҚАШЕВ және криминалист Ардақ САБИРОВ. Біз аталмыш полицейлермен хабарластық, олар тергеу құпиясына сілтеп, комментарий беруден бас тартты.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

5 мамыр 2017, 09:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.